Kyzylorda-news.kz. Бұрын-соңды дерті дендегендер Қызылорда, Ақтөбе сынды қаладағы жеке емханаларға ағылып, ем іздейтін. Оған себеп ауданымызда кей медициналық қызмет көрсететін орталықтың болмауы еді. Енді Арал ауданының орталығында тағы бір процедуралық орталық ашылып, сабылған жұрттың саябырсуына себеп болды. Бүгінде көптеген өт ауруларының алдын алған бұл орталықтың ашылғанына бір айдан асты. Біз де қазір халық сұранысына ие болған процедура туралы білмекке асықтық.
Өт аурулары – қазіргі кезде дендеп келе жатқан аурулардың бірі. Оның ауруы адам денесінде жылдап жүруі мүмкін. Ал қабынудың алғашқы белгілері пайда болған кезде, әдетте, түтіктердің люменінің бітелуін тастармен емдеу өте кеш болады. Мұндай жағдайда тек хирургиялық араласу көрсетіледі. Ал көп жағдайда тастардан туындаған созылмалы қабыну дәрігерді бүкіл өт қабын алып тастауға мәжбүр етеді. Осыған байланысты өт қабын тазарту кез келген жастағы адамдар үшін өзекті мәселеге айналып отыр.
Бұл жағдай Арал ауданында да көп кездеседі. Ең жасы 18 жастағы пациенттің өтін алдырту жағдайы болса, одан үлкендерін елестете беріңіз. Осы жағдайларды ескере отырып, қаламыздан өт тазалау орталығын ашқан Құралай Қалиқызы:
– Өзім 14 жылдан бері осы медицина саласында жұмыс жасаймын. Қазіргі таңда Арал аудандық жедел жәрдем бөлімшесінің фельдшері болып қызмет атқарамын. Қай кезде болмасын кезекшілік қызмет сайын міндетті түрде осы өт, бауыр ауруларынан зардап шегетін ең кемі 2 науқастан шақырту түседі. Өзім де біраз бұрын осы мәселені басымнан өткеріп, 2 рет облыс орталығына барып көріндім. Бірақ шыны керек, денсаулығың үшін ақшаны аямайын десең де жол қаражатының өзі отбасылы, бала-шағалы адамға ауырлық тудырады. Орталықты ашу осының бәрін ойлап, халықтың сұранысы мен «көмегім тисін» деген ниеттен туған идея. Осылайша өткен айда жобамды өз қаражатым есебінен іске асырдым, – дейді.
Клиника ашудағы басты мақсаты – халықтың сұранысын қанағаттандырып, аудандағы медициналық қызметтің дамуына өз үлесімді қоссам, көпшіліктің дертіне дауа тапсам деген ойы болған Құралай Меңдіқараеваның ниеті орындалды десек болады. Бүгінде ашылғанына көп болмаса да көптеген жанның еміне шипа болған орталыққа келушілер қарасы көп. Ауры жанына батып, қиналып келген науқастардың бәрі де орталық есігінен жүзі жадырап, көңілді шығады.
Ем-домын алып, алғысын айтуға келген жандардың бірі, Жақсықылыш кентінің тұрғыны Күнқияш Донбаева:
– Құралай ханымға алғысымды айтамын. Біраз уақыттан бері өт жолы ауруы мазалап, оң жақ бүйірім іскен болатын. Қалаларға қатынау тұрғысы да кейде отбасылық жоспарға сәйкес келе бермейтін. Аудан орталығынан орталық ашылды дегенді естіп, қуана ем қабылдауға келдім. Бірінші процедурадан-ақ ісігім қайтып, жақсы болып қалдым. Бойымнан жеңілдікті сеземін. Құралай ханымға ісінің алға басуын, талабының оң болуын тілеймін, – деп ізгі ниетін білдірді.
6 айда бір рет жүргізілетін ем-дом шарасы туралы да Құралай Меңдіқараева толық түсіндіріп өткен болатын. Барынша оңтайлы әдістерді пайдаланатынын әрі емнің әсері ұзаққа шыдайтындығын басты назарға алатынын айтқан ол:
– Алдымен өттің жағдайын арнайы УЗИ-ге тексертіп аламын. Себебі ауруы қатты асқынған науқастарға өт тазалау процедурасы қиындау жүреді. Егер барлық нормаға сай келсе, арнайы дәрілердің көмегімен ем жасаймын. Барынша адам денсаулығына жанама әсері жоқ, жағымсыздық, ыңғайсыздық әсер тудырмайтын аппараттарды пайдаланамын. Бағасы да қолжетімді, тек дәрілердің сомасын ғана есептеп, қызметім үшін көп қаражат алмауға тырысамын. Сондықтан да шығар, шалғай ауылдардан да шипа іздеп келушілер көп, – дейді.
Халық денсаулығы – ұлт байлығы. Денсаулықтың қадірін уақытылы біліп, күтім жасаудың ешқандай әбестігі де, жаманшылығы да жоқ. Осы ретте дамудың даңғыл жолын таңдауға жүрексінбей, алғашқы өт тазалау орталығын ашқан Құралай Қалиқызына сәттілік серік болсын деген риясыз тілегіміз бар.