Kyzylorda-news.kz  Сырдария ауданы әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Өнер құдыреті – мәңгілік» атты мерекелік іс- шара өтті. Мерекелік іс-шараға мәдениет саласының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.

Мерекелік шара алдында ауданның мәдениет саласындағы жетістіктерін насихаттайтын арнайы көрме көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге мәдени-көпшілік шаралар мен концерттік бағдарламалардан фотосуреттер, өнер ұжымдарының шығармашылық жұмыстары және сала мамандарының әр жылдары алған марапаттары қойылып, қонақтар мәдениет қызметкерлерінің еңбектерімен кеңінен танысты.

«Өнер құдыреті – мәңгілік» атты мерекелік іс–шара өтті.jpg

Іс-шара барысында аудан басшысы мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, сала мамандарының ел руханиятын дамытудағы елеулі еңбегіне тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз» деп мәдениет пен өнердің қоғамдағы орнына ерекше баға берген болатын. Шын мәнінде, мәдениет – ұлттың жаны, ал өнер – халықтың асыл қазынасы. Бүгінде Сыр өңірінде мәдениет пен руханиятты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Барлық аудандарда «Руханият» орталықтары бой көтеріп, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды орталықтарға айналуда. «Анаға тағзым» орталығы, «Отбасы орталығы», 1000 орындық «Өнер» орталығы, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Достық үйі» ел игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар, симфониялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би және хор ұжымдары құрылып, Жыраулар үйі ашылды. Өнер және мәдениет өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығының табысталуы да шығармашылық иелеріне көрсетілген зор қолдаудың айқын көрінісі. Президент тапсырмасына сәйкес өңірімізде жаңа драма театры мен Президенттік кітапхананың құрылысы жүргізілуде. Бұл – ел руханиятын дамытуға, мәдениет пен өнердің көкжиегін кеңейтуге бағытталған маңызды бастамалар. Ұлт руханияты жолында аянбай еңбек етіп жүрген мәдениет қызметкерлеріне аудан жұртшылығы атынан шынайы алғысымды білдіремін. Шығармашылық табыс, шалқар шабыт және толағай жетістіктер тілеймін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік шара барысында мәдениет саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар сала қызметкерлері облыс және аудан әкімінің Алғыс хатымен, облыс әкімінің орынбасарының және «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сонымен қатар, мәдениет саласында ұзақ жылдар абыройлы еңбек етіп, руханиятты дамыту жолындағы жемісті қызметтері үшін бірқатар азаматтарға «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісі және аудан әкімінің «Мәдениет жанашыры» төсбелгісі табысталды.

Мұнан соң, аудан өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Фото: Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі 

Тағы да оқыңыз: