Kyzylorda-news.kz Өзі тұратын аймақты, қоршаған ортаны қорғап, таза ұстау – әр адамның ішкі мәдениетінің белгісі. Ал игі шараны тұтас ел болып ұйымдастыру – табиғатқа деген жанашырлық, экологиялық жағдайды жақсартудың бірден бір жолы. Биыл да Қызылорда облысындағы Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы РММ-де "Парктер шеруі" акциясы аясында жүйелі жұмыстар қолға алынды. 

Елімізде жыл сайын наурыз айынан бастап қорықтар мен ұлттық парктерде, резерваттарда "Парктер шеруі" экологиялық акциясы тұрақты түрде өткізіледі. Инспекторлар ерекше қорғалатын аумақтағы өсімдіктер мен "Қызыл кітапқа" енген жануарлар жөнінде дәріс өткізумен қатар, қоршаған ортаны тазартып, көпшілікті көгалдандыру жұмысына атсалысуға шақырады. 

Акцияның мақсаты – жергілікті тұрғындар мен мемлекеттік органдардың бірлесіп табиғатты қорғауы, осы бағыттағы өзекті мәселелерді шешуге үлес қосуы.

Халқымыз қашанда табиғат сыйын аялай біліп, ысырап пен ашкөздікке жол бермей, обал мен сауапты ойлаған. Жаратушы берген нығметті бағалап, себепсіз көкті жұлмаған, жануарға тиіспеген. Жылу мен жер, су тірліктің бастауы деп біліп, көктем шығысымен бұлақтың көзін ашқан. 

Ал халықаралық акцияның шығу тарихына тоқталсақ, 1840 жылы АҚШ-та ағаш егу күні ретінде басталған шара 1882 жылы мемлекеттің ресми мерекелерінің қатарына енді. 1970 жылдан бастап "Жер күні" мерекесі болып өзгерді. Қоғамды игі іске жұмылдырып, табиғатты аялауға шақыратын акция 1990 жылдың 22 сәуірінен бастап "Парктер шеруі" деген атауға ие болды. Әлем бойынша бір мезгілде ұйымдастырылған ағаш отырғызу акциясына 141 мемлекеттен 200 млн адам қатысқан. 

Еліміз "Парктер шеруі" акциясына 1997 жылдан бастап қосылды. "Табиғатыңды таза ұста!" деген ұранмен өткен жалпыхалықтық шараның жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп, мектеп оқушысынан бастап зейнеткерге дейін атсалысатын игі бастамаға айналды. Расымен де наурыз айы туысымен ауыл-аймақ, мегаполистерде тазалау, көгалдандыру жұмыстары ерекше қарқын алады. Ал білім беру ұйымдарында экологиялық бағыттағы тәрбие беру жұмыстары, байқаулар жиі өткізіледі. Бұл – жас ұрпақтың танымын кеңейтіп, ізгілік пен сүйіспеншілікке баулитын шара. 


Фото: egemen.kz

Тағы да оқыңыз: