Kyzylorda-news.kz. Әр аймақтағы полиция бөлімдері жергілікті жердегі құқық бұзушылықтардың алдын алуда, қоғамдағы қылмыстардың азайып, ел дамуына кедергі келтіретін олқылықтарды болдырмауда табандылық танытып, нәтижеге жұмыс жасауға күш салып келеді. Әсіресе, осы салада жүрген, ауданның тыныштығын, қоғамның тұрақтылығын күзеткен тәртіп сақшыларының еңбегі  елеусіз қалмайды. Олар осы уақытқа дейін аудандық полиция бөлімінде де ахуалдың тұрақты болуы үшін жүйелі жұмыстар атқарып келеді. 

Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те, мінез де керек. Сондай-ақ ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осы ретте барлық аталған кәсіби талаптардың үдесінен шығып, елі үшін абыройлы қызмет етіп жүрген өңіріміздің тумасы Олжас Садықовты әңгімеге арқау етуге болады. Иә, шығармашылық топ Отан қорғаушылар күніне орай жұрт тыныштығын қорыған қызметкерлердің жұмысымен танысып, еңбектерін халыққа дәріптеу мақсатында аудандық по¬лиция бөліміне атбасын бұрғанбыз. Осылайша аудандық полиция бөліміндегі криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, аға лейтенант Олжас Садықұлымен әңгімелесудің реті келді.

«Мен тәуелсіз қазақ елінің топырағында дүниеге келдім, ашық аспан астында, бейбіт күнде өмір сүрудемін. Бұл – халқымыздың ең басты байлығы деп есептеймін. Мен бала кезімде тарихи кітаптарды, батырлық жырларды көп оқитынмын. Сонда еліміздің қандай қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткізгенін оқып, олардың батырлығына, ерлігіне қайран қалатынмын. Сол себепті болар бала кезімде халқымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғасам, еліміздің мықты қалқаны болсам екен деп армандаушы едім. Міне, бүгін балалық арманым орындалып, елімнің тыныштығын қорғау барысында еңбек етіп келемін», – деп әңгімесін бастады Олжас. 

Мектепті жақсы аяқтаған Олжас білімін жетілдіру үшін М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжіне оқуға түседі. Кейін Шымкент қаласындағы Заң университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білімін толықтырады. Сөйтіп оқуын бітіре сала Алматы облысындағы 32363 десанттық-шабуылдау бригадасына ел алдындағы әскери бо¬рышын өтеуге шақырту алады. Әскерге абыроймен барып келген Олжас көп ойланбай бала кездегі арманын жүзеге асыруға бел буады. Осылайша жас қызметкер 2020 жылы арман қуып ішкі істер саласына жұмысқа орналасады. Еңбек жолын аудандық полиция бөлімінде жедел тергеу тобында техник-криминалист болып бастап, кейін учаскелік полиция қызметінде де жұмыс жасайды.

«Әр мамандықтың өзінің қиыншылығымен қатар қызығы мен шыжығы болады. Жалпы, криминалдық полиция бөлімшесі қылмыстарды ескертуге, жолын кесуге анықтауға және ашуға, сондай-ақ іздестіруге бағытталған. Сондықтан жұмыс уақыты шектеусіз. Тергеу жүргізіп, күдіктіден жауап алынып жатса, жұмыс кестесіне сай жайбарақат кете алмайсың. Тәулік ішінде көптеген оқиғалар орын алады, сол себепті жедел уәкілдің жұмысы тынымсыз және шектеусіз», – дейді Олжас Садықов. 

Иә, криминалдық полиция бөлімі жұмысының қиындықтарына қарамастан, ол қызметіне адалдығын жоғалтқан емес. Соған сәйкес жас қызметкер кәсіби тұрғыда кемелденіп өсе бермек. Ең бастысы, қажымай еңбек етіп, заң талаптарына сай қызмет атқаруды өзіне мақсат еткен. Сондай-ақ кейіпкерімізге қиын мамандықтың қыр-сырын меңгеруге отбасы әрқашан қолдау көрсетіп отырса, жұбайы Қаршыға мен екі бүлдіршіні бар-лық қиындықты жеңуге күш береді.

Бір қызығы Олжастың жұбайы Қаршыға Әбуқадыр да ішкі істер сала-сында абыроймен қызмет етеді. «Өмірімізді бір арнада тоғыстырған осы жұмыс» деп әзілдейді Олжекең әңгіме арасында. Әрине екі жастың жауапты мамандыққа деген сүйіспеншілігі, ортақ көзқарасы, бір мақсатқа жұмыс жасауы, бір мүддені көздеуі, бір арманға қадам басуы осындай жауапты салада абыроймен қызмет етуге күш-қуат берері сөзсіз.

Тағы да оқыңыз: