Kyzylorda-news.kz Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында жазғы туристік маусымдағы қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Биылғы жазғы туристік маусымға жеке тоқталғым келеді. Бірінші кезекте, барлық әкімдіктер мен министрліктер демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша алдын алу шараларын қабылдауы тиіс. Демалушылар үшін курорттық аймақтарды дайындау жұмыстарын ақпараттық тұрғыдан барынша белсенді түрде жариялау қажет. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері мен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүйелі негізде жүргізу керек. Барлық жедел әрекет ету қызметтері жоғары дайындық және мониторинг режиміне көшірілуі тиіс.Бұл жұмысқа волонтерлерді де тартқан жөн», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр туристер үшін бағыт-бағдар көрсеткіштері, демалыс аймақтарында санитариялық талаптардың сақталуы және жауапты қызметтердің жұмысын үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Барлық демалыс орындарында, саябақтарда және жағажай аймақтарында әртүрлі тілдерде арнайы ақпараттық белгілер, схемалар мен бағыт-бағдар көрсеткіштері орнатылуға тиіс. Әкімдіктер демалыс орындарының меншік иелерімен бірлесіп, тазалық әрі санитариялық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуі қажет. Туристердің қауіпсіз әрі жайлы демалысы осы саланың негізгі стандартына айналуға тиіс. Жедел үйлестіру штабына мұны ерекше бақылауға алуды тапсырамын», – деп атап өтті Үкімет басшысы.
@KZgovernment
