Kyzylorda-news.kz. Бүгінде орман және дала өрттерінің алдын алу мақсатында еліміздің әр аймағында өрт-тактикалық жаттығу жүргізілуде. Соның ішінде Қызылорда облысының жаз мезгіліндегі аптап ыстығы өртке аса қауіпті. Мұндағы қураған шөптер оттың тез тұтануына бейім. Сондықтан жыл сайын саптық оқу-жаттығу жиыны жиі ұйымдастырылып тұрады.
Осыған орай, Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты Ақтас орманшылығының №27 айналымының №10 оралымында Қызылорда облысы мен Түркістан облысының шекара аралық орман-тоғай өрттерін сөндіру бойынша бірлескен өрт-тактикалық оқу жаттығуы өткізілді, деп хабарлайды Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы.
Оқу жаттығудың мақсаты төтенше жағдайларды жою кезінде азаматтық қорғау қызметтері мен облыс аралық азаматтық қорғау органы бөлімшелерінің өзара жедел әрекет ету іс-қимылдарын жетілдіру болып табылады.
Оқу жаттығуға Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары подполковник Б.Әбдіқадыров, Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары полковник Е.Сарыбаев, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Б.Шәріпбеков және өрт сөндіру мекемелері мен мемлекеттік органдардан 122 қызметкер қатысып, 32 арнайы техника жұмылдырылды.
Апат айтып келмейді. Төтенше жағдайлар бөлімінің жұмысы әрқашан қиын, қарбаласқа толы. Соңғы уақытта күллі әлемде табиғи апаттар орын алып жатқанда, біздің де үрейімізді алатыны сөзсіз. Табиғи өрттердің белең алуының басым көпшілігі адамның алаңғасарлық, немқұрайлық және мәдениетсіздік әрекетінен туындап жатады. Ойланбай тасталған темекі тұқылы, сөнбей қалған от – осының барлығы орны толмас үлкен қайғыға соқтыруда.
Мәселен, Абай облысындағы жан түршігерлік алапат от қалың қазақ елін есеңгіреткені рас. Тілсіз жау 14 адамның өмірін қиды. Осылайша жалындаған от 60 мыңнан аса орман алқабын әбсәтте күл талқан етті.