Kyzylorda-news.kz. Еліміздің барлық өңірінде нарықтағы баға күннен-күнге өсіп бара жатыр. Соның ішінде азық-түлік бағасының тым шарықтап кетуі халықтың наразылығын тудырып отыр. Бұны әлеуметтік желілердегі бағаға қатысты жазбалардан және оған жазылған төмендегі пікірлерден аңғаруға болады. Алайда Мемлекет басшысы бағаны тұрақтындыру және оны қатаң қадағалау жөнінде тиісті министрлікке, жауапты органдарға және әр өңірдің басшыларына жедел тапсырма берді. Бағаны реттеу бағытында жұмыс та жасалып жатыр. Азық-түлікті халық күнделікті тұтынады. Сондықтан оған сұраныс жоғары. Оның үстіне жазғы маусымда базарға түсетін бақша дақылдары мен жеміс-жидектердің дені сырттан тасымалданады. Жергілікті өнім аз, тіпті жоқтың қасы. Жасыратыны жоқ, еңкейіп еңбек етуге келгенде, көбінің кежегесі кейін тартып тұрады. Айтатын сылтауы – аяқ су.
Жуырда облыс орталығында өткен бір жиында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Жалағаш ауданының облыс орталығына жақын орналасуы бау-бақша мен фермерлік кәсіпті дамытуға мүмкіндік беретінін және соның нәтижесінде халықтың тұрмысы сәл де болса түзеліп, баға да тұрақталатынын айтқан еді.
Сөзден іске көшкен Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығы алма бағының өнімін биыл үшінші жыл нарыққа шығарып отыр. «Ер-Әлінің» алмасына облыс көлемінде сұраныс өте жоғары. Одан бөлек, осы уақытқа дейін Жаңадария аулының шаруалары қауынның сарала сортын көрші Ресейге экспортқа шығарып келді. Биыл да бұл аталған ауылдағы диқандар аяқ суды сылтау қылып үйінде құр жатқан жоқ, ала жаздай еңбек етіп, өздері бір жыл тұтынатын өнімін жинап алды. Ал күз Жалағаш ауданының орталығындағы базарда Таң ауылының бақша өнімдері сатылды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы азық-түлік қорын молайтып, бағаны тұрақтындыру мақсатында әр аудан, әр ауылдарда арнайы егістік жер дайындап, бақша дақылдарын егу жөнінде тапсырма беріп келеді. Аймақ басшысының сол тапсырмасына сәйкес көктемде Жалағаш ауданы бойынша 256 гектар егістік жер дайындалған. Есет батыр, Темірбек Жүргенов, Жаңаталап, Мәдениет, Шәменов, Ақсу ауылдарының тұрғындары да биыл бақша егіп, өнімін жеді. Арасында қыстық азығын да қамдап алған диқандар бар.
Сонымен бірге Жалағаш кенті тұрғындарына да Ақсу ауылдық округіне қарасты «Бостай», «Ақ Бостай» учаскелерінен бау-бақша дақылдарын егуге 12 гектар жер берілді. Аталған аумақтағы жерден 87 адам өз үлесін алды. Білегін сыбанып, қолына кетпенін алып қызу кіріскен шаруалардың жерге тастаған дәні мол өнім берді. Атап айтсақ, 12 гектар аумақтың 8 гектарына картоп, ал қалғанына бақша дақылдары мен көкөністер егілді. Мәселен, 10 сотық жердің 6 сотығына картоп, қалғанына қауын-қарбыз және қияр, қызанақ, сәбіз, асқабақ, қырыққабат, жүгері еккен Қуаныш Трықбаев биыл жоспардан артық өнім алған.
«Аудан әкімінің тапсырмасымен «Сәрке батыр» және «Абай» ИК шаруашылықтары көктемде халыққа егістік жер берді. Жерді баптасаң, мол өнімнен үміт бар. Тек ерінбей кірісу керек. Оның үстіне бұл базар бағасын тұрақтандырудың ең тиімді тәсілі. Әрбіріміз гектарлап егіп, алған өнімді базарға шығармасақ та, ауламыздан аядай болса да жер дайындап немесе осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, жаз бойы және қыс бойы жейтін бақша өнімдерін егіп алсақ, нарыққа тәуелді болмас едік. Сосын сұраныс болмаған соң алыпсатарлар өздері үшін бағаны түсіреді. Мәселен, мен биыл жаз бойы базардан бақша дақылдарын сатып алған жоқпын», – дейді Қуаныш Трықбаев.
Қуаныш Трықбаев 15 қарық картоп, 15 қарық қауын-қарбыз және майда дақылдар егіпті. Тым жақсы өнім жинаған. Келесі жыла да бау-бақша дақылдарын егіп, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Өзінің айтуынша, картоп бой алып, қауын-қарбыз пәлек жайғанша қажетті тыңайтқыштарын да өз мөлшерімен уақытылы беріп тұрыпты. Бақша егіп, өнім аламын деген адам оның бейнеті барын да ұмытпағаны жөн. «Алма піс, аузыма түс» деп шалқадан жататын жалқаулардың заманы өтті.



