Еріктісі көп елдің іргесі берік

Қызылорда. Облыста ресми түрде 2 мыңнан астам волонтер тіркелді және 30-ға жуық волонтерлік топтар бар. 2022 жылмен салыстырғанда биыл волонтерлер саны 500-ге көбейді.

Аймақтың волонтерлері, ұйымдары, жастары, ҮЕҰның өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшыларының қатысуымен «Birgemiz» облыстық волонтерлер слеті өтті. 

Іс-шара барысында «Birgemiz» волонтерлер, Республикалық фронт офисінің өкілі, тренер Айбек Досымбековтың тәлімгерлігімен жас волонтерлерге шеберлік сағаты өткізіліп, тәжірбиесімен бөлісті.

120 қатысушы 5 топқа жіктеліп, ұлттық спорт сайыстарынан бақ сынасты, жүлделі орындар иеленген командалар марапат төрінен көрінді. 

«Аймақтағы волонтерларды ынталандыру және адвокация негіздері» пленарлы отырысында қоғамдық даму басқармасы басқармасының басшысы Алмасбек Әбілқасымұлы аймақ үздіктерін «Үздік волонтерлік ұйым», «Үздік волонтерлік бастама», «Үздік волонтер» секілді т.б. номинацияларымен марапаттады. 

Шара қонақтары БҰҰ-ның Қызылорда облысы координаторы Қанатбек Айтбайұлы, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы, Түркістан облысының жастар ресурстық орталығы қатысушыларға тілек білдіріп, игі бастамалардың сәтті жүзеге асуына, ел дамуы жолында адал қызмет ете беретініне сенім білдірді.

Пікірсайыс турнирі

Арал. Аудандық қоғамдық даму бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында, «Жас Арал өрендері» қоғамдық бірлестігі және Арал аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен, Сексеуіл кентіндегі №177, 231, 283 және №87 орта мектептің жоғарғы сынып оқушылары арасында «Ұлттық құндылық – ұлт болашағы» тақырыбында пікірсайыс турнирі өтті. 

Сайыс нәтижесінде №87 орта мектеп командасы бас жүлдені иеленсе, №283 орта мектеп оқушысы Арайлым Тарғынова және №177 орта мектеп оқушысы Арайлым Дарханқызы «Үздік спикер» номинациясымен марапатталды.

Отбасылық спорттық сайыс өтті

Қазалы. №266 мектеп-лицейде отбасы күніне орай «Жастар ресурстық орталығы» тапсырысы аясында «Жас Арал өрендері» жастар қоғамдық бірлестігінің және Мектеп-лицейдің ұйымдастыруымен «Толағай» отбасылық спорт сайысы өтті.

Сайысқа 9 отбасы қатысты. Бес кезеңнен тұрған сайысқа шапшаңдықпен, ептілікпен, батылдықпен қатысқан отбасылар арасынан оқ бойы озып, көзге түскен «Сәрсембаевтар» отбасы І орынды иеленсе, «Сүлейменовтер» отбасы ІІ орын, «Жөкеновтер» отбасы ІІІ орынды қанжығасына байланды. Барлық қатысушы отбасыларға арнайы номинациялар табысталды.

«Жастар рухы» кубогы

Қармақшы. Аудандық К. Рүстембеков атындағы жыраулар үйі ғимаратында жастар ресурстық орталығы және «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен жайдарман ойындарының «Маусымашар» сайысы өтті.

Сайыста 11 команда бақ сынады. Қатысушылар арасынан оза шыққан командаларға келесі кезеңге жолдамалар табысталды.

Шара барысында аудандық «Жастар рухы» ЖҚ-ның арнайы кубогы сарапқа салынып, әділқазылар шешіміміен ІІІ - Интернационал ауылдық округінің командасына табысталды.

«Жемқорлықсыз әлем» сурет сайысы

Жалағаш. Аудандық қоғамдық даму бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында «Қызылорда облысының жастар Одақтары» қоғамдық бірлестігі, аудандық жастар ресурстық орталығы және Оқушылар үйінің ұйымдастыруымен «Жемқорлықсыз әлем!» тақырыбында сурет салудан аудандық сайыс өткізілді.

Жарысқа барлығы 14 оқушы қатысып, нәтижесінде І орынды №203 орта мектебінің оқушысы Ұлпан Амандық еншілесе, ІІ орынды №124 орта мектебінің оқушысы Бақытнұр Жамбыл, ІІІ орынды №122 орта мектебінің оқушысы Ұлжан Тұрлыбай иеленді.

Жеңімпаздарға қаржылай сыйақы және барлық қатысушыларға арнайы алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Спартакиадада бақ сынады

Сырдария. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев медицина саласының еңбек сіңірген дәрігері Бектас Ердәулетовті еске алуға арналған медицина қызметкерлері арасындағы аудандық спартакиаданың ашылуына қатысты.

Спорттық іс-шарада «Сенім» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының төрағасы Сәулебек Ысқақов, аудандық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Еркін Жаңабайұлы, Бектас Ізетұлының ағасы Шыңтас Ізетов өз естеліктерімен бөлісіп, медицина саласын дамытудағы еңбегін айтып өтті.

Медицина қызметкерлер арасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа 7 команда, 150-ге жуық қызметкер спорттың 6 түрінен бақ сынайды.

Аудан әкімінің кубогы

Шиелі. 2024 жылдың 16 мамыр күні Салтанат сарайында «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің тапсырысымен «Салауатты өмір салтын насихаттау және жастар шығармашылығын дамыту» әлеуметтік қызметі жобасы аясында «Арман асуы» қоғамдық қоры және аудандық Жайдарман лигасының ұйымдастыруымен аудан әкімінің кубогы үшін Жайдарман ойынынан облыстық сайыс өтті.

Жарыста облыстан және ауданнан барлығы 10 команда бақ сынады. Нәтижесінде І орынды (150 000 теңге) «47 қырандар», ІІ орынды 100 000 теңге «Тел Сұлулары» /Телікөл ауылы/ иеленсе, ІІІ орынды (70 000 теңге) «Үй жақтың балдары» /Жөлек ауылы/ еншіледі.

Сонымен қатар «Үздік ойыншы», «Үздік әзіл» номинация иегерлеріне 20 000 теңгеден қаржылай сыйақы табысталды.

Күй кеші

Жаңақорған. М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде Аягөз Еркінбекқызының «Күй-көмбе» атты шығармашылық кеші өтті.

Кешті аудан әкімінің орынбасары Семсер Сыздықов ашып беріп, аудан халқының ыстық ықыласын жеткізді. Күйші Аягөз Еркінбекқызына Құрмет грамотасы мен сый-сияпат табыс етілді.

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары С.Сыздықов пен «Әлшекей Бектібайұлы атындағы дәстүрлі өнерді дамыту қорының» президенті, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Оңғарбай Дәнебеков қос кітаптың тұсауын кесіп, Әлшекей атындағы музыкалық өнер мектебінің директоры Қалдыбай Қошқарбаев пен өнер мектебінің ұстазы Сапар Отарбаевты марапаттап, төсбелгі тақты.

 

Фото: kzvesti.kz

Тағы да оқыңыз: