Фото: teznews.kz

Kyzylorda-news.kz  Заман қарқынды дамып келе жатыр. Заман дамыған сайын жаңа мамандық түрлері де, жаңа табыс көздері де пайда болуда. Мәселе табыс табуда ғана емес, ол табыс қандай жолмен келіп жатыр деген сауал әрбірімізді толғандыруы тиіс.

Қазірде «қара жұмыс жасамай-ақ күніне 50000-ға дейін табыс тап» деген секілді жарнаманы жиі көзіміз шалады. Әрине, бұндай жарнама ақшадан тарығып, айлығын ай соңына дейін әзер жеткізіп, қарызданып жүрген адамдарды қақпанға түсіреді. Осы секілді мәтіні жұмақтағыдай сезіндіретін жарнамалар желіде желдей есіп жүр.

Жалған жарнаманың қатарында онлайн жұмыс, қаржылық пирамида секілді «табыс көздері» де бар. Бұлардан бөлек қазіргі таңда осы тізімге TikTok желісін де енгізуге болады. Осы тақырыптар жайында кеңінен сөз ете кетейік.

Қазір TikTok әлеуметтік желісі оңай табыстың жаңа түрі болып табылады. Яғни, TikTok желісіндегі тікелей эфирде өзгелермен battle-ға шығып, көрермендердің жіберген сыйлығы арқылы табыс табады. Сәйкесінше, олар өзінің тікелей эфиріне көрермендерді жинау үшін, соңына дейін отырғызу үшін небір әрекеттерге барады. Бір-біріне анайы тапсырмалар орындатып, бірін-бірі балағаттап жатады. Соның кесірінен түйткілді мәселе тауып алып жатқандары да жоқ емес. Бұл жерде тікелей эфирде біреуді балағаттағаны үшін сотталып кеткен жағдайлар бар екенін меңзеп тұрмын. Оған мысал ретінде тиктоктың «гүлі» болып жүрген Мұрат Әбділдәні атай аламыз.

Ал қаржылық пирамида, үйде отырып табыс табудың сценарийі баршамызға таныс болар. Бұлармен айналысамын деп те сотталып кеткендер аз емес.

Осы қатардағы келесі оңай табыс түріне алаяқтық та жатады. «Адамнан айла артылмайды» демекші, алдап соғудың да түрлі жолдарын ойлап тапқан. Бірі банктен хабарласып тұрмыз десе, енді бірі аз айлықпен ірі көлемде несие рәсімдеп беремін дейді. Тіпті технологияның дамығанын да пайдаланып алаяқтық жасап жатқандар пайда болды. Оған дәлел, жақында жаңалықтардан естігендей, хакерлер жасанды интеллекттің көмегімен бөгденің телефонына еніп, WhatsApp желісі арқылы өзгелерден қарыз сұрап миллиондаған ақша тапқан. Осы секілді алаяқтықтың түрлері көп және күн сайын жаңа түрлері көбейіп келеді. Бұндай нәрселердің соңы немен бітері баршамызға мәлім.

Келесі жеңіл табыстың түрі – жарнамасы басыңды айналдыратын онлайн жұмыстар. Жарнамалық текстінде «Тек сұрақтарға жауап беру арқылы күніне 2000-10000 теңге аралығында табыс тап», – деп тұратын бұл жұмыстар баршамызды қызықтырған болар. Ендеше осы қызығушылықтың лебімен сол жұмыс жайлы ақпарат іздестіргеніміз жайлы айтып берейік. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жұмысқа кіру үшін алдын ала (көп жағдайда 1000-3000 теңге аралығында) төлем жасау қажет екен. Содан соң адамдар сізге өзі білгісі келетін кез келген сұрақты қояды. Ол сұрақтар сіздің жеке басыңызға қатысты болуы да мүмкін. Сіз осындай жұмысты жасар ма едіңіз? Әрине, жоқ. Жеке басың жайлы ақпараттарды көпшілікке жаю сізге артық мәселеден басқа ештеңе тауып бермейді.

Бүгінде әлеуметтік желілер адамдар арасында қарым-қатынас орнатудың ғана емес, ауқымды мәселелерді талқылауға , белгілі бір оқиға не құбылыс туралы қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпалы зор үлкен күшке айналып отыр. Ақпарат ғасыры саналатын мына заманда басқаша болуы мүмкін де емес сияқты. Дегенмен, интернетті осындай игі мақсаттардан бөлек, арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар да кездесіп жатады. Бүгінгі әңгімеміз әлеуметтік желілердегі алаяқтық туралы болмақ.

Осы тақырыпқа қалам тербеуімізге редакцияға арнайы келіп, көмек сұраған келіншектің өтініші себеп болды. 28 жастағы көпбалалы ана айналдырған 5 айдың ішінде он миллион теңге қарызға шырмалыпты. Бұған әлеуметтік желідегі онлайн ойын себеп болған. Бала күтіміне байланысты үйде отырған ана әккі айлакерлердің құрығына түскенін өзі де білмеген.

Әуелі 1000 теңге салып, оны 10 000 мың етіп еселеп алып, біртебірте көбейте берген. Ақыры солардың кеңесімен өзі қарыздар болып, оны төлеу үшін бірнеше банктен өзінің және бауырларының атынан несие алып, өзгелерді де қиындықта қалдырған көрінеді. Мұндай оқиға бұл бір ғана емес келіндер арасында тым терең тамырлап бара жатқаны қорқынышты. Бірі 1 000 000 миллион, енді бірі 15 000 000 миллион теңге қарызды мойынға іліп шарадай бастары шақшадай болып жүргендерін көру қандай ауыр. «Төрт баласын қиып тастап кеткен, үйден шығып іс-түссіз кеткен «безбүйректіктің» сыры осында, бәлкім. Расымен де, инстаграм желісінде онлайн ойындар арқылы ақша табуға шақыратын жарнамалар көбейді. Кәдімгі ел алдында жүрген блогерлер қайта-қайта жарнама жасап, шынайы көмектесетінін алға тартады.

Мысалы, «Достар, мен бүгін онлайн ойнап, 84 мың теңге ұтып алдым. Сақтап алыңыздар деп сілтемесін бөлісіп жатырмын» дейтін жанашырлар көп. Сонымен әлгі блогерлер жарнамалап жүрген сілтемеге өтіп көрдік. «Вулкан» онлайн казиносына қош келдіңіз деген экранда «Джекпот ұту» тетігін бастық. Әрмен қарай тіркелуге 3 мың теңге салу керек. Артынша, бірнеше ойын түрі шығады. Ол жерде арнайы алгоритм жұмыс істейді. Яғни үш ұтыс, одан ұтылыс дегендей қайталанып тұрады. Ұтқан күннің өзінде ұтысыңызды дереу картаңызға салмайды. Бір тәулік кетуі мүмкін. Ал құмар ойынын ойнайтындар берілгіш екені анық. Сондықтан ұтқанын да түгел салып артық қыламын деп тыртық қылуы ғажап емес. Осылай ғаламтор желісінде алаяқтардың саны жыл сайын артып келеді. Ұялы телефоныңызға бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, алаяқтар өте сенімді әрекет етіп, тіпті өте талғампаз азаматтарды да алдап кету дерегі жиі орын алуда. Оңай олжаға кенеліп, тер төгіп тапқан тиын-тебенін еселеп көбейтемін деген дәмемен жолбикеге алданып қалу ауылдағы ағайынды да әбіржітіп отыр. Осы ретте аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Бибайым Нәлібаевамен тілдескен едік.

– Соңғы уақыттары интернет алаяқтық өте көп. Бізге алаяқтардың құүрбанына айналған жандар өте көп келеді. Бірінен 1 миллион, бірінен 2 миллион алып тақырға отырғызған жағдайлар көп. Мемлекеттік грант алып беремін деп талайдың ақшасын қалтаға басқан алаяқ жәбірленушілерге жалпы құны 13 690 000 мың теңге мүліктік шығын келтірген. Күдіктінің кінәсі анықталып, 3 жылға мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Жалпы, бұндай алаяқтық істер ауданда аз болмай тұр, күннен күнге көбейіп жатыр, – дейді.

Күнделікті өмірде ұялы телефонымызға әртүрлі хабарламалар мен нөмірлерден қоңырау шалып жатады. Біреулер күмәнді ақпараттан өзін алыс ұстаса, біреулер не айтса да сеніп, бармақ тістеп қалады. Сайып келгенде, сіз телефоныңызға келген кодты ешкімге айтпауға тиіссіз. Алаяқтар деректемелерді көрсеткен кезде клиенттің нөміріне жіберілген SMS-хабардағы кодты айтып беруді сұрайды. Алаяқтар кодты алғаннан кейін клиенттің интернет банкингтегі телефон нөмірін ауыстырады және шоттан ақшаны оңай алып алады. Бәлкiм, бiрiңiзге таныс, ендi бiрiңiзге таңсық болар. Бiрақ жұмыс iздеген кез келген адам бұл жүйенi жақсы бiледі. Өйткенi ғаламторда «жұмыс» деген хабарландырудың басым көпшiлiгi осы тектес. Бұл жайында аудандық полиция бөлімінің капитаны Ермұхамед Әбдраманов былай дейді. – Қазіргі таңда, ауданымызда ғаламтор арқылы жасалынатын алаяқтық қылмысы көбейген. Оның басқа алаяқтық қылмыстарынан ерекшелігі, олар интернетті пайдаланғандықтан халықаралық деңгейде таралуымен ерекшеленеді. Яғни, басқа елде, қалада, ауданда отырып екінші қала, аудандардағы адамдарды да қамти алады. Екіншіден интернет алаяқтар жасырын болып келеді. Яғни, олар жалған жеке және заңды тұлғалардың атынан жиі әрекет етеді. Қазіргі таңда, интернет желісін, оның ішінде инстаграм, фейзбук т.б. желілерді ашқанда көмек сұрау парақшалары көбейген. Алаяқтар осы парақшалардың көшірмелерін ашып, өздерінің реквизит номерлерін жазып қояды. Көмек көрсеткісі келген адамдар шынайы ашылған парақша екен деп ойлап алаяқтақтардың есепшотына ақша аудара бастайды. Сондықтанда қорларға ақша аудармас бұрын иелерімен сөйлесіп, аударылған есепшот номерін тексеріп алып қана көмек қолын созу керек.

Ғаламторда, әлеуметтік желілерде әр түрлі заттар, киімкешектер, телефон, басқа да тұрмыстық бұйымдарды арзан бағада сатамыз деп жарнамалап жататындар бар. Олардың арасында шынымен интернет арқылы сауда саттық жасайтындармен қатар, алаяқтықпен айналысатындар да бар. Мысалы, соңғы үлгідегі ұялы телефондарды өтірік жарнамалап, тек 2-3 телефон ғана қалды, негізгі бағасы 500 000 теңге болса, өз бағасы 350 000400 000 теңгеге береміз деп адамдарды қызықтырады және сатып алушыларға «QIWI-әмиян (QIWI-кошелок)» арқылы ақша аудару керектігін айтады. Міне бұл банк арқылы емес QIWI-әмиянмен жасалынатын алаяқтықтың түрі. Көбінесе QIWI-әмияндардың номері шетелдерге тиесілі болып келеді. Қазіргі кезде тағы бір қылмыс түрі анықталуда. Яғни, уатсап әлеуметтік желісі арқылы бейтаныс бір номермен өзінің туысының фотосуретін қойып сол кісінің атынан хат жазысып отырғандай смс жіберіп, өзінің бір жағдайға ұшырап қалғанын, тез арада ақша аударып жіберуін сұрайды. Жәбірленуші оның фотосуретін көріп өзінің туысы екен деп ойлап айтқан номеріне ақша аударып жібереді. Ақшаны алған алаяқ бірден ұялы телефонды өшіріп тастайды. Ертесіне жәбірленуші өзінің туысына хабарласып не болғанын сұрағанда ешқандай ақша сұрамағанын, ондай ұялы байланыс номерін танымайтынын айтады. Осылай алаяқтық қылмысы жағдайлар бар.

Интернет алаяқтықпен айналысатын адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Олардың кінәсі дәлелденсе, 4000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаса, мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Өткен жылы 28 алаяқтық орын алған. Оның 4-і ашылмаған, 13 істің күдіктілері анықталған, 4 іс өндірісте. Бірақ мұндай интернет алаяқтықтың ашылуы қиынға соғып отыр. Өйткені оның әдістәсілдері күнбе-күн жаңаруда, хаккерлік механизм де сан құбылып отыруымен сан соқтырып кететіні жасырын емес. Сонымен қатар, ең бастысы, ешкімге банк шотыңызды толық нөмірін, құпия сөздерін беруге, айтуға міндетті емессіз, осыны ұмытпаңыздар, – дейді сала маманы. Одан бөлек, кейбір алаяқтар әлеуметтік желілердің бірінен жас қыздардың атынан парақша ашып, онда көркі көз қызықтыратын сұлулардың суретін салады. Сол аккаунттан жігіттерге достық ұсыныс жіберіп, әңгімеге тартады. Кісінің көңілін аударатын, қызықты посттар жазып, қалталы әрі жеңіл жүріске бір бүйрегі бұрып тұрады-ау деген азаматтардың жазбаларына үнемі пікір қалдырып жүреді. Жеке чатта әңгімелесуге қол жеткізгеннен соң арулар әлдебір себептермен «достарынан» ақша сұрай бастайды. Көп тараған себептердің бірі мынау: ғаламтордағы қылықты ару өзі сөйлесіп жүрген досы тұратын қалаға бір шаруалармен бармақ жоспары барын, бірақ жол жүруге біршама қаражат жетпей тұрғанын айтады.

Қаражат «қолын байлаған» аруға мәрттігі ұстап көмектеспек болатындар да көп. Алаяққа керегі де осы. Ал, алданған жомарт таныс та бейтаныс істүссіз ғайып болғанда ғана алданғанын түсінеді. Сонымен қатар қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру арқылы ақша табуға машықтанып алғандар да аз емес екен. Бұл да әлеуметтік желідегі алаяқтықтың кең тараған түрі. Мұнда ауыр дертке шалдыққан, шаңырағында қайғылы жағдай болып, қаражатсыз қалған адамдар мен отбасылар туралы жариялап, елден көмек сұрайды. Ұсынылған күмәнді есеп-шоттар мен электронды әмияндарға ойланбастан ақша аудара салатындар болмаса, ондай алаяқтар туралы да айтпас едік... «Сыныптастар бас қосады. Ақшаны мен жинап жатырмын», «Телефонымда бірлік бітіп қалды, қаланың сыртында жүр ем. Ақша салшы» деген сылтаулармен оңай пайда тапқысы келетіндерді күнде көріп жүрміз. Тіпті, ондайларға мән бермейтін де болғанбыз. Ал, енді жоғарыда аталған алаяқтықтарға тап болмас үшін әрбір әлеуметтік қолданушылардан барынша сақтық талап етіледі. «Жаңа таныстармен» мұқият тексермей, ортақ таныстардың бар-жоқтығына көз жеткізбей сұхбаттаспауға, аса қажет болмаса жеке өміріңізге қатысты суреттер, бейнежазбаларды әлеуметтік желіге жарияламауға, «сырластарыңызбен» құрған сұхбаттарды ізін суытпай өшіріп отыруға тырысыңыз. Ең бастысы, ел аузында ертеден келе жатқан «сақтансаң – сақтайды!» деген тәмсіл әлеуметтік желіні де айналып өтпейтінін есте сақтаңыз.

Оңай табыс табатын жұмыстардың бірнешеуі жайлы сөз еттік. Осы айтылған ақпараттарды қорытындылай келе мынадай ой түйеміз.
Бұл өмірде барлық нәрсенің сұрауы бар. Жеңіл жолмен табылған ақша ешкімге құт алып келмейді. Жеңіл келген ақша желмен кетеді. Бай боламын деп жүріп, тура жолдан тайып, қаптаған мәселенің ортасында қалып кетіп жүрмеңіз. Алла байлықты кез келген құлына береді. Тек сол байлықты дұрыс жолмен таба білу қажет.

Әсел Рзаева

Тағы да оқыңыз: