Kyzylorda-news.kz Құтырма – бұл осы вируспен зақымданған жануарлармен тікелей жанасу арқылы, тістеу немесе сілекейлеуі мен тырнауы нәтижесінде тері немесе шырышты қабаттардың зақымдануымен берілетін аса қауіпті ауру.

 Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы, яғни адамда аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейін 10-нан 90 күнге дейін, кейде 1 жылдан астам уақытқа созылады.

 Инфекция көзі-жабайы жыртқыштар (түлкілер, қасқырлар, қарсактар, шақалдар және т.б.), сондай-ақ үй жануарлары. Құтырма ауруының арнайы емі жоқ, бірақ алдын-алу өте маңызды. Сондықтан дәрігерлер жануарлардың тістеуі немесе тырнауы кезінде зардап шеккен адамға жараны сабынмен шұғыл жуу қажет екенін ескертеді. Өйткені сілтілі орта құтырма вирусын бейтараптандырады. Жарақаттанушы ары қарай дереу медициналық көмекке жүгініп,  құтырмаға қарсы антирабикалық  екпені алуы  қажет. Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Динара Жанабергенова осылай дейді.

Облыс тұрғындары арасында жыл басынан бері  аса қауіпті құтырма ауруы тіркелген жоқ, бірақ әр түрлі жануарлардың тістеуінен, тырнап, сілекейленуінен зардап шегіп, медициналық көмекке 688 адам жүгінген. Басым көпшілігі ауылдық елді мекен тұрғындары. 

Жарақат алған тұрғындардың  44,5% – 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде. Атап өтетін жағдай, тұрғындар арасында санитариялық ағарту жұмыстарын жүргізудің арқасында бүгінде жануардан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінуді кейінге қалдырмай, алғашқы күндері дәрігерге қаралушылар саны артқан. Жыл басынан бері жарақат алғандардың 97%  медициналық көмекке жүгінген. Уақытылы ем алу – аурудың асқыну жағдайларының алдын алуға мүмкіндік береді.

Медициналық көрсеткіштерге сәйкес жарақат алған тұрғындардың  1,7% ауруханаға жатқызылып ем алса, 53 пайызы шартты  және 47 пайызы шартсыз курс бойынша құтырмаға қарсы екпемен қамтылды.

Тұрғындар арасында құтырма ауруының алдын алу шараларын  күшейту мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласы  мамандарымен санитариялық-ағарту жұмыстары  тұрақты түрде жүргізілуде.

Тағы да оқыңыз: