Kyzylorda-news.kz. 25 қазан - Республика күні мерекесі қарсаңында партия белсенділері «AMANAT» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі және партия Төрағасы, Ерлан Жақанұлы Қошановтың «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
«Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталғандар қатарында партия ардагері, «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалына қарасты «РУ-6» бастауыш партия ұйымының хатшысы Серік Мүліков, партия белсендісі, «Жігер» Қызылорда облысы мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Жұмаділлаев, сонымен қатар мәдениет, білім, теміржол саласының өкілдері мен шаруашылық иелері бар.
Салтанатты шарада сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов - Республика күні біртұтас Қазақстанның берекесі мен бірлігінің, баршамыздың туған елімізге деген шексіз сүйіспеншілігіміз бен адал ниетіміздің нәтижелі нышаны екенін атап өтіп, марапат иелерін құттықтады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 25 қазан - Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі беріліп, соңғы жылдары кең көлемде тойлануда. Президентіміздің саяси шешімі егемендікке арқау болған Декларацияны қабылдау туралы тарихи құжаттың маңызын арттырып, Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіткені анық. Өз кезегінде тарихи және идеологиялық мәні мен мазмұны терең айтулы күннің еліміздің бүгіні мен ертеңіне адал қызмет жасайтын, елеулі істер мен ізгі бастамаларды жалғастыратын барша жерлестеріміздің отаншыл рухын оятып, сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастыратыны да сөзсіз. Ендеше еліміз бен киелі құтты мекен Сыр өңірінің өсіп, өркендеуіне әрбіріңіздің лайықты үлес қосатындарыңызға сенім мол», -деді филиал төрағасы.
Өз кезегінде сөз алған «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісінің иегері Жалағаш аудандық филиалына қарасты «Аққұм» бастауыш партия ұйымының төрағасы Гүлжайна Айтжанова «бұл бізге емес, бастауыш ұйымның ортақ жұмысына берілген баға»,- деп атап өтті.
«Мен өте қуаныштымын. Қай қоғамда болмасын таза, адал жұмыс елеусіз қалмайды. Бүгінгі төсбелгі менің ғана емес, бастауыш ұйым мүшелерінің ортақ жұмысының игілігі. Бастауыш ұйым –партия тірегі. Сондықтан бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Алдағы уақытта да партияның алға қойған міндеттерін, соның ішінде сайлауалды бағдарламамыздың орындалуына бар күш жігерімізді жұмсайтын боламыз», - деді Гүлжайна Айтжанова.
Салтанатты шара барысында 10 партия белсендісі «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталса, 12 азаматқа «Құрмет» грамоталары табысталды.