Kyzylorda-news.kz. ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Майра Мелдебекова оқушылар IV тоқсанның жиынтық бағалауын (ТЖБ) қашан тапсыратынын айтты.

«Бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) өткізу мерзімі аптасына 2 және одан көп сағатты құрайтын пәндер бойынша 4-11 мамыр аралығында өтеді. Жалпы, біз мұның алдында Білім және ғылым министрлігінің №135 бұйрығында 4-8 мамыр деп белгілеген едік. Қазір мерекелік даталарға сәйкес келуіне байланысты 11 мамырға дейін ұзарттық. Аптасына бір сағатты құрайтын оқу пәндері бойынша 11-15 мамыр аралығында және 1-10 сыныптарда тоқсандық бақылау, сонымен қатар 11-сыныптарда бақылау жұмысы 18-22 мамыр аралығында өтеді. Жалпы, БЖБ және ТЖБ тапсырмаларының барлығын мұғалімдер өздері өткен тақырып бойынша дайындайды», – деді Майра Мелдебекова онлайн-сұхбат барысында.

Оның айтуынша, оқу пәндері бойынша 1-10 сыныптарда жүргізілетін жиынтық бақылау кестесін әрбір білім беру ұйымы жеке дайындайды.

«БЖБ өткізу уақытын 20 минут, ТЖБ уақытын 40 минут деп белгілеп отырмыз. Сонымен қатар 1-4 сынып оқушыларымыз жас ерекшеліктеріне қарай, технологияларды әлі де толық меңгермеуіне байланысты уақыт шектелмейді. Ата-аналарға да, оқушыларға да айтарымыз, қазіргі сабақ барысы, қашықтан оқыту жүйесі қалай өтіп жатса, БЖБ да, ТЖБ да солай өтеді», – деді комитет төрағасы.

Тағы да оқыңыз: