Kyzylorda-news.kz Жастарды қолдау – басты міндет әрі жарқын болашақтың кілті. Ел тұтқасын ұстайтын жастардың бастамаларын қолдау бойынша іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қызылорда облысында да бұл бағытта түрлі жобалар қолға алынған.
Өнер фестивалі
Қызылорда. Облыстық жастар ресурстық орталығы базасында дарынды, шығармашыл, талантты жастарды анықтау және қолдау, орындаушылардың кәсіби өсуіне ықпал ету мақсатында облыстық мәдени және шығармашыл жастары арасында іріктеу өнер фестивалі өтті.
Фестивальде сурет, қолөнер, хореография, дәстүрлі ән, халықтық ән, эстрадалық ән, аспаптық орындау, тележүргізушілік бағыттары бойынша 100-ден астам өнерпаз бақ сынады.
Әскерилендірілген кростан біріншілік
Арал. Аудандық білім бөлімі, Арал аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі, «Қызылорда облысының әскери спорттық клубтарының федерациясы» қоғамдық бірлестігі және аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Халық қаҺарманы Р.Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай жасөспірімдер арасында әскерилендірілген кростан аудан біріншілігі өткізілді.
№260 орта мектебінде өткен жарысқа 5 адамнан тұратын 7 команда қатысты. Олар жекелей әскерилендірілген крос қашықтығы қыздар үшін – 1300 м, ұлдар үшін – 1800 м, граната лақтыру, пневматикалық мылтық ату бойынша сайысып,өз күштерін ортаға салды. Жарыс нәтижесі бойынша №262, №71, №83 мектеп командалары І орын, №13, №14 мектеп командалары ІІ орын, №220, №2, №260 мектеп командалары ІІІ орынды еншіледі. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Арал ауданы бойынша білім бөлімінің мадақтамасы және медальдарымен марапатталды.
Интеллектуалды сайыс
Қазалы. 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің тапсырысы аясында «Жас Арал өрендері» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырумен колледж студенттері арасында 4 кезең бойынша интеллектуалды сайыс өтті.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Қазалы Көліктехникалық жоғары колледжі, ІІ орынды Қазалы Гуманитарлықтехникалық колледжі және ІІІ орынды Қазалы Агроколледжі иеленді. «Үздік талпыныс» номинациясы бойынша Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің студенті Аслан Лепес марапатталды. Шара соңында жеңімпаз топтар марапатталып, арнайы сыйсияпаттар табысталды.
Жақсы әлемдегі – жаңа Қазақстан
Қармақшы. Жалпы білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушылары арасында әкім кубогы үшін «Жаңа күн – жаңа Қазақстан» тақырыбындағы аудандық пікірсайыс турнирі өткізілді.
Пікірсайыс қозғалысын дамыту, насихаттау және қолдау, пікірсайысшылардың өзара ынтымақтастығын қалыптастыру мақсатында өткізілген дебат турнирінің нәтижесінде I орынды №121 мектептің «Фаворит» фракциясы, II орынды №250 мектеплицейінің «Жақсы пікір» фракциясы, III орынды №85 мектептің «Азимат» фракциясы иеленді.
Шағын футболдан сайыс
Жалағаш. Ұлы Жеңістің 79 жылдығына, Отан қорғаушылар күніне орай білім беру ұйымдарының қызметкерлері арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен спорттық жарысқа аудандық білім беру ұйымдарынан барлығы 20 команда, 100-ден аса ойыншы қатысты.
Сайыстың ашылуында білім бөлімі басшысы Т.Құрақбайұлы және аудандық кәсіподақ комитеті төрағасы Г.Құрманбаева қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі лебізін білдірді. Жеңімпаздар аудандық білім бөлімінің және кәсіподақ ұйымының дипломдарымен марапатталды.
«Жас құтқарушылар» экскурсияда
Сырдария. Болашақ ұрпақты Отансүйгіштікке тәрбиелеу, құтқарушы тәсілдері арқылы салауатты өмір салтының дағдыларын қалыптастыру және жасөспірімдерді әскери-патриоттық негізде тәрбиелеу мақсатында №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің Жас құтқарушы кадет сыныбының оқушылары Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар депаратаментінің мұражайына және Жедел құтқару жасағының мекемесіне экскурсия жасады.
Оқушыларға азаматтық қорғау саласындағы құтқарушылардың тыныс-тіршілігі таныстырылып, құтқару жасағының судағы және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша құралдарымен таныстыру жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шара соңында оқушылар өз алғыстарын айтып, «құтқарушы» кім және қаншалықты өз өмірімен тәуекел ететін қызмет екендігін түсініп, бұл экскурсия алдағы уақытта мамандық таңдауға оң ықпалын тигізетінін білдірді.
Салтанатты саптық шеру
Шиелі. Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр – Ұлы жеңіс күні және Кеңес Одағының батыры Рақымжан Қошқарбаев пен Халық қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орай салтанатты саптық шеру ұйымдастырылды.
Әскери саптық шерудің басты мақсаты – жас ұрпақты Отан қорғауға, Ұлы Отан соғысының батырларының ерлік істеріне тағзым етуге және елінің патриоты болуға тәрбиелеу.
Аймақтық пікірсайыс турнирі
Жаңақорған. Жаңақорған аудандық қоғамдық даму бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Төменарық ауылдық округі әкімінің аппаратының ұйымдастырумен 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай «Ынтымағы жарасқан елміз» тақырыбында аймақтық пікірсайыс турнирі өтті.
Пікірсайыс турнирі АПФ (Америкалық Парламенттік Формат) ережесі бойынша өткізілді. Тартысты ойын нәтижесінде I орынды №195 орта мектебінің «Симбиоз» фракциясы, II орынды №53 орта мектебінің «Ақиқат» фракциясы иемденсе, жүлделі III орынды №223 орта мектебінің «Шах» фракциясы еншіледі.
Фото: ortalyq.kz
