Kyzylorda-news.kz Аумақтық коалиция мүшелері "AMANAT" партиясының белсенді мүшелерімен кездесті. Онда жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары кеңінен түсіндіріліп, реформаның қоғам дамуындағы ықпалы талқыланды.
Кездесуге аумақтық коалиция жетекшісі Ержан Әжікенов, коалиция мүшелері Мұса Келдібаев, Жұмабек Ембергенов, Ақтөре Ибрагимұлы қатысты.
Келелі кездесудің негізгі мақсаты – жаңа Конституция жобасының мазмұнын таныстырып, ұсынылған өзгерістердің бағыт-бағдарын және маңызын түсіндіру.
Коалицияның мүшелері сөз алып, Конституциялық реформаның мазмұнына жеке-жеке тоқталды. Олар билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту секілді бастамалардың маңызын түсіндірді. Коалиция мүшесі Жұмабек Ембергенов Конституциялық реформалардың негізгі басымдықтарына тоқталды.
– Жаңа Конституция жобасында әрбір азаматқа жақын Әділетті Қазақстан, Заң мен Тәртіп, Адал азамат, Таза Қазақстан сынды қастерлі құндылықтар айқындалды. Оның негізгі ұстанымы анық әрі түсінікті: адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін. Конституция ұлттық мәдениетті сақтауға және тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттауға тікелей кепілдік береді, – деді коалиция мүшесі Жұмабек Әшімұлы.
Партия белсенділері алдағы референдумның мәні мен маңызын терең түсінетінін, жаңа Конституцияны қолдауға және Қуатты, Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның жарқын болашағына үлес қосуға дайын екенін айтты.

