Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданындағы «Жалаңтөс Баһадүр» атындағы орталық стадионда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай оқушылар арасында аудандық әскери-патриоттық шара өтті.
Шараның ашылуында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жиналған қауымды және жас сарбаздарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ айтулы мерекенің маңызына тоқталды.
Мұнан кейін ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай құттықтау сөз сөйлеп, жиынға қатысушылар мен жас сарбаздарды мерекемен құттықтады.
«Отан қорғаушылар күні – батыр бабалардың ерлік жолын дәріптеп, жас ұрпақтың бойына патриоттық рух сіңіретін тағылымы мол мереке. Бүгінгі шарада сап түзеген жас өрендердің жігері мен тәртібі олардың ел болашағына бейжай қарамайтын нағыз азамат болып қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, елге қызмет етуге үндейді. Баршаңызды мерекемен құттықтап, еліміздің мерейі үстем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын деп тілеймін», – деді Жандос Нұртайұлы.
Мерекелік шара одан әрі жас ұландардың саптық шеруіне ұласты. Саптық байқауда аудан мектептерінің оқушыларынан жасақталған «Құрлық әскері», «Жас ұлан», «Әуе десанты», «Әскери-теңіз күштері» сынды түрлі взводтар өнер көрсетті.
Саптық байқаудан кейін аудандық спорт мектебінің таэквондошылары қоян-қолтық ұрыстың әдіс-тәсілдерін паш етті. Бұдан бөлек, әскери-патриоттық шара барысында жас ұландар «АК-74» оқу қаруын шашып-жинау секілді өзге де әскери сайыс түрлері бойынша бақ сынады.
Жас ұландарға әскери рух пен жігер сыйлаған шарада патриоттық әндер шырқалып, жас өрендердің Отанға және туған жерге деген сүйіспеншілігі арта түсті.
