Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттердің бірі – отандық өнімдер мен компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елімізде өндірілетін тауарларға, оның ішінде мемлекеттік сатып алу арқылы кепілді сұраныс қалыптастыру.
Осы бағытта облыс әкімінің орынбасары Нұриддин Аманқұлдың төрағалығымен жергілікті тауарөндірушілер мен ірі сауда желілері арасындағы әріптестікті нығайту және отандық өнімдердің өткізу нарығын кеңейту мақсатында семинар өтті.
Жиынға жергілікті тауарөндірушілер мен сауда нысандары қатысып, «Magnum Cash & Carry», «Қызылорда оптомаркет» сауда желілерінің, «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалының және «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Қызылорда филиалының өкілдері шақырылды.

Семинар барысында жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін сауда желілеріне орналастыру талаптары мен өсу мүмкіндіктері, өнімдерді өткізу жолдары, сәйкестікті растау құжаттарын рәсімдеу және логистикалық қызметтерді пайдалану мәселелері түсіндірілді.
Атап айтқанда, сауда желілеріндегі отандық өнімдердің үлесін арттыру мәселесіне де басымдық берілді. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, сауда желілері сауда алаңдары мен сөрелерінде отандық өндірістің азық-түлік тауарларының үлесін кемінде 30 пайызға, азық-түлік емес тауарлардың үлесін де кемінде 30 пайызға жеткізуі тиіс.
Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бүгінде өңірде осы бағытта 72 кәсіпкер жұмыс істейді. Олардың қызметін дамытуға және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануына жағдай жасау мәселелері қаралды.
Алдағы уақытта жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, олардың өнімдерін ірі сауда желілеріне орналастыру, өткізу нарығын кеңейту және кәсіпкерлер арасындағы әріптестікті нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Семинар қорытындысында сауда саласының үздік өкілдері облыс әкімінің және Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
