Kyzylorda-news.kz   «Отан – отбасынан басталады» демекші, отбасын құрып, шаңырақ көтеру – әр адам үшін жауапты әрі маңызды қадамның бірі. Әр отбасы өз алдына жеке шағын мемлекет. Отбасын құру үшін ең алдымен әйелге де, ер азаматқа да үлкен жауапкершілік қажет. Себебі ер адам білдей бір отбасының асыраушысы, тірегі болса, әйел сол отбасының түтінін түтететін шаңырағының берекесі. Елімізде биылғы жылдың басынан бері 40 мың жаңа отбасы құрылған. Неке саны бойынша Алматы, Астана және Шымкент қаласы көш бастап тұр. Өкінішке орай, ажырасу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері 8,8 мың отбасы ажырасып үлгерген. Ең алаңдататыны Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде екінші орын алады.

  Қоғам арасында ажырасудың басты себебінің бірі – жастардың дайындықсыз отбасын құрып, үлкен өмірге қадам басуы. Бұдан бөлек ажырасудың негізгі бірнеше себептері бар: ер немесе әйелдің ішімдікке салынуы, күйеуі не әйелі жұмыссыз, жұбайлардың өмірге деген көзқарастары сәйкес келмеуі, материалдық қиындықтар, балалы бола алмау, тағысын тағы. Соңғы уақытта қазақ отбасында ажырасу үйреншікті жағдайға айналып келе жатқандай. Заман қарыштап дамып, өзгерген сайын адамдардың, жалпы қоғамның көзқарасы мен құндылықтарға деген қарым-қатынасы өзгереді. Бұл – бұлтартпас шындық, факт. Себебі заманға сай адам психологиясы өзгереді, бір қалыпта тұрмайтыны анық.  Соған сәйкес адамның қарым-қатынасқа деген көзқарасы да өзгереді. Ал біздің қазақы менталитетімізге отбасы құндылықтарын бірінші орынға қою, отбасы ұйытқысын сақтау сынды нәрселер сіңіп, ата-баба дәстүрі мен салты бойынша «ажырасу» ұғымы – «табуға» айналған. Осыдан біраз жылдар бұрын ажырасуға бару – үлкен күнә, қылмыс я болмаса ерсі қылық ретінде қабылданатын еді. Гендерлік құқық заңнамасы қабылданған соң, әйелдер құқығы қоғамда айқын көрініс таба бастағаннан кейін ажырасу фактісі де көптеп тіркеле бастаған. Оның басты себебі – әйелдердің өз-өздерін қамтамасыз ете алатындай дәрежеге жетуі, ер адамның атқаратын жұмысын теңдей дәрежеде істей білуі.

   – Қазіргі таңда отбасын құруға ұлттық немесе қандай да бір басқа әлеуметтік тосқауыл жоқ. Болашақ отбасын құруда ерлі-зайыптылардың жас ерекшелік дайындығы ғана емес, олардың психологиялық даярлығы да маңызды рөл атқарады. Бүгінде Сырдария аудандық отбасын қолдау орталығының мамандары отбасылық қолайсыздық профилактикасы саласындағы өкілеттіктерді іске асыруды қамтамасыз ету, сонымен қоса отбасының маңыздылығы мен жауапкершілігі тақырыбында аудан көлемінде отбасыларға арнайы түсіндірме жұмыстары, үгіт-насихат жүргізіп, іс-шаралар ұйымдастырып, үнемі халықпен тығыз байланыста  болуды басты назарда ұстаймыз. Одан бөлек орталықта медициналық, құқықтық, әлеуметтік, психологиялық кеңестер беріледі, –  дейді Сырдария аудандық отбасын қолдау орталығының психолог маманы Аида Маханбетова.

    Жаңадан отбасын құрып, енді ғана отбасылық өмірге қадам басқан жас отбасылардың арасында біраз түсініспеушіліктер болатыны сөзсіз. Ал менің ойымша, ол қалыпты жағдай. Ондай жағдайда екі жақтан да бірден ашуға берілмей, барынша сабыр сақтап, ақылмен шешу керек деген ойдамын. Отбасын сақтау үшін ер мен әйелдің жанұядағы өзінің рөлін, жауапкершілігін білуі қажет. Бұл туралы Алла Елшісінің (с.а.с.) бір хадисінде: «Жұбайларыңның сендердің алдарыңда белгілі міндеттері болғаны секілді, сендердің де олардың алдында атқарар міндеттеріңнің бар екенін ұмытпаңдар. Олардың міндеті – жарына адал болу және сендер қаламаған адамды босағадан аттатпауы. Ал сендердің міндеттерің – оларды киім-кешек және ас-ауқатпен қамтамасыз ету». Асыл дінімізде де осылай ер мен әйел арасындағы өз міндеттерін, бір-біріне деген қандай жауапкершілік бар екенін түсіндіріп өткен.

   Шындығында отбасын сақтап қалам деген ер мен әйелдің арасында жақсы бір тартылыс күші болуы керек секілді. Оның себебі, екеуінің арасында күшті бір сезім де, тартылыс та болмаса ол отбасы ұзаққа бармайды. Сол себепті неке қиып, отбасылы болар алдын «Жеті рет өлшеп, бір рет кесетіндей» ақылға салып шешу керек. «Бұл расында менің адамым ба?», «Не себепті дәл осы адам?», «Мен бақытты етіп, бақытты бола аламын ба?» деген сияқты сауалдарды өз-өзімізге қоя білу керек деп санаймын. Сонда ғана ер адам болсын, әйел адам болсын ойланып барып шешім қабылдайды. Негізі отбасын сақтап қалу үшін дінімізді жіті зерттеп, салт-дәстүрді оқып қарасақ өте көп құнды мәліметке қанық боламыз. Дегенмен бақытты отбасылық өмірді сырттан келіп, бөтен  біреу жасап бермейді. Бізге берілген қысқа ғана ғұмырда қателесіп, сан соғып қалмау үшін отбасын құру үлкен жауапкершілік екенін тереңнен түсіну керек секілді.

Тағы да оқыңыз: