Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4-курс студенті Асылхан Айсалбаев стенд атудан халықаралық Гран-при турнирінде екі алтын медаль жеңіп алды.
Шымкент қаласындағы «Shymkent Shooting Plaza» ату кешенінде өткен жарыс КСРО спорт шебері Владимир Почиваловты еске алуға арналды. Нысана көздеу және стенд атудан ұйымдастырылған XXXV халықаралық Гран-приге әлемнің 14 елінен 221 спортшы қатысты.
Асылхан Айсалбаев 21 жасқа дейінгі спортшылар арасында командалық есепте жеңімпаз атанды. Сондай-ақ аралас командалық «Микс» сайысында да үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленді.
Бұл жетістік – спортшының жүйелі дайындығының, қажырлы еңбегі мен жоғары шеберлігінің нәтижесі. Студенттің халықаралық аренадағы жеңісі еліміздің спорттық әлеуетін танытып, университет мерейін асқақтатты.
Айта кетейік, Асылхан Айсалбаев бұған дейін де стенд атудан өткен халықаралық және республикалық жарыстарда бірнеше мәрте чемпион атанып, жүлделі орындарды иеленген. 2025 жылғы тамыз айында стенд атудан өткен Азия чемпионатында әлемдік рекорд орнатқан.

