Kyzylorda-news.kz Бүгін облыс әкімі Ергешбаев Мұрат Нәлқожаұлының төрағалығымен өткен мәжілісте отандық өндірісті дамыту мен қолдау шаралары мәселелері қаралды. Жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты.
Мәжілістен кейін аудан әкімі аппарат мәжілісін өткізіп, күн тәртібіндегі және басқа да бірқатар өзекті мәселелер бойынша аймақ басшысының тапсырмаларына сәйкес жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Алдымен аудандағы өңдеу өнеркәсібінің даму көрсеткіштері сараланды. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысымен өңдеу өнеркәсібінде 22,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өндіріс көлемінің индексі 125,5 пайызды құраған. Бұл ретте аудан әкімі кәсіпорындардың өндірістік қуаттылығын толық пайдалану, өнім көлемін ұлғайту, өткізу нарығын кеңейту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
2026 жылдың 10 айында 3,3 млрд. теңгеге 160 кәсіпкерлік жобаның қаржыландырылған. Тиісті сала басшылары мен кент, қала және округ әкімдеріне қаржылай қолдау алған кәсіпкерлердің жобаларын тұрақты сүйемелдеп, олардың толық іске қосылуын, жаңа жұмыс орындарының ашылуын және өндірістік бағыттағы кәсіпкерліктің дамуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар міндеттелді.
Мәжілістің күн тәртібінде ауданның мәдениет және тілдерді дамыту саласында 10 айда атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер қаралды. Мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, ұлттық өнер мен мәдени мұраны насихаттау, кітапхана қорын жаңарту және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселелері кеңінен талқыланып, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктелді.
Жиында аудан бюджетінің кірістер жоспарының орындалу барысы талқыланды. 2026 жылға бекітілген 4 млрд. 269,4 млн. теңге кірістер жоспарын жыл соңына дейін толық орындау және қосымша түсімдерді қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Аудан әкімі Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және ауылдық округ әкімдеріне аудандық мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесіп, өздеріне бекітілген кірістер жоспарының орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Мәжіліс соңында аудан орталығы мен Әйтеке би кентіндегі санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстарының жай-күйі сынға алынып, анықталған кемшіліктерді бір апта мерзімде қалпына келтіру тапсырылды. Сондай-ақ 21 қараша күні Қызылорда қаласында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне дайындық мәселесінде пысықтап, кент, қала және округ әкімдері мен жауапты сала басшыларына белгіленген жұмыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Аудан әкімі жауапты сала басшыларына жүктелген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
