Kyzylorda-news.kz  Қызылордада қаласында естіген жанды таңдандыратын ерекше есімді тұрғындар бар екенін білесіз бе? Есімі ерекше жан көп. Қазір аты-жөні де, тегі де бір әріптен басталатын есімдерді жиі кездестіруге болады. Көбіне мұндай есімдер сәттілік әкеледі деген сенім бар. Сондай-ақ эстетикалық тұрғыда өте әдемі және жинақы көрінеді. Мәселен, Аралбек Аралбаев ерекше есім арқылы кез келген қалада дос табатынын айтты. 

– Есімім арқылы жерлестерімді табу еш қиындық тудырмайды. Қызылордадан ат басын Алматыға бұрып, оқуға кеткенімде жат жер мені итермеді. Себебі есімім арқылы жерлес ағайындарымды таптым. Ол үшін ізденудің де аса қажеті болмады. Бар болғаны атымды атасам, көңілі жайсаң жерлестер дос болуға ұмтылатын еді. Есімім – Аралбек. Арал – туған өлкем. Ал «бек» деп бұрындары болыстарды, қолбасшыларды атаған. Есімімді әкем қойып, Аралдың бегі болсын деп ырымдаған екен. Әкемнің аты – Аралбай. Қызығы да сол. Менің толық аты-жөнім Аралбайұлы Аралбек Аралбаев. Көбісі атымды шатастырып, Аралбай деп те атайды. Бірақ бұл мені ренжітпейді, тек күлкі сыйлайды, – дейді есімі ерекше Аралбек Аралбаев. 

Сонымен қатар есімін аян беру арқылы қойылғандар туралы көп естиміз. Келесі кейіпкеріміз солардың бірі. Оның айтуынша есіміне сай жүрген жері тойға, қуанышқа толы. 

– Әпкем мен дүниеге келер алдында түс көріпті. Аян берген екен. «Әрекет түбі берекет» деген халық даналығына сүйене отырып, өмірі тек шаттықта толы болғай деп есімімді Берекет қойыпты. 

Сенсорлы телефондар қолжетімсіз кезде, әр үйде үй телефоны болатын. Мен жоқта достарым хабарласса, үйдегілер «Берекет ойнауға кетті, далаға шығып кетті» деп жауап қататын көрінеді. Қазақ халқы өзі наным-сенімге жақын емес пе? Ешқашан «Берекет жоқ» деп айтпаған екен. Есіміме қызығушылық танытанындар көп, қашанда жүрген жерім көңілді, мұңсыз болады. Мені ерекше ететін есімім өзіме де, өзгеге де ұнайтынына қуанамын, – дейді Берекет Әлібекұлы. 

Қазақстанда өте сирек кездесетін есімдер аз емес. Мәселен, Айтілес есімі небәрі екі-ақ адамда ғана бар. Келесі кейіпкеріміздің де ныспысы өте ерекше және сирек кездесетін есімдер қатарында. Сондай-ақ кейіпкер есім қоярда діни тұрғыда таразылай білу қажеттілігін алға тартады. Себебі бұл бала тағдырына, өміріне әсер ететін маңыздылық. Адам есімдерін зерттеуші ғалымдардың дәлелдеуінше, есім бала өміріне айтарлықтай әсер етеді, сәбилерді неғұрлым көркем есімдермен атаған сайын, баланың тұла бойы соған сәйкес көркемделе түседі.

– Менің есімімді білуімше анам қойған екен. Анамның осы таңдауы үшін әрқашан алғыс білдіріп өтемін. Отбасымда үш бауырым бар. Ағамның аты Бекжан, сіңілімнің есімі Әсем. Ал менің есімім – Аниса. Құжат бойынша Айниса. Өсе келе есімім өзгеріске ұшырап, Аниса атанып кеттім. Орыс мектебінде оқығандықтан ба, көпшілік осылай атады. Оған мен де, менің ортамда үйреніп кеткендіктен, есімімді осы өзгерісімен қабылдадым. 

Мағынасына келетін болсақ, Аниса есімі өте мейірімді, достыққа жақын, нәзік жан, талантты шығармашыл тұлға дегенді білдіреді. Ал діни тұрғыдан алып қарасақ, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың сүт анасының есімі болған. Сондай-ақ Құранда «АнНиса» деген аят бар екен. Алайда балаңызға діни есім беретін кезде тереңінен ойланған жөн. Себебі оның мағынасы ауыр, аттың киесіне ұшырауы да мүмкін. Мен баламның есімін қоятын кезде аян беріп, Ислам қоямын деп шешкен едім. Алайда отбасым діни есімнің адам өміріне қатты әсер ететінін алға тартып, ойымнан айныдым. 

Бұрын сирек болғанымен қазір Аниса есімді бүлдіршіндер көбейіп келеді. Балабақша тәрбиешілері менің есімімді естісе таңғалатындықтарын жасырмайды, – дейді Аниса Жеткерген. 

Бұрындары біртекті есімдер көп болушы еді. Алайда заман талабына сай бұл үрдіс өз мәресіне жетіп, соңғы жылдары заманауи аттар танымал бола бастады. Ертеректе кішкентай балаларға есім қойған кезде, Құран Кәрімнен қарап қойған. Бірақ, кішкентай балаға ондай ұлы есімдер ауыр болады деп, еркелетіп атап кететін болған. Құран Кәрімнен алынған есімдер баланың болашағына әсер етпей қоймайды. Себебі, ондай есімдер ұлылығы мол болып табылады. Мысалы: Кәусар, Фатиха, Ибраһим, Фатима, Азамат, Азат, Абдолла, Зиннат, Анвар, Зафира, Маха, Муна, Наджия, Самиха, Тахира және т.б.

Шариғат заңы бойынша, нәресте туған соң үш күннің ішінде оған азан шақырып, ат қою керек. Сәби есімі үш рет құлағына қайталанады. Діни пікірлер бойынша, азан шақырып қойылмаған есімдер ақырзаманда өз рухын, тәнін іздеп қиналысқа түсетін көрінеді-мыс.

Ат қою-бұл қазақтың салт-дәстүрінің бірі. Қазақтың салты бойынша, жас нәресте туған кезде ата – анасы ең сыйлы, қатты құрмет тұтатын адамына өз сәбиінің есімін қойғызады. «Балаға қандай ат қойылса, оның болашақ тағдыры соған байланысты болады», – деген наным – сенім бар. Бала – адамның бауыр еті. Қай ата – ана да өз шаңырағында шыр етіп сәби дүниеге келгенінде оған ең жақсы есімді қоюға тырысады. Негізінен, жаңа туған сәбиге есім таңдауға қазақтан дана, қазақтан шебер халық жоқ. Алайда, әрбір ата – ана баласына ат қоярда өзіне жүктелер жауапкершілікті жете сезініп, оған сақтықпен қарағаны, он ойланып, он толғанып барып қана жүрегі қалаған есімді сәбиіне қойғаны абзал. Өйткені, есімдердің адам өміріне, адам атына планеталардың ықпалы өте айрықша. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, өткен жылы 274 рет ұл балаға Әлихан есімі қойылса, 491 рет қыз балаға Медина деген есім таңдалған. Одан бөлек, ұлдар арасында Омар, Алдияр, Әмір, Әли, ал қыздар арасында Айша, Асылым, Айлин есімдері жиі қойылады екен.

 

Нұршат НЫШАНОВА
Фото: qadam.asia

Тағы да оқыңыз: