Kyzylorda-news.kz. Қасым-Жомарт Тоқаев «Отбасын қорғау жөнінде толыққанды бағдарлама әзірлеуіміз қажет» деген болатын. Расында мемлекеттің құраушысы отбасы екендігі даусыз. Ондағы отбасы мүшелері қоғамның өркендеуіне үлес қосушылар. Олай болса оларды отбасы мүшелерінің құқығын қорғау бірінші кезекте тұрады. 

Елімізде неке және отбасы қатынастарын мемлекеттік қорғау және қолдау мақсатында 1998 жылы 17 желтоқсанда «Неке және отбасы туралы» Заң қабылданды. Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес: отбасы дегеніміз - некеден, туыстықтан, дүниеге бала әкеліп, оны тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын өзара жәрдемдесуге тиісті адамдардың тобы. Біздің елімізде неке ер мен әйелдің арасында пайда болады.

Халықаралық құқықтағы неке және отбасы қатынастарын реттейтін нормалар қатарына «Адам құқықтары туралы» Жалпыға бірдей Декларация, «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарды қорғау туралы» Халықаралық пакт, «Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық қатынастар және құқықтық көмек туралы» 1993 жылғы 1 қаңтардағы Минск Конвенциясы, Қазақстан Республикасы заңымен 1999 жылғы 30 желтоқсанда ратификацияланған «Шет елден алимент өндіріп алу туралы» 1962 жылғы 5 қыркүйектегі Конвенция, «Некеге тұруға келісім беру, неке жасы және некеге тіркеу туралы» 1966 жылғы халықаралық Конвенция, сонымен бірге, 1966 жылғы «Азаматтық және саяси құқықтары туралы» пактінің факультативты протоколы, «Бала құқығы туралы» 1959 жылғы халықаралық Декларация, Біріккен Ұлттар Ұйымының 1959 жылғы «Балалар құқығы туралы» Конвенциясы, «Балалар құқықтарын қорғау және халықаралық бала асырап алу туралы» 1993 жылғы 29 мамырдағы Халықаралық Конвенция жатады. Қазақстан Республикасы осындай көптеген конвенцияларды мойындап, осы бағыттағы халықаралық ұйымдарға мүше болып табылады.

Заман дамып, адамның санасы өзгерген сайын, қоғамдағы көзқарастар да, оларға қойылатын критерийлер де көбейеді. Адами құндылықтар, олардың бағалары, жеке жанның психологиясы өзгеріске ұшырайды. Бұл – факт, бұлтартпас шындық. «Адам өзгермейді дегеннің тілін кесем» деген жоқ па еді, хакім Абай?!

Жақында ғана ғаламтор желісінен қызықты статистиканы көрдім. Әлем бойынша әр 13 секунд сайын бір отбасы ажырасады екен. Ал республика бойынша күніне орта есеппен 150 неке бұзылады. UNSTAT мәліметтеріне қарағанда неке коэффициенті бойынша Қазақстан БҰҰ елдері арасында 16 орында тұр. Иран, Ресей, Албания, Тәжікстан мен Мысыр елдерінен кейін орналасқан. Ажырасу коэффициенті бойынша 24 орынға тұрақталыпты. Еуропа елдері ішінде бірінші қатарға Бельгия, Португалия, Венгрия елдері орналасқан. Бұндай статистиканың мәні неде? Неліктен жас отбасылар арасында ажырасу көп? Олардың қалай алдын алуға болады?

Жалпы біздің менталитетімізде отбасы құндылықтарын бірінші орынға қою, оларды сақтау өте маңызды. Ата-баба дәстүрі мен салты бойынша «ажырасу» ұғымы – табу. Яғни, осыдан біраз бұрын ол үлкен күнә, ұят нәрсе ретінде саналған. Гендерлік құқық негізінде ер адам бірінші орында тұрды. Уақыт өте келе әйел адамдар өздерін қамтамасыз ете алды және феминизм қалыптасып, ажырасу саны белең алды.
Ажырасу – қазіргі таңда әлеуметтік мәселеге айналып, тіпті, қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастады. Кез келген оқиғаның ушығуы қоғамдағы орта көзқарастың тууына әкелетіні сияқты ажырасу да сондай қалыпқа жетті.

Ажырасу күйзеліс, қайғы, психологиялық ауытқу кезегінде адам өлімінен кейінгі екінші орында тұр. Бұл ауыр әрі қиын, кейде өмірді қысқартатын өмірлік тәжірибе ретінде қарастыруға болатын жағдай.

Ажырасу санының өсуіне әсер ететін бірнеше факторларды атауға болады. Олардың бірі ретінде елдің экономикалық дамуы мен қоғамның әл-ауқатын көрсете аламыз. Екі жастың үлкен өмірге дайындықсыз қадам басуы – ел арасында тараған ең көп пікір. Заманауи ортада әйел адамның құқықтары, жеке көзқарастары әлдеқайда жақсы қалыптасқан. Жылдар бойы күйеуінің айтқанына көніп, оқуды, мансап жолын ұмытқан әйел адамдар үшін қазіргі таңда көп мүмкіндік бар. Олардың эгоцентристік көзқарастары басым түсуде. Жалпы әйел адамның ғана емес, барлық жанның да эго көзқарасы биік. Бұл дұрыс емес деп те ешкім айта алмайды. Себебі басқаша жағынан қарасақ, бір-біріне мінездері, жеке ойлары, өмірлік құндылықтары сәйкес келмейтін екі жанды бірге ұстау мүмкін емес. Көптеген ажырасқан жұптардың сөздеріне сүйенсек ажырасқан соң олар ашу, ыза, айғай-шу, реніш дегендерді мүлдем ұмытқан.

Бұл мәселеде тек қана бір факторды кінәләуға болмайды. Шын мәнінде себеп өте көп. Әр адамның басында жеке қиындықтары болады. Сол себепті елімізде жалпы сауалнама болып, нәтижесінде ажырасудың басты себептері мыналар болған: тұрмыстық зорлық-зомбылық; ер немесе әйел адамның ішімдікке немесе есірткіге салынуы; күйеуінің немесе әйелінің жұмыссыздығы; жұбайлардың өмірге деген жеке көзқарастарының әртүрлілігі; некенің есеппен болуы және сәйкесінше екі жастың бірін-бірі жақсы көрмеуі; көзге шөп салу; материалдық қиындықтар және соңғысы бедеулік.

Бұл ең басты себептер. Бұнымен қатар ата-енемен сыйыспау, туысқандармен жақын араласпау секілді себептерді де айтуға болады. Күйеуінің анасының айтқанынан шықпауы, жеке көзқарасын білдіре алмауы көп жағдайда әйел адамның ашуын туғызады. «Екі жастың арасына есі кеткен түседі» демекші, арадағы жастар мәселесіне араласатын ата-аналар да ажырасудың кеңінен таралған себебі.

Алып қашу салты да ажырасудың бөлек мәселесі. Көп жағдайда таныс емес екі жанның бас қосуы сәтсіз аяқталады. Жігіттің қызды жақын танымай тұрып, сырттай жақсы көріп ұнатуынан алып қашуы – қылмыс есебіне жатқызылғаны дұрыс. Себебі ол өзінің ғана емес, өрімдей жас қыздың, кейде араларындағы балаларының обалына қалуы мүмкін. Бір-бірін танымай, тек бет әлпетінің әдемілігіне қарап тұрмыс құру – әйел адамның мойнына артылған жүк. Ажырасқан күнде көп ер адам отбасын тастап кететіні өтірік емес. Ол тек қана алып қашқан отбасында ғана емес, сонымен қатар ерекше балалы отбасыларда да көп кездеседі. Баланың ерекше болып туылуы, оның еміне қаражаттың табылмауы анасының мойнында болады. Ер адам тез қажып, ана жүректің мейірімділігі ғана балаға қолдау болатыны рас. Соның салдарынан қазіргі таңда балаларын алиментсіз, жалғыз өзі асырап жүрген аналар көп.

Қарым-қатынасты әу бастан дұрыс құрмау да тағы бір себеп. Өзінің жаман қасиеттерін жасырып, барынша сырт көзді алдап, отбасын құрған жандар уақыт өте келе бір-бірінен мезі бола бастайды. Немесе арада мінездің қарама-қайшылығы да орын алады. Психологтардың айтуынша, қазіргі уақытта «отбасы» ұғымына қарағанда «ерлі зайыптылардың одағы» сөзі басым болып бара жатыр. 25 жасқа дейінгі жастар қарым-қатынастың дұрыс жолдарын білмейді. Олардың материалдық қиындықтарға, өзара дұрыс шешім қабылдауға деген сабырлылықтары аз. Сондықтан 25 жастан кейін отбасы құруға кеңес береді.

Отбасының жалпы құндылықтары сақталмаған жерде ол ұзаққа бармайды. Олардың артынан ата-ана махаббатын, жылулықты сезінбеген балалары қалады. Ондай балалар психологиялық, жүйке ауруларына көп ұшырайтын, өмір қиындықтарын екі есе ауыр өткеретін болып келеді. Болашақта олардың да отбасы сондай жағдайға қалуы қаупі бары да рас.

Статистикаға сүйенсек, ажырасқан ер адамдардың қайта некеге тұру мүмкіндігі өте жоғары. Алайда 50% ер адам екінші рет отбасын құрғысы келмейді. Ал әйел адамдар екінші рет қарым-қатынасқа дайын болуы үшін шамамен 10-15 жылдай уақыт керек. Оның өзінде екінші некенің сәтті болатынына нақты кепіл жоқ.

Психологтар осы орайда ерлі-зайыптылардың бұл жағдайдың алдын алуы үшін бірнеше кеңес ұсынады:Біріншіден, қандай жағдай болса да бір-біріңізге ауыр сөздер айтудан аулақ болыңыздар. Ондай сөздер, қылықтар кешірілгенімен ешқашан ұмытылмайды.Барлық мәселелеріңізді ортақ шешімге келіп шешуге тырысыңыз. Бір-біріңізге жүктеп, жауапкершіліктен қашушы болмаңыз. Адам күнделікті жылап-сықтаудың, арыз-шағымның құрбаны болып жатырмын деп ойлаудан тез жалығады, шаршайды.Екі жақты компромиске келуге тырысыңыз.

Отбасы – ортақ шаңырақ. Кейде түсіністік танытатын, жағдайға кіретін, барлығын ой елегінен өткізетін жағдайлар болуы мүмкін. Олардың барлығы отбасыңыз үшін, жақындарыңыз бен балаларыңыз үшін жасалатынын ұмытпаңыз.Егер жұбыңызға деген өкпеңіз болса, үндемей жүре бермей, білдіртіп айтыңыз. Ішіңіздегі ойларыңызды, жартыңыздың бойындағы ұнамайын қасиеттерді, отбасылық ойларыңызды айту – жұбайлық өмірдің мәні. Әңгімесіз болған неке – иллюзия. Себебі некенің өзі ұзақ әңгімелесуден тұрады.

Жалпы ажырасуды мүлдем болдыртпау, оған заң жүзінде тоқтату дұрыс емес әрі мүмкін де емес. Алайда оған саналы түрде тоқтам қою өзіміздің қолымызда. Шын мәнінде ажырасу – сүйікті жандарыңыз үшін өзгеруден бас тарту екенін ұмытпаңыз. Барлық әдеттен арылып, мінезді өзгертуге болады. Ол үшін тек жігеріңіз мықты болсын демекпіз.

Әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заң бұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Отбасындағы жанжалдың кесірінен болатын қылмыстардың жиілеп кетуіне қоғам алаңдаулы. Зерттеулер бойынша оның басты себептерінің біріне – маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жағдайлар жатады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар мен балалар. Ал біздің мемлекетіміз үшін әйел-ана мен жас ұрпақты қорғау ерекше мәселе. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Оған өзіміз күнде куә болып отырмыз.Негізінен, қай халық та отбасындағы зорлықзомбылық туралы айтуды жөн санамаған. Әрі «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген жазылмаған «заңдарымен» бекітіп қойған. 

«Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деп үй ішіндегі дау-жанжалға араласудың орынсыз екендігін білдіреді. Әкесі шешесін ұрып-соғатынын көріп өскен ұл өзі үйленгенде күйеу болудың жөні осы деп, жұдырығын ала жүгіруге бейім болатыны да рас. Ал «баламды әкесіз етпеймін» деп төмпешке көнген ананы көрген қыз да тұрмыстағы мұндай олқылықты қалыпты жағдай деп санайды. Дегенмен оның салдары қорқынышты жағдайларға душар етіп жататыны өкінішті.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесінде ең маңыздысы – құқық бұзушыны жазалау емес, отбасын қолдау және сақтау. Жазалау шараларынан гөрі алдын алу шараларын қарастыру, құпиялылық, өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізу сияқты принциптер басшылыққа алынады. Тұрмыстық зорлықзомбылық – әкімшілік құқық бұзушылық немесе отбасылық мәселе емес, кез келген басқа зорлық сияқты қылмысқа жатады.

–Арал ауданы бойынша отбасы тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша жыл басынан бері 49 өтініш қаралып, процессуалдық шешімдер қабылданған. Оның ішінде отбасы тұрмыстық саласындағы құқық бұзушылық Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 73-бабы бойынша 37 азаматқа әкімшілік шара көрілді. Сот әкімшілік материалдарды қарау барысында 7 азаматқа қатысты жоғарыда аталған заңға сәйкес құқық бұзушының әрекетіне шектеу қойып, ерекше талаптар белгіленді. 

Аудан көлемінде әйелдер мен балалар арасындағы зорлықзомбылық іс-әрекеттерін болдырмау мақсатында «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсымыз», «Зорлықсыз әлемді қалай қорғауға болады?» атты іс-шаралар ұйымдастырылды. Жалпы ауданда мұндай жағдайлар салыстырмалы түрде алып қарасақ аз кездеседі. 

Бірақ жоқ емес, – дейді Арал ауданының полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесі, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Гүлнар Есенжолова. 

Әйелдер күш көрсетіп жатса да төзімділік танытады, жұрт алдындағы абыройын ойлап, күйеулеріне қарсы берген арыздарын да қайтып алып жатады. Отбасында зәбір көрген әр әйелге тығырықтан шығудың жолы барын, қоғамның көзқарасынан қорықпай, заң шеңберінде мәселесін шешуге талпыну керек. Үнемі жұдырық жұмсайтын күйеуіне аяушылық танытып, арызын кейін қайтарып алатын әйелдер өз өмірлерін, денсаулықтарын ойлауға шамасы келе бермейді. Тұрмыстағы жанжал ең алдымен жанұядағы баланың психикасына кері әсерін тигізеді. 

Мамандардың айтуынша, ондай отбасында өмір сүріп жатқан балалар психологиялық травмаға тап болады екен. 

– Үйде жайлы жағдайда өмір сүріп жатпаған бала көбіне жасқаншақ болып өседі. Өз ойын еркін жеткізе алмайды. Қаттырақ сөйлей бастасаң өзөзінен жайсызданып, тұтыға сөйлеп мазасызданады. Және ондай балалар өсе келе жүрегі қатайып, өмірге өкпелі болып өседі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, кейін өз өмірінде де мұндай жағдайға жол беруі мүмкін. Мен балабақшада психолог болғандықтан балалармен жеке дара жұмыс жасағанда олардың қандай отбасында өмір сүріп жатқандығын түсінемін. Олар кіршіксіз таза пейілді, сондықтан ойындағысын еш бүкпесіз айта салады. Біз ондай отбасында өсіп жатқан балаларға моральдық тұрғыдан қолдау көрсетіп отырамыз, – дейді психолог Гүлбану Әбілғазықызы. 

Көбіне зорлық-зомбылық құрбандары саналатын әйелдердің проблемасы – барлық елдер заң шеңберінде тыйым салуға талпынып жатқан үлкен мәселе, әрі жиі қайталанатын қылмыстар санатына жатады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің нақты санын дәл айту мүмкін емес. Себебі, олардың барлығы арнайы органдарға барып шағымданбайды. Әсіресе қазақ отбасындағы әйелдер зорлық-зомбылыққа төзіп жүре береді. Кейбір әйелдер, дәл сол мезетте ашуын біреуге жеткізіп алса, одан кейін кешіріммен қарап, әрі қарай өмір сүре береді. 

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керектігін айтқан болатын. Талқыланып жатқан заң жобасы тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқы сақталып, тұрмыстағы қысымды болдырмауға көмек болатыны сөзсіз. Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен дағдарыс орталықтары жұмыс істейді, ал агрессор ер азаматтармен жұмыс жүргізілмейді. Осыған байланысты біздің елімізде пилоттық жоба ретінде арнайы жоба қолға алынған. Осы бағдарлама аясында отбасындағы агрессияның пайда болуының негізгі себебі анықталып, жақындарына қол көтеріп үйренген ер адамға ашуды жеңудің әдіс-тәсілдерін үйретеді. Психолог, психотерапевт мамандар оның ызасы не себепті пайда болғанын, неге біреуді ұруға әуес екенін зерттейді . 
Негізгі мақсаты – агрессордың істеген зорлық-зомбылығының қылмыс екеніне көңіл аудартып, мойнына жауапкершілікті алуына және келешекте осындай қатыгездікке қайта бармауына ықпал ету.

– Қазір қоғамда түрлі естіген құлаққа түрпідей тиіп жататын жағдайлардың куәсі болып жүрміз. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайтыны түсінікті жайт. Бірақ сол екеудің арасындағы келіспеушілік қоғамды дүр сілкіндірер масқара жағдайға душар етіп жатыр. Оның бәрі адамдар психологиясының өзгергендігін көрсетеді. Қазір адамдар ашуды ақылға жеңдіре алмайтын дәрежеге жеткен. Бұл ұлттық тәрбиеге де қайшы. Бала санасына да кері әсерін тигізеді. Сондықтан мұндай олқылықтармен қоғам болып күресуіміз керек. Біздің Аналар кеңесі аудандағы кызкеліншектерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Көмек сұрап келген жандарға әркез өз тарапымыздан қолдау жасап жүрміз. Біздер аналар ғана емес, әкелермен де жұмыс жасаймыз. Мақсатымыз отбасы құндылығын сақтап қалу болғандықтан, ондағы әрбір мүшенің мәселесіне мән беру керек деп санаймын, – дейді аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Лаура Қолғанатқызы. 

Зорлық-зомбылық жалпыға ортақ мәселе және бұл аналардың қасіреті, бүлінген тағдырлар. Өзі құрған шаңырақ шайқалмасын десек, қыз баланың тәрбиесімен бірге, ұл баланың тәрбиесіне ерте жастан көңіл бөлу қажет. Әр жеткіншек қыз бала мен ананы сыйлауды, әйел затын қадірлеуді бала күнінен бойына сіңіріп өссе, отбасында зорлықзомбылық орын алмас еді.

Тағы да оқыңыз: