Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өткен жылы партия филиалымен атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баспасөз конференциясын өткізді.
Жалпы, партияның халық алдындағы ең басты міндеті – Сайлауалды бағдарламасының мүлтіксіз орындалуы. Есепті мерзімде өңірде Сайлауалды бағдарлама 91,4 пайызға жүзеге асқан. Яғни, Жол картада жоспарланған 116 іс-шараның 106 орындалып, 6-ы жұмыс барысында.
Атқарылған жұмыстардың бірқатарына тоқталып өтсем, 2024 жылға елді мекендерді газбен қамтамасыз ету деңгейін 74% жеткізу жоспарланған болатын. Алайда жергілікті әкімдікпен бірлескен жұмыстар нәтижесінде өңірде 15 елді мекен көгілдір отынға қосылып, елді мекендерді газбен қамтамасыз ету деңгейі 78% жетті. 866,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның ішінде Қызылорда қаласында жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға 123 пәтер тапсырылды.
Спорт саласы бойынша 4 нысан пайдалануға берілді. Халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қарқыны өсіп, 1000 адамға шаққанда 46,2%-ға жеткізілді.
Білім саласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 900 орындық, КБИ мөлтек ауданындағы 600 орындық мектеп және Жаңақорған ауданының Жаңарық ауылында және Арал қаласында 300 орындық 2 жайлы мектеп табысталды. Сонымен қатар Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі ауданы Шиелі кенті №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді.
Денсаулық сақтау саласы бойынша Облыстық қан орталығы, ауылдық елді мекендерде 9 дәрігерлік амбулатория және 2 фельдшерлік-акушерлік бекет пен Арал ауданы Сексеуіл кентінде 40 төсек орынға арналған ауылдық аурухана ел игілігіне табыс етілді. Бұл жұмыстар биыл да жоспарға сәйкес жүргізілетін болады»,- деді Алмасбек Есмаханов.
Сондай-ақ, есепті мерзімде өңірде 1 аудан, 38 ауылда әкімдер сайлауы өтіп, онда «AMANAT» партиясынан ұсынылған 38 үміткер жеңіске жеткен.
Партиялық бақылау комиссияларының аймақтық және аумақтық деңгейлерде 117 отырысы өтіп, оларда көтерілген 543 ұсыныстың 398-і орындалған. Жол картасында көрсетілген 76 нысанға партиялық бақылау бекеттері орнатылып, бүгінгі күні 60-ы пайдалануға берілген. Партиялық бақылау комиссияларынан бөлек барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракциялардың жұмысы жаңа жолға қойылған. Есепті кезеңде мәслихаттардағы фракциялардың 60 отырысы өткізіліп, фракция мүшелерімен тиісті органдарға 768 депутаттық сауал жолданған.
Сонымен бірге түрлі мәселелер бойынша нақты практикалық шешімдерді әзірлейтін диалог алаңдарына айналған партия жанындағы Кеңестердің 155 отырысы өтіп, оларда қаралған 302 мәселе бойынша 783 ұсыныс тиісті органдарға жолданған.
Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 6904 арыз-өтініш түсіп, олардың 5141 (77,4%) оң шешілген. 1 763 өтініш бойынша заңнамалық түсіндірмелер мен құқықтық кеңестер берілген.
Брифинг барасында партия филиалының төрағасы Мобильді қабылдау жұмыстары бойынша да атап өтті.
«Партия үшін әрбір азаматтың өтініші маңызды. Осы орайда шалғай елді мекендер тұрғындарының өзекті мәселелерін оңтайлы шешу үшін өткен жылы 14 елді мекенде мобильді қабылдау өткізу жоспарланған болатын. 14 ауылда өткен мобильді қабылдаулар барысында 189 мәселе қаралып, 89-ы оң шешілді (47%) 49 мәселе бойынша нақты кеңес берілсе, 51 мәселе бойынша жұмыс жасалып жатыр»,- деді Алмасбек Есмаханов.
Есепті кезеңде партия филиалымен атқарылған жұмыстар бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында 6030, әлеуметтік желілерде 21 194 материал жарияланған.