Kyzylorda-news.kz   Отбасы – кішігірім мемлекет. Ондағы қарым-қатынас тұтас қоғамның түзілуіне, не бұзылуына бастау болады. Соңғы жылдары әңгімесі жараспай, ортақ мәмілеге келе алмаған жұптар қатары күн сайын көбейіп барады. Ұлын – мұраты, қызын – ұятына балаған ұлт ұрпақтарының ұйыспауына кім кінәлі? Таңдау ма, әлде аңдау ма?

Матамен матастыру қайдан шыққан?

Қашанда ұл-қызының қамын қазақ басты назарда ұстаған. Ертеңін жалғастырар еркелері үшін ерте қамданған. Жақсы жерден қыз алған, өскен-өнген ортаға қызын ұзатқан. Осы орайда, дәстүрімізден берік орын алған атастыру салтының маңызы ерекше.

Тарихқа үңілсек, салттық тіркеспелі тәртіпте атастыру еліміз сан ғасырлар бойы активті қолданыста болған. Тарихшы Жамбыл Артықбаев дәстүрдің бұл түрі туралы төмендегідей ой тарқатады.

«Атастыру» деген сөздің басты мағынасы – «байлау» дегеннен шығады. Жылқы баққан, атқа мінген ел бұл сөзді жиі қолданады. Атастыру, яғни, екі адамды, екі руды, екі елді бір-біріне байлау», – дейді.

Орынды пікір. Семантикалық мағынасына бойласақ, тілімізде қатты байламның түрін «матау» деп атайды. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне жүгінсек, «Матаулы – матап байланған бекітулі» деген жолдар бар. Қазір құда болған қос тарапты бір-біріне жақындатып, жақсы адамдар ақ матамен түйіндеп, байлайтын үрдіс Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік батыс жағында әлі бар. Мұның матастыруға қаншалықты қатысы бары белгісіз. Белгілісі, тарихшы айтқан тұжырымдағы «байлау» дұрыс мағынасында «бір бірімізге кіндігіміз байлансын. Екі ел қосылып, өрісті кеңітіп, ырысты арттырайық» дегеннен туған жақсы түсініктен туса керек-ті.

Этнограф Маржан Естемір кітабында мынандай анықтама бар.

«Атастыру – қазақ қоғамында ұл-қызы бар екі тараптың ауызша уәдесі арқылы басталады. Ол ру ақсақалдарының ұйғарымымен бекітіліп, құда болуға ұласады».

Құдаласу кезінде ақтана тағылған

Халқымызда құда түсудің бірнеше түрі бар. Екі азаматтың әйелдері құрсағында бала көтеріп жүргенде, перзенттерін бір-біріне атастыратын жоралғы – «бел құда» деп аталады. Кей өңірлерде «ежеғабыл құда», енді бірінде «ақтай құда» деп те атайды. Бұл үрдіс ертеде кең өріс алған. Жастайынан фольклорды санасына құйып өскен өрендер «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырындағы Қарабай мен Сарыбайдың серттескенін жақсы біледі.

Ал, ақтай құда «ақатана» сөзімен тікелей байлынысты түсінік. Ақтана – күмістен жасалған дөңгелек әшекей түйме түрі. Бірақ, кәдімгі түймеден үлкенірек, пішінді ақтана көбіне, әйелдер киіміне тағылады.

Зергерлер әрнектейді ақтананы,

Жақсылар өнеріне мақтанады, – деген айтыс жолдары оның маңыздығын айғақтайды. Ортасында тасы бар көзтана, алтын тана, сүйек тана, сіркелі тана деген сынды әралуан түрі кездеседі. Ақтана – қазақ дәстүрлі мәдениетіндегі ғұрыптық инициациялық рәсімдерді атқарудың маңызды атрибуты. Құдандасу кезінде неке салтын бекітетін белгі ретінде қазіргі сырға салудың орнына ертеде ақтана тағылған деседі. Қазақ қызының көркін сипаттағанда «Тана көз» дейтіні тана жануарына қатысты емес, дәл осы эстетикалық әсемдігі жоғары әшекейге байланысты туған.

Бесік құда туралы «бесікте жатқан сәбилерді құдаластыру жоралғысы» деген дерек бар. Уикипедияда бесік құда байластығы болғанда, қыздың қалың малы алдын ала берілгендігін айтады. Оны бабаларымыз «қарғы бау» деп атаған.

Тәлім-тәрбие назарға алыну қажет

Салтымызда барлық жас ата-баба қалауымен қосылмаған. Олардың арасында өз қалауына ерік беріп, ұлы ұнатқан қызға құда түсетін дәстүр бары белгілі.

– Әдетте, түбіт мұрты біліне бастаған үйдегі ер балаға өзі, жақындары лайықты жерден қыз іздейді. Бұл орайда, әлеуметтік жағдай да, назарға алынған. Сөзімізге: «Тең-теңімен, тезек-қабымен», «Алғаның жақсы болса, асуың көп болар», «Жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан», «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық» деген жолдар айғақ. Мұндайда жанашырлардың жүрегінен жол тауып, нысанаға ілінген қызды жігіт ұнатса, не қылығымен сүйсіндірген бойжеткенге жолыққанда, бір тоқтамға келіп, сезімді нықтап, атастыру дәстүрін жасайды, – дейді Әйтеке би кентінің тумасы Қалима әжей.

Оның айтуынша, құда түсудегі алғашқы қадам – қыз айттыру. Бойжеткен ауылына жігіт жақтан аузы дуалы, ниеті түзу, ел сыйлаған жандардан топтасқан адамдар жібереді. Олар «жаушы» аталады. Олардың арасындағы жасы үлкені аманатты жеткізіп: «Сізде лашын бар, бізде сұңқар бар», – деп сөз бастайды. Емеурінді түсінген екінші тарап, ұсынысты қабыл алса, хабарын айтып жібереді. Бәріне таныс «Жауластырмақ – жаушыдан, елдестірмек – елшіден» деген жолдар алғаш осы ғұрыптан туындаған дейді. Тағы бір қызығы, қазақ кәдесіз қыз бермеген. Оның қоғамдағы орны, берген тәлім-тәрбиенің барлығы назарға алынған. Сондықтан, бір елді шауып, байлығын олжалайтын жаугершілік дәстүр де дәл осы әлеуеттік жағдайдан туындағанын тарихшылар тап басып айтады.

Атадәстүрдегі жөн-жоралғыға мән берілген

Атастыруға ата-бабаларымыз бейжай қарамаған. Оның да, өз жөн-жоралғысы, ережесі болған.

«Қарғыбауы» беріліп, қыз айттырып қойған жігіт басқа біреуді ұнатса, не орынсыз әрекетімен әшкере болса, келісімді бұзылған. Ондайда кінәлі тарап ат-тон айып төлеп, киіт құнын толық өтеген. Мұндайда кінәлілер түйе бастатқан тоғыз айыпты төлеген. Алайда, бұған көп жол берілмеген. Алғаш құда түскен қалыңдықты алып, бәйбіше атандырып барып қана, екіншісіне үйленуге мүмкіндік берген.

Ұлтымыздағы «ұрын бару» үрдісіне жігіт қалыңмалдың негізгі бөлігі, немесе барлығы өтелген соң ғана, баруына рұқсат етілген. Егер, олай болмаса, күйеу баланың атын тартып алып, ісін әдепсіздікке жатқызып, ауылына жаяу жіберген. Күйеу ұрын барғанда қалыңдық жанында болғысы келсе, оған арнайы күйеу шатыр тігіп, апта, кейде ай болуға рұқсат беріген. Алайда, қалындықтың ұзатылу тойына дейін жақындыққа баруына тыйым салынған.

Ал, ұрын тойға келіп кеткен күйеу қайтыс болса, онда туыстары қалыңдықты марқұмның ауылына қайғылы күйде аза кәдесімен бірге әкелген. Мұнда қалыңдық күйеуін жыл бойы жоқтап, азалаған. Қаласа, жігіттің інісі, немесе ағасына, кейде жақын туысына тұрмысқа берген.

Екі жастың ризалығы мен келісімі – некедегі басты шарт

Исламтанушы Бақыт Мұратқазыға дәстүрдің діндегі орны туралы сұрағымызды жолдадық.

«Асыл дініміз исламда некелесу бақытты отбасы қалыптасуының бастауына баланған. Жігіттің қызды көруіне, танысуына тыйым салмаған. Керісінше қолдаған. Алайда, жігіт қыздың жүзін және қолын білегіңізге дейін көруіне болады делінген. Ал, олардың некелесуіне дейін оңаша қалуына жол бермеген. Атастыру осы қағидаттарға кері келмесе, дінге қайшылық саналмаған», – дейді ол. «Атастырылған жастар міндетті түрде үйленуі керек пе?» деген көкейге кептелген сұраққа төмендегіше жауап берді.

«Шариғатта екі жастың ризалығы мен келісімі – некедегі басты шарт. Олар өз қалауынша шешім қабылдуға қауқарлы. Қаласа, үйленеді, қаламаса үйленбейді», – дейді.

Бастысы – жүрекпен қалау қажет

«Біздің үйленуіміз сіз айтып отырған атастыруға келеді. Ата-анамыз біз кішкентаймызда ортақ мәмілеге келген. Кішкентайымыздан құлағымызға құйды. Он сегізге қараған шағымда сол жігітке үйлендім. Аш-жалаңаш болған жоқпын. Қандай жақсылық жасаса да, жұбайымды жақсы көре алмадым. Ол да, солай етті деп ойлаймын. Арамызда үлкен сыйластық болды. Бала сүйдік. Бірақ жағдай өзгермеді. Жеті жыл отасып, бөлек кеттік. Енем кетерімде балаларымды қимай, қатты жылады. Сосын «Саған не жетпейді? Барлығын жасадым ғой», – деді. Барлығы жетті, жетпегені махаббат. Жолдасым жақсы азамат, табысты кәсіпкер. Сымбаты да, ешкімнен кем емес. Мен де, көп қыздан көрікті болдым. Сырттай қарағанда, әдемі көрініс. Қазір екеуіміз де, отбасын құрдық. Жолдасым бақытты. Жүзіндегі күлкіні көріп, мен бере алмаған жылуды екінші жары бере алғанына қуанамын. Мен де, жаман емеспін. Айтайын дегенім, сыйластық барлығын шеше алмайды», – дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Алмагүл Тәңірбай (аты-жөні өзгертілген).

Атастыру салты жаңғыртылса...

«Қазалы ауданының тумасы Гүлжамал (аты өзгертілген) Алматыда білім алды. Жоғары оқу орнын бітіретін жылы Тараз жақтың жігітіне тұрмысқа шығып кетті. Таңдауы деп кедергі келтірмедік. Кейін білдік, құдалыққа сақалды, орамалдағы адамдар келді. Ұстанымы да, бөлек. Гүлжамал төртінші әйелі екен. Күйеу бала одан кейін тағы әйелдер алған көрінеді. Бауырым Гүлжамалдың үйге қайту ойында жоқ. Адасу емей не? Телефонмен де, сөйлеспейді. Теледидар көру – кінә дейді.

Бала кезімізде көрші тұратын Мұрат есімді балаға қосатынбыз. Екеуі ойнайтын. Мектепті де, бірге бітірді. Бір-бірін жек көрген жоқ деп ойлаймын. Біздің қыздан жауап болмаған соң, үйленді. Жағдайы жақсы. Тәрбиелі, үлгілі отбасы бар. Кейде адасқанша, атасқаны дұрыс еді деймін торығып», – дейді қазалылық Нұржамал Сейітқызы.

Үйлену – аса маңызды қадам. Жетпіс жыл бодандықта ұстаған Ресей империясы озық дәстүрді тозыққа санап, әйел теңсіздігіне кереғар әрекет деп күресіп, санаға терең сіңіріп келді. Нәтижесінде, атастырудан ажырадық, есесіне ажырасуға көптеп бардық. Соңғы деректерді негізге алсақ, әрбір үшінші жұп жарастығын түзу үшін әрекет жасаған, әрбір бесінші жұп ажырасқан. Қызылордалықтардың жағдайына қарасақ, тоғыз жұптың бірі бөлек кеткен. Ал, атастыру сынды абзал салтымыз төрелігін танытса, жылаған бала, күйзелген келіншек, алименттен жалтарған жауапсыз әкелер азаяр ме еді, кім білсін?!..

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

Тағы да оқыңыз: