Kyzylorda-news.kz. Бүгін Парламент мәжілісінде тілшілер министрден Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының көбісі уақыт белдеуін ауыстыруға наразылық танытып отырғанын айтып, осы мәселе ескеріле ме деп сұрады.
Арман Шаққалиев Шығыс Қазақстан тұрғындары үшін қабылданған шешім қайта қаралмайтынын айтты.
"Қаулы қабылданды және бірінші наурыздан бастап бәріміз бір уақыт белдеуінде боламыз. Шығыс Қазақстан облысындағы азаматтарымыздың мәлімдемелері мен ұстанымдарына келер болсақ, жақында барлық аудан мен елдімекенде тұрғындармен кездестік. Дәлелді базасы бар ғалымдар тобы нақты деректерге сүйеніп, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу қажет екенін түсіндірді", - деді Арман Шаққалиев.
Министр бірыңғай уақыт белдеуіне көшу қосымша шығындарға әкеп соқпайтынын жеткізді.
Сонымен қатар ол ел халқы пайдаланып жүрген барлық гаджеттерде уақыт белдеуі автоматты түрде ауысатынын атап өтті.
Ал Өскеменде тұрғындар жиналып, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің атына жергілікті уақытты бір сағатқа артқа аудармау туралы өтініш дайындаған еді.
Фото: freepik.com
