Kyzylorda-news.kz. 8 наурыз – ер азаматтардың назарынан тыс қалмайтын мерекелердің бірі. Осы күнді ақ шашты қариядан бастап жас жеткіншектерге дейін асыға күтеді. Бұл күн – отбасы берекесі мен ұйытқысы болып табылатын біздің аналарымыз, жарымыз, әпкелеріміз бен қыздарымызға жарқын көңіл мен жақсылық тілейтін күн. Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Арнұр Әлібекұлы өз саласының үздіктері атанған арулар мен іскер аналарды қабылдап, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады. Мерекелік кешке жиналған нәзікжандыларға облыс әкімінің алғыс хатын және аудан әкімінің мерекелік құттықтауын  табыстады.

«8 наурыз – ақжаулықты апаларымыз бен аналарымыздың, қарындастарымыздың, ару қыздарымыздың төл мерекесі. Сіздер өздеріңіздің ізеттіліктеріңізбен, сыпайылықтарыңызбен өмірді шуақтандырып, жақындарыңыз бен туыстарыңызға жылу сыйлайсыздар. Қазақ әйелі бағзыдан даланы қорғаған, ерлермен бірге ерлік жасаған. Қазақ әйелі тек қана ошақ басының емес, бүкіл өмірін, ұрпағын сақтаған, ерліктің үлгісін көрсеткен. Бесік тербейтін, батырды өсіретін, ұлтымызды сақтайтын, ертеңгі ерлерді өсіретін әйел, келін, ана. Тәуелсіз еліміздің ұл-қыздарын тәрбиелеп, азаматтарға сенімді тірек болып, қоғам ісіне білек сыбана кірісіп, қиын-қыстау кезеңде демеу бола білгені үшін аналар қауымына алғыс айтамыз. Сіздерге сәттілік пен шаттық көңіл серік болсын. Ер азаматтардың сыйластығы мен құрметіне бөлене беріңіздер. Әрдайым әдемі, жылы жүректі аналық абыройлы атақтарыңыз биіктей берсін. Зор денсаулық, мәңгі жастық пен сұлулық тілеймін», – деді аудан әкімінің орынбасары Арнұр Әлібекұлы.

Жиында өңірдің дамуына үлес қосып, қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген аналарымыз бен қыз-келіншектер сөз алды. 

«Әйел затының міндеті – сырттай қарағанда «отбасы, ошақ қасы» секілді қарапайым көрінгенімен, нақтырақ зер салсақ, үй ішінің шаруасы-кәсібімен айналысып, бала-шағаны бағып-қағу, өсіру, ағайын жұрттың береке-бірлігіне ұйытқы болу сияқты ең бір маңызды істер әйелге жүктеліп, әр шаңырақтың тұрмыс-тіршілігі, хал-ахуалы да осы үйдегі ақжаулықты аналарымыздың тірлігі болып келеді. Өз басым әйелді осылай деп бағалаймын. Өйткені адамзатты жарататын – әйел, ұлтын көбейтетін – әйел, ұрпақты ұластыратын – әйел, еркекті ер ететін – әйел. Бір сөзбен айтқанда, дүниенің тірегі – әйел. Махаббаттың асыл нұры – әйел. Өмір деген алтын сарай есігінің күміс кілті – әйел махаббаты. Сіздерді көктемнің шуақ¬ты күнімен тұспа-тұс келген 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мейрамымен шын жүректен құттықтап, әрқашан толысқан айдай ажарланып, күлімдеген күндей нұрланып, шаттық пен қуанышқа бөленіп, береке-бірліктің бастаушысы, игі істердің қостаушысы болып жүре берулеріңізге тілекшімін», – деді ауданымыздың іскер азаматшасы Күлпаш Қанатшаева.

Көктемнің шуақты күнінде өткен іс-шара, ерекше көңіл күйде өтті. Өңір өнерпаздарының қатысуымен ән мен биден шашу да болды. Жалпы, құрметке бөленген аудан арулары мерекелік іс-шарадан керемет әсер алып, аудан басшылығына алғысын жеткізді.
«Шуақ шашты жаныма гүл көктемім,
Ортасында отырмын гүл дестенің
Ақ батасын алмасам жақсылардың,
Бақыттың не екенін білмес пе едім» деп өлең арнаған ақын Айкүміс Орынбаева нәзікжандылар қауымын мере¬кемен құттықтады.

«Көктемнің осы бір ең жарқын мерекесі – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Арулар, сіздер – адамзаттың ең бір асыл перзенттері ғана емессіздер, сонымен бірге табиғат бойларыңызға ақыл мен төзім, іскерлік те дарытқан абзал да ізгі жансыздар! Баршаңызға мол бақыт, істеріңіздің сәтті болуын, қазақ еліндегі бейбіт пен тыныш өмірдің шырқы бұзылмауын тілеймін. Әр шаңырақтың ырысы ортаймасын, балаларыңыз бен жақын-жұрағаттарыңыздың барлығы да аман-сау, денсаулықтары мықты болып, сіздердің жан-жүректеріңізден ертеңгі күнге деген сенім мәңгілік айнымасын», – деді ол.

Мерекелік шара өңіріміздің өнерлі, іскер қыз-келіншектерінің қолынан шыққан бұйымдары қойылған көрмені тамашалаумен жалғасып, аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлының атынан сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды.

Тағы да оқыңыз: