Kyzylorda-news.kz. Гүлден гүлге қонып, нәр жинап жүрген ара еңбекқорлығымен әрбір жанға үлгі. Тіршілігіне мән берсеңіз, темірдей тәртіпке бас иесіз. Аралар үлкен отбасы болып тіршілік етеді. Омартада аналық, аталық, жұмысшы, күзетші аралар қалыптасқан белгілі заңдар мен ережелерге бағынады. Әрбір ара өзінің міндеттерін мүлтіксіз орындайды. Гүлдерден бал жинамаған араны күзетшілер омартаға кіргізбей қояды. Оларға да жатып ішер, бойкүйездер керек емес. Аралар тазалықты сүйеді. Сондықтан ара ұстасаңыз, омартаның мұнтаздай таза болуына мән беру керек. Үнемі ыждағаттап тазалап, мұқият қадағалағанда ғана сапалы бал жинай аласыз. Араны балаша бағып-қағып, таза ара балын жинап отырған Жалағаш ауданының тұрғыны Ғазиза Асқарбекқызы осылай дейді.

Ғазиза Асқарбекқызының жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 600 мың теңге қайтарымсыз қаржы алып, өз ісін бастағанына да біршама уақыт болыпты. Қазіргі ісі өнімді, табысы да көңіл қуантарлықтай.

«Алған қаражатымызды іске жаратайық деп, омарташылықпен айналысуды жөн көрдік. Қазір кәсіптің бұл түрі отбасы¬мыздың күнделікті жұмыс көзіне айналды. Өнімі жаман емес. Жалпы, бұл кәсіпте табысты болу үшін аналық аралардың санын арттырып отыру керек. Іс нәтижелі болып, өзін ақтауы үшін кемі 50 аналық ара бал жинауы қажет. Оның қақ жарымы шығынды жабуға кетсе, қақ жарымының өнімі табыс әкелуі мүмкін. Аналық араны өсірудің өзіндік құпиясы бар. Бұлар 5 жылға дейін өмір сүріп, бал жинауға қабілетті. Өте сезімтал, жарық пен түс, иіс пен жылуды сезу қасиеті жоғары деңгейде дамыған. Сондай-ақ, қазір тұтынушылардың таза балдан бөлек «ара сүтіне» сұранысы көбейді. Қазір осы бағытта да жұмыс жасап жатырмын. Әрине қиын, бірақ қиындықты еңсерген адам ғана табысқа жетпей ме», – дейді Ғазизаның жолдасы, омарташы Ерік Тасыбаев.

Қазір Ғазизаның жинаған балы ауда¬нда ғана емес, өзге мемлекеттерде де сұранысқа ие екен. Биыл тұтынушылар қатары тағы да артқан, қазірден бастап тапсырыс берушілер жетерлік. Негізі таза балға жергілікті тұрғындар арасында да сұраныс көп.

Айта кететін жайт, дүниежүзілік ара шаруашылығы ассоциациясының дерегінше, әлемнің әрбір тұрғыны жыл сайын жалпы көлемі 1 килограмм бал тұтынады екен. Қазақстанда мұның мөлшері аз, әрине. Біздің тұтынатын бал 50 грамнан аспайды. Есесіне қантқұмармыз, әрқайсымыз жылына 36 килограмм шекер жейді екенбіз. Оның себебін бал бағасының тым жоғары болуымен байланыстырады кейбірі. Қазір нарықтағы балдың 1 килосы 1500-3000 теңге шамасында екен.

Омарташы отбасы алдағы уақытта өңір тұрғындарын сапалы балмен қамтамасыз етуді жоспарлап қойыпты. Мемлекеттен қосымша қаржылай қолдау тауып жатса, кәсіп көкжиегін кеңейту ойда бар екен. 
 

image.jpg

Тағы да оқыңыз: