Kyzylorda-news.kz Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің басшылығымен, сондай-ақ отандық IT-компаниялардың өкілдерімен кеңес өткізді. 

Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген денсаулық сақтау саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Атап айтқанда, Премьер-министр ЖИ технологияларын қолдану арқылы медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізудің жаңа жүйесі элементтерімен танысты.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 23 бытыраңқы жүйеден e-Densaulyq бірыңғай экожүйесіне көшу жұмыстарының қарқыны туралы баяндады. Бүгінде 21 мыңнан астам медициналық ұйым, 221 мың медициналық техника және 257 мың медицина қызметкерінің деректері цифрландырылды.  Деректерді біріктіру және бақылауды күшейту нәтижесінде медициналық жүйеден 1,4 млн рецептіге байланысты пациенттердің ескірген 400 мың картасы алынып тасталды, бұл 31 млрд теңге көлеміндегі шығыстардың алдын алуға мүмкіндік берді. Медициналық қызметтерді негізсіз тұтыну 7,1%-ға немесе шамамен 7 млрд теңгеге төмендеді. Бұл ретте қателерді анықтау тиімділігі 3,5 есеге артты. 

Президент тапсырмасына сәйкес, Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құрылуда. Ол барлық шашыраңқы жекеменшік ақпараттық жүйелерді бір жүйеге біріктіріп, дәрігердің бірыңғай жұмыс құралына айналуы тиіс. Қазірдің өзінде Денсаулық сақтау министрлігінің 12 жүйесінің 7-еуі біріктірілді. Енді деректер бір рет енгізіліп, құжаттар автоматты түрде қалыптастырылады. Бұл дәрігердің ақпарат енгізуге жұмсайтын уақытын 40%-ға қысқартуға мүмкіндік берді.

Медициналық деректердің бірыңғай қоймасына 12 жеке медициналық ақпараттық жүйеден, сондай-ақ түрлі реестрлер мен анықтамалықтардан ақпарат біріктіріліп, мемлекеттік органдардың 50-ден астам ақпараттық жүйесімен интеграцияланды. Биылғы 1 шілдеден бастап 2012 жылдан бері жинақталған деректер автоматты форматты-логикалық бақылау негізінде медициналық көмекке ақы төлеу үшін пайдаланылуда.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, цифрлық бақылау нәтижесінде медициналық 38 ұйымда медициналық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның жоқтығы анықталды. Оның ішінде 27 ұйымның қызметі тоқтатылды.

Сонымен қатар сертификаттардың қолданылу мерзімі аяқталуына байланысты 2 188 медицина қызметкері жұмыстан уақытша шеттетілді. Жалпы алғанда, ақпараттық жүйелердің интеграциясы жалған қызметтерді анықтауға және оларға ақы төлеудің алдын алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қайтыс болып кеткен азаматтарға медициналық қызмет көрсету, бір дәрігердің әртүрлі аймақтардағы бірнеше медициналық мекемеде бір мезгілде жұмыс істеуі, қызмет көрсету жазбасын негізсіз тіркеу сынды басқа да заң бұзушылықтардың жолын кесуге септігін тигізеді.

Азаматтың бірыңғай цифрлық профилі қалыптастырылды, онда медициналық деректер тұрғылықты жері мен тіркелген жеріне қарамастан сақталады. Дәрігерге онлайн жазылу қызметін 5,6 млн адам пайдаланды. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап скринингтен өту туралы автоматты хабарламаларды іске қосу жоспарлануда. Мысалы, денсаулық сақтау жүйелері мен ішкі істер органдарының ақпараттық жүйелерін интеграциялау нәтижесінде көлік құралдарын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтар анықталуда. Бүгінде шамамен 10 мың жүргізуші куәлігін қолдану тоқтатылды.

Сурет: gov.kz

Тағы да оқыңыз: