Kyzylorda-news.kz Елімізде орын алған су тасқынының салдарын жою және алдын алу шараларына Қызылорда облысының құтқарушылары да жұмылдырылған. Атап айтқанда, Ақтөбе, Ақмола облыстарында кезек күттірмейтін және авариялық-құтқару жұмыстарына өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен 52 маман, 8 техника, 22 мотопомпа және 2 моторлы қайық бар. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында су тасқыны кезінде өзге өңірлерде атқарылған жұмыстар мен су тасқынының алдын алу жұмыстары туралы айтылды.

– Авариялық-құтқару жұмыстары кезінде Ақтөбе облысындағы Құйылыс елді мекенінен өтетін Ырғыз бен Торғай өзендерінің қосылған арнасын нығайту мақсатында 9 585 дана қапқа құм толтырылып, ұзындығы 212 метр болатын бөгеттің жиегі күшейтілді. Ырғыз ауданына қатынайтын далалық жол бойында ауыл тұрғындарының күшімен салынған көпірді нығайту үшін 4 910 дана құм толтырылған қап төселді. Ақмола облысына қарасты Ешім ауылында су басу қаупі бар тұрғын үйлердің ауласының сырты 4 050 дана құм толтырылған қаптармен қоршалды. Сол елді мекендегі 265 тұрғын үйге және оның ішінде су басу қаупі жоғары 51 тұрғын үйге қауіптің алдын алу жұмысы атқарылды,- деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров.

 

– Су тасқынының алдын алу үшін қыс-көктем мезгілдерінде тиісті сала мамандары Сырдария өзені арнасындағы 10 су бекеттерінен, 4 су тораптарында су деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізді. Ықтимал су тасқыны кезеңінде халықты көшіруге 61 эвакуациялық қабылдау пункті дайындалды. Қосымша 22 уақытша орналастыру пункті, 13 жылыту пункті жұмыс жасады. Су тасқынына қарсы департаменттің күш-құралдарының құрамында 123 адам, 23 техника, 6 жүзу құралы, 33 мотопомпа мен 2 тікұшақ әзірленді. Өңірде су тасқыны кезеңі шығынсыз тәмамдалды, төтенше жағдай орын алған жоқ,- деді облыстық ТЖД төтенше жағдайдың алдын алу басқармасының бастығы.

Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Тағы да оқыңыз: