Kyzylorda-news.kz. «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының Төрағасы Нұркен Бақытбекұлының төрағалығымен аумақтық филиалдар жанындағы кеңестердің жұмысын күшейту бағытында жұмысшы топтың отырысы өтті. Оған ZOOM бағдарламасы арқылы аумақтық Партиялық бақылау комиссиясының төрағалары мен мүшелері қатысты.
Жиында комиссия төрағасы аумақтық Партиялық бақылау комиссияларының жұмысына қатысты жүргізілген талдау қорытындысын танысытрып, жұмысты жетілдеруге қатысты ұсыныстарын айтты.
«Партиялық бақылау бекеттерінің жұмысы мен мониторинг топтардың жұмысын жетілдіруіміз керек. Соның ішінде Партиялық бақылау бекетінің бақылауында болған нысандарда жобадан ауытқу, сапасыз, стандартқа сай емес құрылыс материалдарын пайдалануы және Үкіметтің қаулысына сәйкес жергілікті тұрғындарды жұмысқа алу мәселелері бойынша заңсыздықтарды анықтау, жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуы, мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуы, аймақтық бағдарламалардың орындалуына бақылау жасалу керек. Осы бағыттағы анықталған кемшіліктер нақты айтылып, оны орнына келтіруде ұсыныстар берілу керек»,- деді партияның облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлы.
Жиында комиссия төрағасы сонымен қатар мониторинг жұмыстарын ақпараттандыру бағытындағы жұмыстарға да тоқталып, халыққа мониторингтік топ мүшелері тарапынан анықтаған кемшіліктер, жұмыстың қарқыны, жұмыс жасап жатқан бригадалардың жеткіліктілігі, пайдалануға беру мерзіміне үлгірімі, жұмыстың қанша пайызға орындалғаны, мердігер, жұмысшылар тарапынан берілген ұсыныстар да ашық айтылып отыру керектігін атап өтті.
