Kyzylorda-news.kz. Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Жанерке Жақсылық партия алаңында қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдауға келушілер дәріхана және процедуралық кабинет ашу, дәрі-дәрмектер бағасына байланысты өтініш-тілектерін білдірді.
Ж.Жақсылық өз кезегінде мәселелер бойынша заңнама аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Дәріханалар өз мүмкіндігіне қарай дәрі-дәрмек бағасын шекті мәннен төмен ғана қоя алатыны түсіндірілді. Яғни, ешбір дәріхана ҚР ДСМ бұйырығы негізінде бекітілген шекті бағадан асыра алмайтыны айтылып, егер ондай заңбұзушылықтар анықталған жағдайда 23-40-36 телефон нөміріне хабарласып, департаментке шағымдану мүмкіндігі бар екендігі түсіндірілді. Бағаның шекті мәнін «Дәрі.кз» сайтына кіріп, анықтауға болатыны айтылды. Мұнан бөлек дәріхана ашу заңдылықтары да түсіндірілді.
Сонымен қатар, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Руслан Ибрагим қабылдау өткізді.
Қабылдау барысында қала тұрғындары Қызылорда-Жезқазған тас жолының аяқталу уақыты және әуежайдың жаңа терминалының құрылыс барысы жайлы сұрақтарын алға тартты.
Р. Ибрагим автомобиль жолдарын жөндеу және жаңадан салу жұмыстарына тоқталып, қазіргі таңда Қызылорда-Жезқазған күре жолындағы жөңдеу жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатқанын жеткізді.
Жаңа әуежай терминалының құрылысы аяқталып, жақын уақытта қолданысқа беру күтілуде екенін және 4 маусымнан бастап Түркияның Анталия қаласына тур агенттік мекемелер арқылы чартерлік рейс ашылылп, аптасына екі рейс жүргізілетіні түсіндірілді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың маусым айынан бастап «Fly Arystan» әуе компаниясымен Ақтау қаласына аптасына 2 рет тұрақты рейс ашылады. Алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар рейстер ретінде Қызылорда-Көкшетау, Қызылорда-Ақтөбе және Қызылорда-Қарағанды рейстерін ашу жоспарланып жатқаны да хабарланды.

