Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңестің отырысы өтті.
Жиынға партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, аймақтық кеңес төрағасы Бақдаулет Мақашов қатысты.
Отырыста Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асырудағы міндеттер, партияның Сайлауалды бағдарламасындағы ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, жаңа және пайдаланылмайтын жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу, пайдаланылмаған жерлер мен жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтаруды үйлестіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, сонымен қатар сайлау уақытында сайлаушылардан түскен ұсыныстардың орындалу барысы жан-жақты талқыланды.
Мәжілістің күн тәртібіне ұсынылған мәселелер бойынша Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, заң ғылымының магистрі Еркемай Саниязова, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рысбек Шайхиев және партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Нұрлан Абдукаримов хабарлама жасады.
Облыста ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, жаңа және пайдаланылмайтын жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу бойынша ағымдағы жылға 69,0 мың гектар жер жоспарланған. Бүгінгі күнге жоспар 102 пайызға орындалып, 70,3 мың гектар жер айналымға алынған.
«Жер аманаты» партиялық жобасы аясында заңсыз берілген немесе пайдаланылмаған жерлер мен жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтару бойынша өңірде 60 мың га жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып, бүгінгі күнге 64,5 мың га жерлер қайтарылып отыр.
Жиында хабарлама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рысбек Шайхиев: облыс бойынша 2022-2025 жылдары мемлекетке көлемі 524,7 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Қайтарылған 524,7 мың га жерлердің 93,6 мың га қайта айналымға енгізілді, - дейді.
Отырыс барысында партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова көтерілген мәселелерге сәйкес кеңестің жұмыс жоспарының нәтижелі әрі мерзімінде орындалуын үйлестіру қажеттігін атап айтты.
Жиынға қатысушылар талқыланған тақырып бойынша ұсыныстарын білдіріп, алдағы уақытта атқарылуы тиіс мәселелерді пысықтады.