Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданы Руханият орталығында Ұлы Отан соғысының ардагері, елге еңбегі сіңген азамат, белгілі атбегі Нұрмағанбет Оспанқұлұлы мен жары, батыр ана Қазына Тайжанқызын еске алуға арналған тағылымды шара өтті. Кеш аясында қос тұлғаның өнегелі өмір жолына арналған «Тектілік тұғыры» кітабының тұсауы кесілді.
Тағылымды шарада Нұрмағанбет Оспанқұлұлының ел тарихындағы орны, майдандағы ерлігі, азаматтық болмысы мен атқарған еңбегі кеңінен сөз болды.
Еске алу кешін аудан әкімінің орынбасары Ғани Кенжеғараұлы ашып, ел тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың өмір жолын ұлықтау – кейінгі ұрпақ алдындағы маңызды міндет екенін атап өтті.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, Нұрмағанбет Оспанқұлұлы мен Қазына Тайжанқызының ұрпақтары, облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Шәменов, кітап авторы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының академигі Ғабит Әнешұлы Тұяқбаев және өзге де зиялы қауым өкілдері естеліктерімен бөлісіп, қос тұлғаның елге сіңірген еңбегі мен ұрпақ тәрбиесіндегі өнегесіне тоқталды.
Кештің мазмұнын жыр-термелер мен әсем әндер толықтырды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Марат Сүгірбаев, жыршы Бейсенбек Төлеубаев өнер көрсетіп, Нұрмағанбет атамыздың өмірімен, тағдырымен сабақтас шығармаларды орындады.

Кештің маңызды бөлігі – Нұрмағанбет Оспанқұлұлы мен Қазына Тайжанқызының өнегелі ғұмырын арқау еткен «Тектілік тұғыры» кітабының тұсаукесері болды.
Кітапта қос тұлғаның өмір жолы, ел мен жерге сіңірген еңбегі, отбасы құндылықтары, ұрпаққа қалдырған рухани мұрасы кеңінен қамтылған. Тұсаукесер рәсімінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Қали Әбдіұлы Омаров кітаптың тарихи-танымдық маңызына тоқталып, автордың еңбегіне оң бағасын берді.
Салтанатты рәсімде кітаптың тұсауы кесіліп, Қабылбек Нұрмағанбетұлы мен Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана басшысының орынбасары Айгүл Есенқызына кітапты облыстық кітапханалар жүйесіне табыстау рәсімі жасалды.
Шара соңында Қабылбек Нұрмағанбетұлы қорытынды сөз сөйлеп, ата-анасының өнегелі өмірін ұлықтап, олардың есімін ел жадында жаңғыртуға үлес қосқан барша ұйымдастырушылар мен қонақтарға ризашылығын білдірді.
