Kyzylorda-news.kz. Бүгін «Amanat» партиясы Қызылорда облыстық филиалының партия алаңында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қызылорда қаласындағы Өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Ләззат Темірова қабылдау өткізді.
Қабылдауына келген тұрғындар екінші деңгейлі банктердегі несиелері мен микроқаржылық ұйымдардағы займдар бойынша өтініштерін білдірді.
Ләззат Болатқызы азаматтардың өтініштерін назарға алып, заңнамалық тұрғыда кеңес берді.
Мәселен, несиесін төлеу күні зейнетақысын алу күнінен бұрын болуына орай ай сайын төлемді кешіктірулер болып жатқанын айтып келген тұрғынның мәселесі бойынша Несие беруші банкпен келіссөздер жүргізіп, ай сайынғы төлем уақытын зейнетақы төлеу уақытымен теңестіру бойынша жұмыстар жасалатын болды. Тұрмыстық жағдайының төмендігіне орай микроқаржылық ұйымдағы займын жаба алмай отқан тұрғынға қаржылық ұйымға жазбаша өтініш білдіріп, әлеуметтік категориясы мен тұрмыстық жағдайын растайтын құжаттарды тіркеу қажеттілігі төңірегінде кеңес берді.
Тұрғындар тарапынан көтерілген барлық ұсыныстар партиялық бақылауға алынып, жұмыс жасалатын болады.

