Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Көмекбай Қаракөзов атындағы №235 мектеп-гимназиясында кездесу өтті. Шараға өңірдегі тарих, мәдениет және қоғамдық келісім бағытында еңбек етіп жүрген сарапшылар арнайы шақырылды.
Кездесуге облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары, философия докторы (PhD) Дәулет Омаров, тарих ғылымдарының магистрі Бақытжан Ахметбек, «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Ерсұлтан Есов және «Атамекен» мұражайының жетекшісі Күлаш Алматшақызы қатысты.
Жиын барысында Сыр өңірінің тарихи даму кезеңдері, 1925–1929 жылдары Қызылорданың астаналық кезеңі және бұл уақыттың ел тарихындағы орны кеңінен сөз болды. Сарапшылар Алаш қайраткерлерінің мемлекет құру ісіне сіңірген еңбегіне тоқталып, олардың білім мен ғылымды, ұлттық бірлік пен мәдени өрлеуді басты құндылық ретінде ұстанғанын атап өтті.
Сонымен бірге кездесуде өңір аумағындағы археологиялық ескерткіштерді сақтау, тарихи-мәдени мұраны насихаттау, жастардың туған өлке тарихына қызығушылығын арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Оқушылар көне қалалар, батырлар мен тұлғалар жайлы сұрақтар қойып, мамандардан толыққанды жауап алды.
