Kyzylorda-news.kz. БҰҰ Бас Ассамблеясының 1993 жылдың қыркүйек айындағы резолюциясында 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні болып белгіленген болатын. Бұл бастама әлемдік қауымдастықтың қазіргі замандағы отбасының жағдайына алаңдаушылығынан туындаған еді. Сол 1994 жылдан бастап биыл отызыншы жыл әлемде «Отбасы күні» аталып өтеді.

Қызылорда қаласындағы былтыр  пайдалануға берілген «Отбасы орталығы» негізінен шаңырақтың беріктігін сақтауда жас жұбайлардың қарым-қатынасын нығайтып, тәрбиедегі ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға қолдау танытады.  Мәселен, ынтымақ пен жарастықты нығайту бағытында ел тарихындағы белгілі тұлғалардың үйде алған тәрбиесін, олардың ел өміріндегі алатын орнын, қоғамға сіңірген еңбегі, өнегелі өмірін отау құрған жастарға насихаттау арқылы отбасы құндылығын арттыру жұмыстары жыл бойы үздіксіз жүргізіледі. Жаңа өмірге қадам басқан жұптарға отбасы  ұғымының қадір-қасиетін, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін түсіндіре отырып, оларды өмірге даярлайды.
Өмірде кездесетін қиындықтарға төтеп беріп, қандай жағдайда болсын, шаңырақтың беріктігін сақтап қалу бағытында қажетті кеңестер ұсынылады. Бұдан бөлек, үйленуге бір ай бұрын өтініш білдірген жас жұбайлар отбасын жоспарлау мақсатында медициналық тексеруден өте алады. «Жастар денсаулығы» орталығының мамандары оларға жүктілікті жоспарлау, бедеуліктің алдын алу бойынша кеңес береді. Сонымен қатар, қазіргі күрделі мәселенің бірі жастар арасындағы жұмыссыздық екенін жасыра алмаймыз. Осы орайда жұмыссыз жастар «Отбасы орталығындағы» «Мансап» бөліміне келсе, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына қолдау көрсетіледі.

«Бақытты отбасы» бөлімі жас отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етудің жолын қарастырады. Бұл ретте «Отбасы банк» филиалының қызметкерлері жастарға үй алудың тиімді жолдарын ұсынып, бағыт береді. Сондай-ақ «Бақыт мекені» бөлімінде қазақы отбасының құндылығы мен ұлттық тәрбие туралы түсіндіріледі. Осындай жан-жақты жұмыстар отау құратын жастарды өз бетінше шешім қабылдауға үйретіп, болашаққа деген сенімін қалыптастырып, жаңа өмірге дайындауға септігін тигізері  сөзсіз.

– «Отбасы» орталығында «Неке қию», «Алтын той», «Күміс той», «Маржан той» рәсімдері өткізіледі. Сонымен қатар, «Туу туралы куәлік», «Зейнетақы кітапшасын» табыстау да салтанатты іс-шараның біріне айналып отыр. Орталық ашылғалы, яғни, өткен жылдың қыркүйек-желтоқсан айы аралығында 54, биыл жыл басынан бері 58 жұптың некесі қиылды. Алтын той рәсімі өтті.

Орталықтың қызметіне жүгініп, қажетті кеңес алған жас жұбайлардың сөзінен болашаққа деген үміт пен сенімді байқап, іштей қуанып тұрамыз. Осы мекен олардың берекелі ғұмырының алғашқы баспалдағы болса деп тілектестігімізді білдіреміз, – дейді орталық басшысының орынбасары Ұлбосын Қылышбаева.

«Отбасы орталығынан» жаңа өмірге қадам басып, заңды неке куәлігін алған жас жұбайлар, олардың ата-аналары, сондай-ақ, өмірге келген сәбиінің «Туу туралы куәлігін» алған  жастар жүрекжарды алғыс-тілектерін арнайы кітапқа жазып қалдырады.

Былтыр ҚР Үкіметінің қаулысымен 12 мамыр – Аналар күні болып мерекелер тізіміне енгізілгенін білеміз. Осы мерекеге орай мұнда «Сәлем, Анашым…» терапиялық кеші өтті. Алғаш шымылдығын түрген «Күретамыр» отбасылық лабораториясында еркін форматта өткен шарада қоғам қайраткері Сәпен Аңсат, жыршы Жұмабай Шерниязов, ардагер-ұстаз Құрбанкүл Уахитқызы бастаған «Асыл жандар» әжелер ансамблі, Райкүл Байназарова, Нұржамал Бектайқызы, Қаламқас Арыстанқызы, Орынкүл Бұрханова сынды әр салада қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер асыл аналары жайлы сағынышқа толы естеліктерін бөлісті. Айта кетейік, терапиялық кештің шарты бойынша кеш қонақтары анасына арнап хат жазып, жүрек түкпіріндегі сырын бөлісті. Осы орайда о дүниелік анасына хат жазып, перзенттік сырын ақтарған қоғам қайраткері Сәпен Аңсатов, жыршы Жұмабай Шерниязовтың хаттары тыңдаушыларды толғанысқа жетелеп, көздеріне еріксіз жас үйірді.

Қармақшы ауданы «Ақжар» ауылының әкімі Нұржамал Бектайқызы анасының бойындағы қайсарлық пен қажырды, шыдамдылықты әңгімесіне арқау етіп, бүгінгі өмір жолында сол тәрбиенің жемісін көріп келе жатқанын айтты. Ал режиссер Орынкүл Бұрханова «Бұл өмірде адам қанша жетістікке жетсе де ананың бір ауыз жылы лебізіне, мейіріміне ештеңе тең келмейді» деп естеліктерін ортаға салды.

«Ғаламнын сұлулары татымайды, Анамның күліп тұрған бейнесіне» деген жыр шумақтарының авторы Ержеңіс Әбді сол сәттегі басынан кешкен хәлді баяндай отырып, анасына арнаған жырын орындап, көпшіліктің көңілін босатты. Жас ақын, «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов ана туралы өлең жолдарын назарға ұсынды. «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігі Қызылорда филиалының басшысы Шакизат Қаратайұлы анасына арнап жазған «Мизам шуақ» атты кітабын орталыққа сыйға тартты.
Кеште ана тақырыбында жазылған әндер шырқалып, көрермендер бір мезет әуен құшағында тербелді. Терапиялық кешке қатысқан әрбір көрерменге орталық басшысы Жанат Ашанқызы алғысын білдіріп, аналарға ақ жаулық сыйға тартты.
 

Тағы да оқыңыз: