Kyzylorda-news.kz. Жақында Жалаңтөс батыр ауылындағы №14 "Сәуле" бөбекжай-балабақшасында "Ойын – бала үшін тәжірибе" тақырыбында ашық есік күні өткізілді. Онда Қазақтың ұлттық ыдыстары, 5 көлемінде тура және кері санау, геометриялық пішіндер, үй жануарлары, сүйкімді күшік, қазақша күрес төңірегінде балаларға түрлі көрнекілік арқылы көрініс қойып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл бағдарламаларға "Қарлығаш", "Айгөлек", "Балдырған", "Ботақан" мен "Балапан" тобының балақайлары қатыстырылды. Оларға тәрбиешілер: Анаркүл Ертаева, Айсұлу Қуанышова, Лаззат Саржанова, Гүлнар Жаңбыршиева мен Жадыра Шүкірбаева жетекшілік етті. 

Бұған қоса, қоянның туған күні тақырыбында түзете дамытушылық іс-әрекеті көрсетілді. Оны балабақша логопеді Майра Орынбаева ұйымдастырды. Сондай-ақ, педагог-психолог Ақбота Жанділова педагогтарға арналған ойын жаттығу бағдарламасын ұсынды. 

Ашық есік күніне оң бағасын берген Қазалы аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі бөлім бойынша әдіскері Лаура Махамашова жылы тілегін білдіріп, алдағы уақытта да балабақшалардың жұмысын арттыру мақсатында осындай басқосу ұйымдастырылатынын жеткізді. 

“Білім беру саласында өскелең ұрпақты дамыған елдердің қатарында көру үшін үздіксіз еңбек етуде кез келген педагогтың алдына қойған мақсаты – оқу-тәрбие сапасын көтеру үшін балалардың қызығушылықтарын арттырып, танымдық қабілетін дамыту. Бұл мақсатты жүзеге асыру педагогтың шеберлігі мен біліктілігіне байланысты. Егер сабақ тартымды да, қызықты болса, балаларға сабақты игеру де оңай болады. Сондықтан, балалардың білімді игеруге деген құлшынысын арттыру үшін әртүрлі жаңа технологиялар ауадай қажет. Сондай технологиялардың бірі – ойын элементтерін пайдалану. Ал, ойындарда іскерлік, қимыл-қозғалыс, дамытушылық тәсілі болғандықтан баланың ойлау, есте сақтау, қабылдау, қиял сияқты психикалық үрдістерінің дамуына көмектеседі”, – деді Лаура Тілекқызы.

Балабақша тәрбиешілерінің пайымынша, ойын барысында бала өзін қоршаған үлкендер сияқты, өзінің сүйікті әңгімелері мен кейіпкерлері сияқты өмір сүреді, әрі соған сай әрекет жасайды. Ойынды қолданумен бірге ойлауға, тілді дамытуға, шығармашылық әрекетін байытуға бағыт алады. Баланың ойын кезіндегі қимыл-қозғалысы дене бітімін жетілдірсе, ал қарым-қатынастағы пайымдаулары мінез-құлық әдептерінің қалыптасуына әсер етеді. Бала ойын арқылы бір әрекеттен екінші әрекетке ауыса отырып, өзіне түрлі ақпараттар алады, дүние сырын ашады. Ойын арқылы балалардың ықылас зейінін, сөздік қорын, байқампаздығын, есте сақтау, қабылдауын дамытады. Сондай-ақ, ойын – төзімділікті, алғырттықты, тапқырлықты, ұқыптылықты, ізденімпаздықты қалыптастыруға үлкен мүмкіндігі бар әдістердің бipi екендігін алға тартады білікті бала бағбандары.

Жалпы, бала тәрбиесі қиын да, жауапты міндет. Ол қоғамның, заманның бағыт-бағдарымен, тыныс-тіршілігімен бірге жүріп отырады. Ойын арқылы балалар қоғамдық тәжірибені меңгереді. Өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Ойын балалар үшін айналадағыны танып-білу тәсілі деген ойларын жеткізді мамандар.

Тағы да оқыңыз: