Kyzylorda-news.kz Бүгін Қармақшы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Шыңғыс Әбділәмитұлының төрағалығымен кезекті жұмыс мәжілісі өтті. Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен бірқатар сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты талқыланды.

Мәжілісте алдымен Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен қаржы игерілуі жайында жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстары туралы мәліметтер ұсынылып, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты игерілуі туралы есеп берілді.

Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытбек Жылтыров аудандағы қызметтік, коммуналдық және арендалық тұрғын үйлердің жай-күйі туралы баяндады.

Сонымен қатар, егін егу жұмыстары, жер учаскелерін сауда-саттық арқылы айналымға енгізу және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытында жүргізіліп жатқан шаралар баяндалды. Осыған сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мен мониторинг жұмыстарын күшейту жұмыстарына қатысты тапсырмалар берілді.

Жиын қорытындысында аудан аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстары бойынша қалдықтарды шығару, абаттандыру, көгалдандыру және тұрғындардың санитарлық мәдениетін арттыру міндеттері де сөз болды.

Қармақшы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ш.Әбділәмитұлы жиында қозғалған мәселелер бойынша жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеп, аталған бағыттар аясында жұмысты жүйелі жалғастыруды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: