Kyzylorda-news.kz. Мемлекет экономикасының дамуы әрбір өнеркәсіп саласының өсу көрсеткішіне тәуелді. Жақында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қаңтар-сәуір айларында мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге кіріс түсіп, жоспар 104,6 %-ке орындалғанын атап өткен болаты. Атап айтқанда, республикалық бюджет 4 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 2 трлн 123 млрд теңгеге толыққан. Яғни, барлық өңір бойынша кіріс жоспарлары асыра орындалды. 

Ал премьер-министр 4 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасы жақсы өсу қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. 

«Жалпы ішкі өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға ұлғайды. Экономиканың базалық салаларында оң динамика сақталды. Өңдеу өнеркәсібі 5,1%-ға өсті», – деді Әлихан Смайылов.

Иә, сандарды сөйлетсек, 4 айдың қорытындысы бойынша Абай, Жетісу, Ұлытау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында барлық макрокөрсеткіштердің өсуі тіркеліп отыр. Ал ең төмен көрсеткіш – Атырау және Ақтөбе облыстарында байқалған. Аймақта дамудың даңғыл жолына түскен, атап айтарлық саланың бірі – киім өнеркәсібі. Осы орайда шағын ауданда ашылғанмен, Қазақстанның өзге қалаларынан да тапсырыс қабылдап отырған «Өркен Әлем» ЖШС-нің арнайы киім тігу және әскери каска дайындау цехы жайлы сөз қозғасақ.

Шағын ауданнан арнайы формалар мен әскери киімдерді тапсырыспен тігетін үлкен цех қалай ашылды? Жалағаштық Жақсылық Өздембаевқа 2015 жылы облыс әкімі жанындағы Өңірлік үйлестіру кеңесінің оң қорытындысына сәйкес «Серпін» аграрлы-индустриалды аймағынан 1 гектар жер телімі рәсімделіп берілген. Жалпы киім тігуді қолға алған серіктестіктің бүгінгі бағыты – арнайы киімдер тігу  және әскери каска дайындау. 

«Әрекетке – берекет. Аталған киім өндірісін бастағанымызға 7-8 жылдай болып қалыпты. Жылдан жылға жұмысымыз жүйеленіп, жаңа киім түрлерін қосып, бағытымыз жаңалануда. Қоғамға пайдалы, елдің қалтасына қонымды, сұранысқа сай дүниелер жасағымыз келеді. 

Әскери киім тігу, аталған саланың қызметкерлерін арнайы формаларымен қамтамасыз ету – мен үшін үлкен қуаныш. Мемлекеттің қауіпсіздігі мен қорғаныс саласына тамшыдай болса да үлес қосып жатқанымды сезінемін. Ең бастысы, өз Отанымыздың қауіпсіздігі үшін қызмет ету барысында отандық киімдерді кию қандай мәртебе! 2018 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінен 5630 дана кеудешеге және 2125 дана каскаға арналған сыртқы қапқа тапсырыс қабылданып, дайындалды. Ал 2019 жылы аталған мекемеден жалпы құны 1 млрд 515 млн теңгені құрайтын 5000 дана кеудеше мен 11000 дана каскаға арналған сырт қап, 50 дана арнайы киімдерге тапсырыс берілсе, 2021 жылы 9 000 дана кеудеше, әскери каска – 15 000 дана және «Сақтау» қорғаныш костюмы – 500 дана өндіріліп, Қорғаныс министрлігінің тапсырысы толықтай орындалды. Әлі күнге дейін сапаға сын айтылған жоқ», – дейді цехтың басшысы.

Айта кетейік, қазіргі таңда киім цехының жылына құны 5 млрд 50 млн теңгені құрайтын 7500 данаға дейін кеудеше, 15 000 данаға дейін каскаға арналған сыртқы қап, 15 000 данаға дейін әскери каска және 500 данаға дейін арнайы киім тігуге мүмкіндігі бар. 

2019 жылы аталған өндіріс ғимаратын кеңейтіп, Оңтүстік Кореядан құны 30 млн теңгені құрайтын каска дайындауға қажетті арнайы құрал-жабдықтар алдыртқан. Нәтижесінде киімдермен қоса арнайы әскери каска өндірісін бастады. Сонымен қатар цехта газтұтқыш, парашют және жалпы әскери қорғаныш жиынтығын (ОЗК) тігу мақсатында кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Басталған бірнеше жылдың аясында өндіріске қажетті жоғары технологиялармен қамтамасыз етіліп отыр.

– Өңдеу өнеркәсібі мен өндірістің болуы ең алдымен жұмыс күшінің қажеттілігі үшін жұмыс орнын көбейтуге мүмкіндік береді. Бір ғана өнеркәсіп арқылы жүздеген жұмыссыз адамды тұрақты жұмысқа орналастыруға болады. Біздің цех Жалағаш ауданы бойынша 60 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өнеркәсіп жұмысын жандандыру мақсатында құрылыс жұмыстары мен құрал жабдықтар сатып алу үшін 880 млн теңге көлемінде қосымша инвестиция тартылған. Алдағы уақытта цех жұмысын кеңейту бағытында ауқымды жұмыстар атқара отырып, тағы да аудан тұрғындарын жұмыспен қамту жоспарда бар. Туған жердің экономикасын түлетуге тамшыдай болсын үлес қосып жатқаныңды сезіну бір бақыт болса, жұмыссыздық деңгейін азайтып, қоғамға пайдаңды тигізу бөлек қуаныш. Сондықтан цех көлемі ұлғайып, тапсырыс пен ассортимент саны артса, жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздар санын азайтқым келеді, – дейді Жақсылық Өздембаев.

Айта кетейік, цех қызметкерлері өткен жылы 4500 дана газтұтқыш, 90 дана парашют, 5000 дана жалпы әскери қорғаныс жиынтығы, 300 дана әскери камуфляжды сетка, 1900 дана қорғаныс көзілдірігі, 3785 дана кеудеше, 15 дана «Сақтау» арнайы киімі, 2307 дана әскери каска, 255 дана «Бр3» бронды кеудешесіне берілген тапсырыстарды толықтай орындап шыққан. 

Сонымен қатар «Өркен Әлем» ЖШС өнімдері Республикалық, Халықаралық өнеркәсіп бұйымдарының көрмесінде ерекше көзге түсіп, кәсіби көрмелерде марапатталып жүр. Соның ішінде 2016, 2018 жылы екі рет Kadex халықаралық көрмесінде арнайы сертификатқа ие болса болған. Әрине, өз ісін сүйетін жандардың қолынан шыққан дүние ыстық ықылас пен жақсы пікірсіз қалмайтыны анық. Ондай адамдар көзге түсуге, көрінгеннен мадақ естуге ұмтылмайды да. Кәсіптің берекесі де сонда болса керек. Атақ пен мадақ күтпей, қоғамға пайдалы болуды мақсат тұтқанда, қол жетпестей көкте көрінген жетістіктер мен нәтижелер жиілеп, өзі-ақ адамын тауып алады.

Тағы да оқыңыз: