Kyzylorda-news.kz. Рамазан – айлардың ең қайырлысы, уақыттың ең қасиеттісі. Хақ Тағаланың мейірім-шарапаты ерекше асып-тасатын, күнәлар кешіріліп, сауапқа кенелетін ай. Бұл айда әрбір мұсылман баласы шынайы ниеттеніп, құдайдан жәрдем тілейді. Отыз күн бойы ораза ұстап, ауыз бекітеді. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Алайда арамызда мың айдан да қайырлы айдың маңыздылығын түсінбейтіндер де, рия жасап, ұстаған оразасын жұртқа жария қылатындар да, арықтау үшін ауыз бекітетіндер де жоқ емес.

Иә, Рамазан – Алла Тағаланың рақымы түскен, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай. Өйткені бұл кезде жан мен тәнді рухани тазартатын Ораза құлшылығы орындалады. Рас. Қасиетті Рамазанда ауыз бекітіп, ораза ұстаған әрбір мұсылманның жан мен тәні рухани тазарады. Ауызды тамақтан тыю арқылы күнә – кемшіліктеріміз кешіріледі. Алайда кейбір арулар оразаны Алланың разылығы үшін емес, арықтау мақсатында бекітетін көрінеді. Сенбеске лаж жоқ. Себебі, бүгінде салмақ тастап, сұлулыққа ұмтылатын сылқымдардың санында шек жоқ. Сондықтан бірнеше күннің ішінде көктем мезгілімен қатар келген қасиетті Рамазан айында қыпша белді бойжеткенге айналғысы келетіндердің қатары артқан.

Жуырда инстаграм желісін қолданушы Н есімді блогер келіншектің өз парақшасына жариялаған жазбасын көзім шалды. Қыз-келіншектерге арықтаудың түрлі тәсілін үйретіп жүрген әлгі блогер біресе шөп дәрілерді пайдалануға кеңес берсе, енді кейде «Гербалайф» өнімін тұтынып, тез салмақ тастаудың тәсілін ұсынады. Не керек, әйтеуір аруларды арықтату жолында түрлі амалдарды қолданатын көрінеді. Бұл – өзіне де, сұлулыққа жаны құмар бикештерге де пайда. Неге дейсіз ғой? Өйткені, әлгі блогер дәл осы жол арқылы өз нәпақасын тауып, табыс тапса, бір жағынан қыздардың артық салмақтан «құтылуларына» ықпал етіп жүр. Хош. Бізді елең еткізгені бұл емес. Жағамызды ұстатып, таң қалдырғаны – оның қасиетті айды пайдаланып, аруларға ауыз бекіту арқылы кеңес бергені. Иә, бұл бір қарағанда анау айтқандай жаңалық не таң қаларлық дүние емес. Дегенмен, арықтау үшін ауыз бекітудің жолын ұсынған әлгі әйелдің ісі құптауға келмейді.
Сұлулықты сақтау – кез келген әйел затына міндет. Сымбатың жарасып, көркем көрінуді асыл дініміз де құптайды. Дегенмен, сұлу мүсін үшін отыз күн ораза ұстау шариғатымызға қарсы. Бірақ оны бүгінгілер түсінбек түгілі, елеп-ескеріп жүрген жоқ. Денеге салмақ жинап алғандардың дені сауап жинауды ойламақ түгілі, қасиетті айдың қадір-қасиетіне жете алмай жүр. Егер дәл осы Алланың рақымы түскен айдың құндылығын ұғынған болса, салмақ тастау үшін амал қылар ма еді?

Иә, отыз күн бойы ауызды тамақтан тиып, күні бойы нәр татпау арқылы салмақ тастап, сымбатты болуға болады. Алайда дәл осы қасиетті Рамазан айында артық салмақтан арылу – қате. Себебі асыл дінімізде ораза ұстаудың басты мақсаты бұл емес. Адам баласы ораза ұстау арқылы бар мен жоқтың, аштықтың қадірін ұғынады, ауыз бекітіу арқылы күнә-кемшіліктерінен арылады. Сондықтан да мұсылман адам, дәл осы айда Алладан кешірім тілеп, таң атқаннан кеш батқанға дейін ауыз бекітіп ораза ұстайды, құлағын өсектен, ауызын балағат сөзден, көзін харамнан тияды. Сауап жинауға асығып, амал етеді. Ал арықтау мақсатында ұсталған оразаның ешқандай сауабы болмайды. 

«Рамазан – мың айданда қадірлі ай. Бұл айда оразаны тек қана Алланың разылығы үшін ғана ұстау қажет. Иә, Рамазан айында ораза ұстау – мұсылман баласына парыз. Бұл айда тамақтан ашыққан адам күнә атаулыдан тыйылады. Біздің әрбір амалымыз бен ниетіміз арқылы өз сауабымызды аламыз. Сондықтан арықтау мақсатында ауыз бекіткендерге оның сауабы болмайды. Бұдан бөлек, өзінің ораза ұстағанын, өзгелерге жария еткен пенде де өз амалы мен ниетіне байланысты ақыретте сауап алады. Біз тек Алланың разылығы үшін ғана ауыз бекітіп, Жаратқаннан жәрдем сұрауымыз қажет. Егер біз дәл осы айда жай ғана ауыз бекітіп, оған амал етпесек, ол бос құтымен пара пар. Себебі ауыз бекіткен әрбір адам көзін харамнан, ауызын жаман сөзден тыюы қажет. Рамазан айында оразаны әркім өзі үшін ұстайды. Ал егер оны біреуге жария етіп, мақтан үшін жасаса, тәкәппарланып, жасаған сауапты істерін жария етсе, оның дұғасы қабыл болмайды. Сондықтан өзіміз үшін болған оразаны мейлінше көрсетпеген дұрыс», – дейді Шиелі аудандық орталық мешітінің бас има.

Иә, расында әрбір амалдар ниетке байланысты. Бас имам айтқандай, Алланың разылығы үшін болған әрбір амалымызды қолдан келгенше жарияламағанымыз абзал. Алайда арамызда шариғаттың заңын білмей жатып, асыл дінімізді бұрмалайтындар, істеген қайырымды істерін рия ететіндер жетерлік. Мұндай жағдайларға сіз бен біз күн сайын куә болып жүрміз. Мәселен, өзіміз күнделікті қолданып жүрген «Ватсап» месенджерлеріндегі ағайын-жұрттың, туған-туыс, дос-жаранның ораза жайлы жариялаған жазбалары мен статустарын аша қалсаңыз, бәрінің бірден иманды болып кеткендіктерін аңғарасыз. Бірақ олардың шынымен амал етіп, ниеттеніп ораза ұстап жүргендері тек бір Аллаға ғана аян. Қасиетті айдың қарсаңында әлеуметтік желіге түрлі уағыздар мен діни суреттерді салып жүргендер расымен ниет етіп, қасиетті айдың маңыздылығын ұғынып жүр ме, әлде мақтан үшін рия жасап жүр ме, кім білсін? Не десек те, арықтау үшін ауыз бекітіп, мақтаныш үшін әлеуметтік желіге жазбалар жариялап, оны жұртқа жария ету мүлде дұрыс емес. Шынында, біз амалдардың ниетке байланысты екенін ұғынған болсақ, оразаны тек Алланың разылығы үшін ғана ұстап, ақыретімізге азық жинаған болар едік.

Тағы да оқыңыз: