Kyzylorda-news.kz. Заман талабы – жаңашылдықты қажет етеді. Сондықтан жаңғыру мен жаңарудың көштен қалмай, ілгері жылжуға жәрдем берер тетігі жетіп артылады. Әсте, әсіре сілтеушілікке бармай-ақ, орынды жүйелердің негізінде ілкімді істердің іргесін қалауға әбден болады. Тек салғырттықтың әсерінен сан соғып, кейін «бүйту керек еді» деген түсінікке тірелмесек болғаны. Бұл ел дамуына тікелей қатысы бар бүкіл саланың алдына қою керек міндеті болуы тиіс. Өйткені, халықтың тұрмыс тіршілігі мен әл-ауқаты, өмір сүру сапасының жақсаруы – ел дамуымен сабақтасты себептер. Қазіргі таңда өңірімізде өткір мәселелердің шешімі табылып, жаңашылдықпен жаңа бастамалар қолға алынды. Солардың бірі һәм бірегей жобасы деп халықты отандық телеарналармен қамту мақсатында «Отау ТВ» ұлттық спутниктік және эфирлік цифрлы хабар тарату жүйелерінің енгізілуі десек артық айтқандық емес.

Себебі, облыс тұрғындары көгілдір экраннан туындайтын келеңсіздіктерден арылып, сапалылыққа қол жеткізді. Иә, өткен жылы облысымыз цифрлық эфирлік телевизияға көшіп, облыстың 174 елді мекені қамтылған болатын.

Цифрлық хабар таратудың енгізілуімен отандық телеарналардың дамуында да серпіліс сезілетін секілді.

– Бүгінгі цифрландыру бағдарламасы 2010 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында өндірістік инновациялық дамыту» туралы жарлығына сәйкес басталып, информатикалық және жаңашыл қоғам, жаңашыл экономикаға өтуі үшін цифрлық телебағдарлама тарату жүйесі Қазақстан аймағына 100% таралуы көзделді. Осы ретте «Қазтелерадио» АҚ ұлттық оператор болып танылды. Сонымен қатар, 2010 жылдың желтоқсан айында республика тұрғындарына 44 отандық теле-радиоарнаны тегін қабылдауға мүмкіндік беретін «OTAU TV» ұлттық жерсеріктік теле-радиохабар тарату желісі пайдалануға енгізілді.

2012 жылы желінің екінші модернизациясы – цифрлық эфилік телехабарға көшуге дайындық басталды. Алғашқы болып Қызылорда қаласы және оған жақын орналасқан 36 елді мекенді қамтыған Цифрлық эфирлік телевизия жүйесі – Қызылорда радиотелевизиялық стансасында 2013 жылы іске қосылды. Ал, облыс көлемінде 16 РТС 2020 жылдың маусым айында пайдалануға берілді. Нәтижесінде, бүгінгі таңда облысымызды цифрлық теледидармен қамтуға 17 РТС қызмет көрсетуде. Бұл дегеніңіз өңіріміздің 174 елді мекенінің 550 мыңнан астам тұрғыны, былай айтқанда, 80 %-ы аталған қызметпен қамтылды. Облыста барлығы 30 РТС жоспарланған. Оның қалған 13-інің құрылысы келесі жылы басталады деп жоспарланып отыр,- деді «Қазтелерадио» АҚ Қызылорда облыстық радио телехабар тарату дирекциясының директоры Тасболат Абдикаримұлы.

Айта кетейік, халықты және ұйымдарды Ұлттық цифрлық телевизия қызметтеріне қосу үшін, облыс көлемінде 10 дилер жұмыс жасайды. Олардан жабдықты алуға және бірден орнатуға болады. Өздігінен цифрлық жабдық құрылғыны сатып алу және орнату үшін облыс аумағында 30 сауда нүктесі жұмыс жасайды.

Аналогты телевизияның ішінара өшіріліп, цифрлық жүйенің орнауы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны жасырын емес. Оның үстіне көк жәшіктің тұрақты көрермендері үшін кемшілігінен гөрі артықшылығы айқын, сапасы әлдеқайда жақсы болады. Сондай-ақ, кескінде кедергілер кездеспей, бейнелер бұрмаланып һәм бұлдыраусыз анық көрсетіледі. Міне, аналогтық хабар таратудан бас тартудың басымдығы да осында. Яғни, түрлі ақаулардан ада болып, цифрлық хабар тарату негізінде шалғай мекендегі халық та тың өзгерістерден тыс қалмайды. Тіпті, ауыз толтырып айтарлық артықшылықтың бәрін сала мамандары да тілге тиек етуде.

– Бұрын аналогты телевизия цифрлық телехабар тарату пайда болғанға дейін телевизиялық кескін мен дыбысты таратудың жалғыз әдісі болатын. Цифрлық хабар тарату аналогқа қарағанда әлдеқайда ұзақ қашықтыққа қабылданатын қорғаныс пен сигналдың жоғары деңгейіне ие. Цифрлық сигнал кедергіге төзімді және көрермендерге өзінің бастапқы түрінде, шу мен бұрмаланусыз, тіпті ең қашық елді мекендерге де жете алады.

Цифрлық телевизиялық хабар таратуды дамыту қолжетімді бағдарламалардың санын көбейтеді, интерактивті хабар таратуды енгізеді және халыққа қосымша қызметтер ұсынады. Бұл, сонымен қатар, тұрғындарды көп бағдарламалық ТВ хабар таратумен қамтудағы сәйкессіздіктерді жоюға, елдің барлық тұрғындарына ақпараттық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз етуге, телебағдарламалардың кескіні мен дыбысының сапасын жақсартуға көмектеседі,- деді «Қазтелерадио» АҚ филиалы Қызылорда облыстық радио телехабар тарату дирекциясы сату орталығының басшысы Ұлықбек Құтышев.

Иә, бүгінгіге қарағанда бұрын теледидар көретіндер көп болатын. Әсіресе, сүйікті сериалдарын асыға көретін көрермен көгілдір экранның алдына жайғасып, жаңалықтарды да уақытында қосып үлгеретін. Ал, қазір интернет пен қалта телефонның дәуірі басталып, жұрт жапатармағай сонда үдере көшкен тәрізді. Әйтпесе, бұрын сериалдың қызығына түскенде кескін кедергісі, дауыста да әлдебір шу секілді келеңсіздік туа қалса, сол мезетте-ақ үйдің балалары шатырға шығып, терезеден «былай бұр, жоқ былай» деп әбігерге түсуші еді. Хош. Енді ондай дегбірсіздікті ешкім таныта қоймас. Интернеттің дамуын былай қойғанда, жаңашылдықпен қатарласа жүріп жаңғыру, жоғарыда айтылғандай өзгерістердің енуі тыныштықпен тыным тауып, тыңғылықты көруге мүмкіндік береді. Осы ретте, «Отау Тв» да халыққа сапалы қызмет көрсетті және тұрғындарға қолайлы деп айта аламыз.

— «Отау Тв» брендімен тікелей спутниктік хабар тарату қызметі 2011 жылы енгізілген. Отау Тв-ге қосылған кезде абоненттер 66-дан астам отандық теле-радио арналарды тегін пакетте, 140-тан астамы ақылы Premium пакетте көре алады. Сонымен қатар, бұл қызметтің басты артықшылығы – қосылудың қарапайымдылығы және ата-ана бақылауын орнату мүмкіндігі бар үш тілдегі ыңғайлы пайдаланушы мәзірі бар. Бүгінгі таңда абоненттер саны 1,5 миллионнан асады, бұл Отау Тв қызметінің сапасы мен қолжетімділігін растайды,- деді Ұ.Иманбердіұлы.

Қорыта келгенде, қойылған мақсаттың қаз-қалпында қалмай, жүйелі жүзеге асқаны жағымды жаңалықтар легін толықтыра түспек. Әрі халықтың жағдайы үшін жасалған істердің нанымды нәтижесі көп ұзамай жемісін беретініне шүбә жоқ. Сондықтан сапалы дүниеге келгенде сырт қалмай, жақсыға ұмтылған жөн.

Тағы да оқыңыз: