Kyzylorda-news.kz Үкімет отырысында егін жинау науқанының барысы қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік қолдаудың және заманауи агротехнологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті.
«Президент тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан аграрлық салаға айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді. Егін шаруашылығын орнықты дамытуға және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған субсидиялау тетіктеріне баса көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын қолдау шаралары бөлінген қаражаттың көлемімен ғана шектеліп қалмай, ең алдымен нақты экономикалық нәтижені қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтуде. Осы тұрғыдан алғанда, егін орағын сапалы әрі уақтылы өткізу – қойылған мақсаттарға қол жеткізудің басты шарттарының бірі», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Биылғы егіншілік маусымы оңай өтпегені, вегетация кезеңінде бірқатар өңірде қуаңшылық белең алып, астықтың шығымына қатысты алаңдаушылық туғаны баса айтылды.
Дегенмен, қабылданған шаралардың арқасында өнімділік орташа деңгейден жоғары болады деп күтілуде. Сондай-ақ астықтың сапасы мен балауызының деңгейі жоғары. Сақтауға қабылданған жалпы көлемнің 74%-дан астамы үшінші сыныпты және одан да жоғары сыныптарға жатады.
Премьер-министр қуаңшылық пен су ресурстары тапшылығы жағдайында су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптардың көлемін ұлғайтуға ерекше назар аударды.
«Заманауи агротехнологияларды қолдану және тыңайтқыштарды уақтылы себу нақты нәтиже беріп отыр. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су үнемдеу технологияларын қолданатын алқаптардың көлемін ұлғайту шаралары қабылдануда. Қуаңшылық әрі су тапшылығы жағдайында бұл бастаманың маңызы өте зор. Сондықтан егіншілерді заманауи су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру тәжірибесін жалғастыру қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр жаңбырлатып суару машиналарын, ауыл шаруашылығы техникаларын алғандай, жеңілдетілген қаржыландыру шарттарымен сатып алу мүмкіндігін пысықтауды тапсырды. Бұл қажетті техникаларға қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
