Kyzylorda-news.kz. Бүгін әлем бойынша Халықаралық волонтерлар күні. Волонтерлық – нағыз патриотизмнің көрінісі. 

Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын дәстүр ғасырлар бойы құндылығын жоймай келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлық қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету.

Тарихтан мәлім, кезінде Қазақстанға көптеген ұлт өкілдері жер аударылды. Сол қиын-қыстау уақытта халқымыз оларды бауырына басып, бір үзім нанын бөлісті. Шынайы жанашырлық көрсету – қазақ халқына тән қасиет. Міне, нағыз волонтер атанудың озық үлгісі деп осыны айтуымыз керек.

2020 жылдың 17-ші қаңтарында құрылған Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Волонтерлар орталығының ізгілікке толы жұмыстары көпке үлгі. Орталықтың құрамында 25 адам бар. Олар жыл басынан бері 54-тен астам іс-шара ұйымдастырып, 3000 адамға қайырымдылық көмегін көрсетті.

Облыстық ҚХА жанындағы Волонтерлар орталығының жетекшісі Алина Новикованың айтуынша адамдардың бір-біріне жаны ашып, елжіреп тұруы бала жастан қалыптасу керек. «Жаста берген тәрбие, жас қайыңды игенмен бірдей» дейтұғын аталы сөз бар. Бұл өмір елегінен өткізілген тәмсіл дейді ол.

«Волонтерлық – тек қайырымдылық емес. Оның ауқымы кең. Эковолонтер, биоволонтер, зооволонтердің барлығы бізбен тығыз жұмыс істейді. Өзіміз осы күнге дейін мыңдаған жануарларға қамқорлық көрсеттік. Жарақатын емдеп, қауіпсіз орындар тауып, ем-домын жасадық. Мақсатымыз – жануарларды қатыгез адамдардан қорғау. Көмекке зәру жануарларды қамқорлыққа алу. Бұл ретте жануарлардың өміріне бейжай қарамайтын азаматтар да қаржылай көмек беріп жатады. Осы мақсаттағы игілікті бастамалардың ауқымын кеңейту қажет. Кейбір тұрғындардың жануарларға деген көзқарасын өзгерту маңызды. 

Бұдан бөлек біздің орталықта эко, биоволонтерлар да бар. Олар экологияны, қоршаған ортаны қорғау ниетінде бүгінгі күнге дейін бірнеше жүз көшет егіп, күтімге алды. Еккен талдары жайқалып өсіп, қаламыздағы әдемі саябақтардың сәнін келтіріп тұр. 

Орталықтың белсенді мүшелері жалғызбасты қариялар мен зейнеткерлерге де қол ұшын созып, қолдан келген қамқорлықтан көрсетіп келеді. Егде адамдарға жасаған жақсылықтары үшін ақ бата алып, көңілдері қанаттанып қалады. Осындай жайлар тәлімді тәрбиенің қайнар бұлағы, бастауы десек, қателеспес едік », - дейді Алина Новикова.

Қорыта айтқанда, өңірлік Ассамблея жанындағы Волонтерлар орталығы өз жұмысын жан-жақты қолға алған. Мақсат, жоспарлары да көп. Олай болса, қиналғанға қол ұшын созатын игі дәстүрді жаңғыртатын жастардың қатары көбейе берсін деп тілейміз. 

 

Тағы да оқыңыз: