Kyzylorda-news.kz. "AMANAT" партиясы облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов Шиелі ауданында жұмыс сапарымен болып, партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан жол, білім нысанының, сонымен қатар «Руханият» орталығының құрылыс жұмыстарымен танысты.

Партия төрағасы алдымен кенттегі күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Шәкәрім көшесіндегі жолдың сапасын көрді.

Жалпы кентте орталық 9 көшеге күрделі жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, кент ішілік 49 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Жоғарыда айтылған Шәкәрім көшесінің ұзындығы 2900 метрді құрайды. Жол жөндеу жұмыстарына 1 млрд 421 млн теңге мемлекеттен қаржы қаралған. Мердігер мекеме «Қызылорда Жолдары» ЖШС.

Әрі қарай төраға Иіркөл ауылдық округі, Жансейіт елдімекеніндегі 100 орындық білім нысанының құрылыс сапасын көрді. Білім ордасының құрылыс жұмысына партиялық бақылау бекеті орнатылып, партиялық бақылауға алынған. Қазіргі таңда іргетасы қаланып жатыр. Келісім бойынша жыл соңына дейін аяқталу керек. Құрылыс басында 20 жұмысшы еңбек етуде. Жергілікті әкімдік пен мердігер мекеме өкілдерінің айтуы бойынша жергілікті жерден тағы 20 -ға жуық азамат жұмысқа тартылмақ.

Мұнан соң партия филиалының төрағасы «Руханият» орталығының құрылыс жұмыстарын көрді. Бұл нысан аймақ басшысының бастамасымен қолға алынуда.

Әрбір әлеуметтік нысанның құрылыс жұмыстары қарқынын бағамдаған партия филиалының төрағасы халық игілігіне бағытталып отырған жұмыстарда ар мен ұят бірінші орында болуы керектігін тілге тиек етіп, құрылыстың сапасына аса мән беруді тапсырды.

Сонымен қатар партияның облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов Жаңақорған ауданына барды. Жұмыс сапары барысында аймақ басшысының бастамасымен кент орталығында салынып жатқан «Оқушылар үйі» мен «Руханият» орталығы құрылысының барысымен танысты.

«Ипподром» мөлтек ауданында 200 орынға шақталған оқушылар үйінің құрылысы өткен жылы желтоқсан айында басталған. Мұнда қосымша 50 орын өнер мектебіне арналып отыр. Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүруде. Жоспар бойынша қазан айында аяқталуы тиіс. Мердігерлер уақытылы бітіретіндіктерін айтып отыр. Ал «Руханият орталығы» жыл соңына дейін толықтай аяқталып, пайдалануға берілмек.

Құрылыс жұмыстары қарқынын көзбен көрген филиал төрағасы құрылыс сапасы аймақ басшысының да, «AMANAT» партиясының да қатаң бақылауында екенін айтып, мерзім қумай, сапаға мән беруді тапсырды.

Тағы да оқыңыз: