Kyzylorda-news.kz Былтыр Қызылорда облысы үшін табысты жыл болды.  Экономиканың дамуын айқындайтын негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім қалыптасты. Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында 300 млрд теңгеден астам қаржыға 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында баяндады. 

Спикер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз конференциясында өңірдің 2025 жылы атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарларына кеңінен тоқталды.

«Біздің басты міндетіміз - өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, сапалы медициналық көмек көрсету және тұрғындарға қолайлы өмір сүруге жағдай жасау. Алдағы үш жылда, яғни 2026-2029 жылдар аралығында, өңірде 48 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 10,3 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Биылдың өзінде 21 жобаны іске қосу көзделген. Оның ішінде агроөнеркәсіп кешеніне - 5, өнеркәсіп саласына - 6, қызмет көрсету саласына - 10 жоба тиесілі. Атап айтқанда, қуаттылығы 3,5 мың тонналық құс фабрикасы, 5,2 мың тонналық тауарлы сүт фермасы, «Pana» қонақ үйі, қағаз және картон өндіру кәсіпорны, сондай-ақ жалпы қуаттылығы 50 мегаватт болатын екі күн электр станциясы пайдалануға беріледі, - деді Данияр Еренғалиұлы.

Сонымен қатар, 14 ірі жобаның құрылысы басталмақ. 

«Өткен жылы тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені мен «Rixos» қонақ үйінің құрылысы қолға алынды. Ал «Табиғи тас Қызылорда» серіктестігі жылына 1,1 млн тонна әк өндіретін зауытты биыл іске қоспақ. Жақын арада «Шалқия» кен-байыту фабрикасы мен «Seven Rivers» компаниясының шыны бөтелке шығаратын зауытының құрылысы басталады. Сондай-ақ, испандық «Roca Group» компаниясымен санитарлық-техникалық бұйымдар шығаратын жоғары технологиялық зауыт салу жөнінде инвестициялық келісімге қол қойылып, биыл құрылыс жұмыстары жүргізіледі, - деді облыс әкімінің орынбасары. 

Қызылорда облысының аумағында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 6 жоба сәтті жүзеге асырылды.

«Ұлттық жоба аясында Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы көпбейінді аудандық ауруханаларда қосымша құрылыстар жүргізіліп, Шиелі мен Арал аудандарында жұқпалы аурулар бөлімшелерінің жаңа ғимараттары пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Жаңақорған және Арал аудандарында «Қамқорлық» балаларды оңалту орталықтары ашылды. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жанынан «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы іске қосылып, ерекше күтімді қажет ететін балаларға көрсетілетін қызмет сапасы айтарлықтай артты. Облыс орталығында да ірі медициналық нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бір ауысымда 100 келушіні қабылдайтын емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жоспарға сай жүзеге асуда. Былтыр денсаулық сақтау саласында 12 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, - деді Данияр Еренғалиұлы. 

Алдағы кезеңге арналған жобалар да назардан тыс қалмады. Қызылорда қаласының Сырдария өзенінің сол жағалауында 500 келушіге арналған қалалық емхана, ауысымына 400 келушіге арналған №5 қалалық емхана және Арал қаласында ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жақын уақытта аталған нысандардың құрылысы басталмақ. 

«Қызылорда қаласында 200 төсек-орынға арналған перинаталдық орталық салу үшін типтік жобаны қайта қолдану арқылы демеушілер есебінен жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы үш жылда медициналық мекемелерге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, 2025 жылы МРТ, КТ, маммограф және рентген аппараттары орнатылды. Нәтижесінде медициналық құрал-жабдықтармен қамтылу деңгейі 2022 жылғы 83,2 пайыздан 90,2 пайызға дейін өсті. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейден де жоғары», - деді Д.Жаналинов.

Өңірде мүгедектігі бар адамдарға сапалы әлеуметтік көмек көрсету басты назарда. Қазіргі таңда облыс бойынша 34 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оларды оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес 35 454 техникалық оңалту құралымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді.

- 2023-2027 жылдарға арналған бекітілген жоспарға сәйкес, 2025 жылы облыс көлемінде 360 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толықтай бейімделді. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету мақсатында 67 автокөлік инватакси бағытында жұмыс істеуде. Жыл басынан бері бұл қызметпен 2000 адам қамтылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Қызылорда қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Инклюзивті спорт орталығының заманауи ғимараты 2026 жылдың қаңтар айында пайдалануға берілді. Орталықта волейбол, күрес залдары және жалпы дене дайындығына арналған жаттығу алаңдары қарастырылған. Мұнда бір мезетте 131 адам тұрақты түрде спортпен шұғылдана алады. Сондай-ақ «Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы аясында 142 балаға оңалту құралдарын пайдалану бойынша оқыту жүргізілуде. 2024 жылдан бері облыстағы барлық санаттағы мүгедектігі бар азаматтарға Республика күні қарсаңында облыстық бюджет есебінен 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді. Сонымен қатар, «Қандас» республикалық деректер қорының мәліметіне сәйкес, 2025 жылы 14 адамға қандас мәртебесі беріліп, 3 адамның мәртебесі ұзартылды. Биыл шетел жұмыс күшін тартуға 598 бірлік квота бөлінді. Қазіргі таңда облыста 38 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Онда 9108 қазақстандық маман еңбек етуде. 2025 жылға бөлінген 10 мың еңбекші көшіп келушілер квотасы толық орындалып, жергілікті бюджетке салық түсімдері қамтамасыз етілді,- деді облыс әкімінің орынбасары.

Тағы да оқыңыз: