Kyzylorda-news.kz Бүгінде қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық. Құқық қорғау органдарында оған қарсы күрес жүргізетін арнайы бөлімдер жұмыс істейді. Қалыпты өмір ырғағын бұзатын жағымсыз әрекеттерге заңмен тосқауыл қойылатынын әркімнің білуі маңызды. Тіршіліктің тірегі болған әйел теңдігін, табиғатынан қамқорлықты қажет ететін нәзік жандылардың құқығын қорғау қай қоғамда болсын басты мәселе болып саналады. Соған қарамастан әйелдер қауымының көбісі отбасында, одан бөлек кездейсоқ жағдайындағы озбырлыққа ұшырауда.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алумен оны тоқтату мәселесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазаны қатайтуға заңға қол қойған-ды. Бұған дейін көп жағдайда жәбірленушілердің арыз жазудан бас тартуына байланысты үй тирандарына қатысты шара қолдану қиынға соғып келді. Енді әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылып, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық болып танылады. 
Жақында аудандағы Отбасын қолдау орталығында аудандық сот, аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімі және аудандық отбасын қолдау орталығы қызметкерлерінің қатысуымен мәжіліс өтті. Жиында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар талқыланып, олар бойынша әрбір органмен құзыреттілік шегінде атқарылуы тиіс жұмыстар пысықталды. Мамандарға тиісті заң аясында сұрақтар қойылып, жауап алынды.

Мұнан соң тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты ықпалдасу және кеңесу тәртібінде атқаратын іс-шаралар, оның ішінде отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамның жүріс-тұрысына ерекше талаптар белгілеу кезінде психологиялық көмек көрсету шараларын жүргізуге қатысты төрт жақты меморандум жасалды.

 

Тағы да оқыңыз: