Kyzylorda-news.kz Биылғы суару науқаны Сырдария өзені алабында тұрақты жағдайда өтіп, өңір диқандары мол өнім жинақтау жұмыстарын жүргізуде. Биыл Шардара су қоймасына келетін су көлемі болжамнан әлдеқайда асып түсті. Атап айтқанда, 1 қыркүйекке дейін 2 млрд 457 млн текше метр су түседі деп күтілсе, нақты көрсеткіш 3 млрд 341 млн текше метрді құрап, болжам 136 пайызға орындалған. Бұл көрсеткіш өңірдің ауыл шаруашылығы алқаптарын қажетті су көлемімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Жыл басынан бері Қызылорда облысында 174,8 мың гектар егіс егіліп, оның 70 мыңнан астам гектарында күріш өскен. Су жеткізуші ұйымдар мен шаруалар арасында электронды «Биллинг» жүйесі іске қосылды. Су ресурстарын заңсыз пайдалану мен «қара нарыққа» қарсы күрес жұмыстары да қатаң бақылауға алынған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Киікбайқызы баяндады.
«Биылғы вегетациялық кезең Арал-Сырдария бассейні бойынша тұрақты жағдайда өтті. Шардара су қоймасына келетін су көлемінің болжамнан жоғары болуы өңірдегі суармалы егістікті қажетті су көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Биыл алғаш рет енгізілген электронды биллинг жүйесі су беру қызметінің ашықтығын арттырып, тараптар арасындағы келісімшарттық қатынастарды жаңа сатыға көтерді. Сонымен қатар, судың заңсыз пайдаланылуына және "қара нарыққа" қарсы бақылау жұмыстары қатаң түрде күшейтілді». – деді Айгүл Әлібекова.
Өз кезегінде, «Қазсушар» өкілі Айдос Әлібекұлы атқарылып жатқан нақты жұмыстар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында атап өтті.
«Филиал Су ресурстары және ирригация министрлігінің тапсырмасына сәйкес суару науқанына Сырдария өзені сулылығын ескере отырып, дайындық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Біз тек су жеткізумен шектелмей, "судың қара нарығына" жол бермеу үшін күнделікті қатаң қадағалау жүргіздік. Бүгінгі таңда диқандарымыз өнім жинақтау жұмыстарын жүргізіп жатса, біз 2027 жылғы суару науқанына дайындықты ерте бастап, каналдарды бөгеп, кептіру және визуалды тексеру жұмыстарын жүргізудеміз». – деді Айдос Асанбаев.
Алдағы кезеңде жауапты мекемелер су ресурстарын тиімді әрі ұтымды пайдалануды, суару жүйелеріндегі ысырапты азайту және заңсыз су пайдаланудың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізетіндігін айтады.
