Қазалы ауданындағы Руханият орталығында қыркүйек айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Отбасы күніне орай «Гауһар той», «Алтын той» иелері және жас отбасылармен кездесу өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және өнегелі шаңырақтардың өмір жолын кейінгі буынға үлгі ету.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Алиев, отасқандарына 60 жыл толған «Гауһар той» иелері – Жанқуатовтар отбасы, 50 жыл отбасылық өмірді бірге өткерген «Алтын той» иелері – Сметовтер отбасы және шаңырақ көтерген жас жұбайлар қатысты.

Жиында Жәнібек Алмасұлы отбасы – қоғамның берік негізі екенін атап өтіп, мерейтой иелері мен жас жұбайларды Отбасы күнімен құттықтады.

«Дана халқымыз «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Отбасы – адамға тәрбие мен тағылым беретін, мейірім мен сыйластықты қалыптастыратын қасиетті шаңырақ. Бүгінгі басқосу – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, өнегелі отбасылардың өмір жолын жастарға үлгі ету тұрғысынан маңызды. Алпыс жыл бір шаңырақта ғұмыр кешіп, ұрпақ тәрбиелеген Жанқуатовтар отбасы мен елу жыл отбасылық өмірді бірге өткерген Сметовтер әулетінің жарасымды ғұмыры – кейінгі буынға үлкен өнеге. Жас жұбайларға да ақ жол тілеп, шаңырақтарыңыздың биік, керегелеріңіздің кең болуын тілеймін», – деді аудан әкімінің орынбасары.

Іс-шара барысында Мұхит Жанқуатов пен Әлия Әліштің 60 жылдық отбасылық өмірі – «Гауһар тойы» және Смет Амантай мен Меруерт Бөлегенқызының 50 жылдық шаңырақ мерейтойы – «Алтын тойы» атап өтіліп, оларға мерейтойлық куәліктер мен сый-сияпаттар табысталды.

Сонымен қатар, жаңа өмірге қадам басқан жас жұбайлар Қалдан Мәди Жақсыбайұлы мен Әбдіқани Айсәнім Сағатқызына неке қию туралы куәлік салтанатты түрде табысталды.

Алты онжылдықты бірге еңсерген Жанқуатовтар отбасы 7 баладан 19 немере, 4 шөбере сүйіп отыр. Ал жарты ғасырлық отбасылық өмірін артқа тастаған Сметовтер шаңырағында 5 бала, 16 немере және 1 шөбере өсіп келеді.

Кездесу барысында жас жұбайларға ақ батасын берген «Гауһар той» иесі Мұхит Жанқуатов отбасылық өмірдің қадірі мен берекесі туралы тағылымды тілегін жеткізді. Отбасы күніне арналған іс-шара мерекелік ән-шашумен жалғасты.

FB_IMG_1789186894999.jpg

Тағы да оқыңыз: