Kyzylorda-news.kz Биыл ел эконмикасындағы ең маңызды саланың бірі – өңдеу өнеркәсібінде оң өзгерістер өте көп. Салынған инвестиция мен шығарылған өнім көлемі едәуір артқаны байқалады. 10 айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асып, 5,8%-ға өскен. Бұл туралы апта басында өткен Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді. Бұдан бөлек, осы салаға қатысты бірнеше министр жыл басынан бері атқарылған жұмыстар есебін берді. 

Бұл бағытта Сыр өңіріндегі жұмыс көлемі де ауқымды. Жалпы елдегі және өңірдегі ахуалды тағы бір саралап көрейік. Үкімет отырысында алдымен өнеркәсіп және құрылыс министрі баяндама жасады. Оның айтуынша, өсім ең алдымен металлургия, машина жасау, химия саласы, сондай-ақ құрылыс материалдары сынды негізгі сегменттерде өндіріс көлемін ұлғайту есебінен қалыптасып отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде жыл соңына дейін 1,5 трлн теңгеге 190 жобаны іске қосу жоспарланса, бүгінде 147 жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Олардың ішінде қытайлық Chery, Changan, Haval және Tank брендтерінің жеңіл автомобильдерін, тамақ өнеркәсібіне, тұрмыстық техникаға арналған алюминий қаптамаларын, сондай-ақ жүнді қайта өңдеу және тоқыма материалдарын өндіру бойынша жобалар бар. Егер қалған жобалар толық өндірістік қуатына шыққан кезде өңдеу өнеркәсібінің көлемі жылына 2,3 трлн теңгеге ұлғаятыны айтылды. 

Айта кететіні, бұл тізімде Жаңақорған ауданының да үлесі бар. Биыл бізде бірнеше нысан іске қосылуда. Ведомсвто басшысының айтуынша, 2022 жылдан бері жеңілдікпен несиелеу арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі 116 жоба қаржыландырылды. Мұнда мемлекеттік даму институттары жаңа өндірістерді қолдауда маңызды рөл атқаратыны белгілі.

Министр еліміздегі өндірушілер, алдымен отандық нарықты шикізатпен қамту керек деген тапсырма берді. Одан кейін ғана шетке экспорттауға лицензия беріледі. Бұл дұрыс бағыт, өйткені импортталатын тауарлардың құны сан құбылады. Оған делдалдар мен доллардың бағасы әжептеуір әсер етеді. Бүгінде аталған жүйе негізінде мыс, алюминий және мырыш өндірушілер жұмыс істеуде. Сондай-ақ 10,4 трлн теңге инвестиция тартылған 16 арнайы экономикалық аймақ, инвестиция көлемі 1,6 трлн теңгені құрайтын 305 жоба жүзеге асырылып жатқан 66 индустриялық аймақ жұмыс істейді.

– Шағын және орта бизнесті қолдау үшін шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 25 мұнай өңдеу зауыты құрылды, онда 44 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта индустриялық алаңдарды басқарудың жаңа тетіктерін пысықтау және түрлі көздер есебінен инфрақұрылымды қаржыландыруды қамтамасыз ету жоспарланып отыр, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде өңдеу көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту көзделіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты. Оның айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өнімдерін өндіру көлемі 14,52 млн тоннаны құрады, осы жылы 14,55 млн тонна өнім өндіру көзделіп отыр.

2040 жылға дейін мұнай өнімдерін өндіруді 14,52-ден 29,2 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар 2040 жылға қарай мұнай өнімдерінің сапасын қазіргі экологиялық стандартынан K4-тен K5+ деңгейіне дейін тұрақты түрде жақсарту және сыртқы нарықтарға экспорттау күтілуде екен. Отандық дәрі-дәрмектердің құнын төмендету және саланы қолдау үшін Денсаулық сақтау министрлігі жаңа салық жеңілдіктерін бастады. Бұл туралы Үкімет отырысында министр Ақмарал Әлназарова айтты. 

– Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және МӘМС жүйесі шеңберінде сатып алынатын дәрілік заттарды өндіру кезінде пайдаланылатын импортталатын субстанция мен шикізатты ҚҚС-тан босату жөніндегі Үкімет қаулысының жобасы әзірленді, – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

Бүгінде елімізде 200-ден астам тауар өндіруші тіркелген. 10 айдың қорытындысы бойынша олардың өнімділігі 11,7%-ға өсіп, 156,6 млрд теңгеге жетті. Дәрі-дәрмектің 460 атауын локализациялауды көздейтін тағы 9 инвестициялық жоба қаралу сатысында тұр. Премьер- министр Олжас Бектенов фармацевтикалық нарықтағы тәртіпті күшейтіп, дәрілердің әділ бағамен сатып алынуын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген жаңа цифрлық жүйе қомақты қаржыны үнемдеуге мүмкіндік бергенін айтты. Үкімет басшысы отандық фармацевтика саласына инвестиция тарту үшін жаңа келісімдер жасалып жатқанын, сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісіне қатысты 9 инвестициялық жоба қолға алынғанын атап өтті. Денсаулық сақтау министрлігі үш ай ішінде барлық ұйымдастыру шараларын аяқтап, инвесторлармен келісімдерге қол қоюды қамтамасыз етуі тиіс.

АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтің төрағалығымен өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелер жан-жақты талқыланып, жауапты басшыларға тапсырма берілді. Алдымен атқарылған жұмыстар бойынша жауапты басқарма басшылары баяндама жасады.

– Өңдеу өнеркәсібінің көлемін барынша арттырып, жыл қорытындысымен оң динамикаға жету үшін нақты әрі жедел шаралар қабылдауды тапсырамын. Өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың өндірістік жоспарын нақтылау керек. Теміржол вокзалдарының сыртқы келбеті ғана емес, жолаушыларға қызмет көрсету деңгейі де жоғары болуы тиіс. «Қазақстан Темір Жолы» компаниясының облыстық филиалы, көрсетілетін қызмет сапасын қадағалаңыздар. Вокзалдар аумағының абаттандырылуын, көгалдандырылуын, санитарлық тазалығын тұрақты бақылау қажет. Қала, аудан әкімдері, тек теміржол вокзалдарының аумағы ғана емес, автовокзалдардың, жолдар мен көпірлердің, жол бойындағы май құю бекеттері мен сервистік кешендердің күтіп ұсталуы назарда болуы керек, – деді Данияр Еренғалиұлы.

Биылғы 10 айда аймақта 328 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібінде 10,7% өсім тіркеліпті. Экономиканы әртараптандыру аясында жоспарланған 20 жобаның 13-і іске қосылды, қалған 7-уі жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін білдік. Соңғы бес жылда өңдеу өнеркәсібінің жалпы өнеркәсіптегі үлесі 12,9% өсіп, өнім көлемі 2,6 есе артқан. Өңір кәсіпорындары цифрлық және автоматтандырылған технологияларды кеңінен қолдануды бастап кеткен.

ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА СҰРЫПТАУ

Өңдеу өнеркәсібінің бір тармағы – қалдықтарды қайта өңдеу ісі. Бұл сала біздің елде кемшін қалып келеді. Алпауыт елдер, оның ішінде, экономикасы халық санына шаққанда төмен тұрған Үндістанның өзінде қалдықты өңдеу керемет жолға қойылған. Оларда шағын кәсіп иелері де өңдеу саласына берілген. Қазақстанда 2029 жылға дейін қатты қалдықтарды қайта өңдеу және басқаруды 40%-ға жеткізу мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігі 345 млрд теңгені құрайтын 67 жобаны жүзеге асыруға әзірлеп жатыр.

– Бүгінгі таңда 52 млрд теңгеге 14 жоба қаржыландырылды. Жалпы 67 жобаның 41-і тек қана өңдеу саласына арналған. Олар негізінен қағаз, пластик, әйнек және тағы басқалар. Қалдықтардың ішінде ең көп шығатыны осы үшеуінің қалдықтары. Сол себептен жылдың аяғына дейін біз жаңағы айтқан 67 жобаны толығымен бастап кетуді жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде бүгінгі 25,8% ғана өңдейтін көрсеткішімізді 2029 жылға қарай 40%-ға жеткізетінімізге сенімдіміз, – деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Біздің өңірде шыны зауыты мен бірнеше өндіріс ошағы жұмыс жасап тұр. Қалдықтарды сұрыптау бойынша Жаңақорғанда қазір үш бірдей жеке кәсіпкер бар. Олар қағаз, пластмаса, шыны ыдыстар мен өзге де жарамсыз қалдықтарды сұрыптап, көршілес өңірлерге өткізеді. Екеуі кент орталығында, біреуі Жаңарық ауылында. Демек, бізде сұрыптау ісі жолға қойылған, тек дайын шикізаттан өнім өндіру жобасы ғана қалды. Бұл бойынша нақты ұсынылған жоба жоқ, тек өтінімдер ғана бар екен. Енді аудандағы өңдеу саласына қысқаша тоқталайық. Қазір ауданда төрт бірдей ірі өндіріс ошағы бар. Бұл мемлекет бақылауындағы мекемелер, ал, жекелей кәсіп иелері бүгінде жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, әк зауыттары, аймақ құрылысын жартылай өніммен қамтып отыр. Одан бөлек, екі бірдей асфальт зауыты мен бетон зауыты бар. Шағын кәсіпкерліктің арқасында жергілікті өнімдердің көлемі кеңейіп келеді.

Түйіндей айтқанда, өнім өндіру саласы бұл бүгінгінің ғана емес, болашақтың басты мәселесі. Бұл, ішкі нарықты және жұмыссыздықты реттесе, екіншіден, экологиялық ахуалды а тұрақты ететін құбылыс. Қалғаны уақыттың еншісіндегі шаруа.

Әли ТЕМІРБЕК

Фото: freepik.com

Тағы да оқыңыз: