Kyzylorda-news.kz.  Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы мәселесі екенін мәлімдеді. Ол суды үнемдеу технологияларын қолға алуды тапсырды.

“Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер”, – деген болатын Президент.

Бүгінгі таңда таза ауыз су мә­селесі адамзат баласы үшін өзекті болып отыр. Дүниежүзінде миллиардтаған халық таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Десе де елімізде бұл бағытта жұмыстар жасалуда.

Біздің өңірде де  тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Аймақ халқының басым бөлігі таза ауыз суға қол жеткізіп отыр. Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жіті бақылауында.

Бүгінде облысқа қарасты Қызылорда, Байқоңыр, Арал, Қазалы қалалары орталықтандырылған ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілген. Ал, елді мекендердің 98,4 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Сондай-ақ, облыстағы ауыз су жүйесі мен оның сапасы жақсарту бағытында игі істер жүзеге асуда.

Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Ізмағамбетовтің айтуынша, қазір өңірдегі 4 қала мен 230 ауылдық елді мекеннің 204-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Ал, қалған 26 елді мекенді 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен қамту бойынша іс-шара жоспары бекітілген.

− Су ресурстары комитеті арқылы Арал ауданының Абай, Тоқабай, Ақбасты елді мекендерін «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырына қосу құрылыстары жүргізілуде. Биылғы жылға 2 жобаны іске асыру үшін 1,7 млрд теңге бөлінсе, ауыз сумен қамту және су бұру жобаларына республикалық бюджеттен 5,1 млрд теңге, облыстық бюджеттен 351 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінде жобалар бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде,−деді басқарма басшысының орынбасары.

Облыс орталығында қала тұтынушыларын үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етіп, кәріз суларын бұру және оны тазартуға баса назар аударылуда. Бұл бағытта «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорнының теңгерімінде бірнеше ауыз су нысаны бар.

−Тасбөгет кентінде орналасқан Бас су жинау кешені арқылы қаланың орталығы, Тасбөгет кенті, Саяхат, СПМК-70, «Сәулет», «Сырдария», «Ипподром» мен теміржол ауданы, қаланың шеткі бөліктері ауыз сумен қамтылады. Ауыз су сапасын кәсіпорынның базалық зертхана мамандары күнделікті тексеріп бақылайды. Оны қалалық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы қадағалайды. Ал, «Арай» су алу құрылымына 2013 жылы қайта жаңғырту жүргізіліп, Қызылжарма кен орнынан 13 ауыз су ұңғымасы пайдалануға берілген. Бұл су алу құрылымы, қазіргі таңда «Арай», «Арай-2», «Арай-3» тұрғын ауданы мен қаламыздың сол жағалауын ауыз сумен қамтамасыз етеді. Кәсіпорын теңгеріміндегі су алу құрылымдарының таза су жинау резервуарлары мен қалалық ауыз су жүйелеріне жылына 2 мәрте жоспарлы жуу, шаю және залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта жоспардан тыс тазарту, жуу, шаю және залалсыздандыру қолға алынып отыр», − деді Қызылорда су жүйесі МКК директоры Бауыржан Әбдіқаппарұлы.

«Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы филиалы да осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Аталған мекеме 2017 жылдың 1 маусымынан бастап еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті және Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің қолдауымен облыс бойынша ауыз сумен қамтамасыз ететін бірыңғай оператор ретінде жұмыс жасайды.

«Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы филиалы 6 топтық су құбырлары арқылы Қызылорда облысына қарасты 130 елді мекенді тұрақты түрде сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп келеді. Мұндағы барлық топтық су құбырлары бойынша халық саны 332 095 адамды құрайды. Ауыз судың сапасын бақылау барысында 2023 жылы оқшау су жүйелері бойынша 11 665 сынама алынып микробиологиялық және химиялық тексеру анализдері жасалды.

−Ауыз су сапасының нормадан ауытқушылық көрсеткіштері 2023 жылы Жалағаш ауданы бойынша орын алып, ұңғымаларға су сорғыту, гипохлорид кальцийімен залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу арқылы қалпына келтірілді», − деді «Арал» СЖКБД филиалы директорының орынбасары Ержан Әмиша.

Жалпы мемлекет басшысының тапсырмасына орай еліміздің барлық елді мекенінде таза су қолжетімді болуға тиіс. Ел Президенті Қ.Тоқаев өз Жолдауында 5 жылдың ішінде қалалар мен ауылдарды 100 пайыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысының халықты таза ауыз сумен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлуі түсінікті. Өйткені ауыз судың сапасы ел тұғындарының денсаулығына тікелей әсер етеді. Жалпы, осыған дейін елімізде халықты таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы, одан соң 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы жүзеге асырылды. Ал 2021 жылдан бастап бұл мәселе «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында шешімін тауып келеді. Бұл тұрғыда алдағы уақытта өңірде атқарылар жұмыстар легі жалғасын табады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: