Kyzylorda-news.kz. 1997 жылдың 28 маусымында «Баспасөз және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң қабылданған болатын. Міне, содан бері бұл күн журналистердің кәсіби мерекесіне айналды.
Ең басты мақсат – журналистердің мүддесін қорғау, олардың шығармашылықпен еңбек етуіне ықпал жасау, ынталандыру екені айдан анық. Бүгінде баспасөз жарнаманың да, жылнаманың да, уақыттың да, жақсылықтың да жаршысы. Билік пен халық арасын жалғап тұрған алтын көпір екені де жасырын емес. Оның үстіне қоғамдық ойды қозғаушы күш болып табылады. Тек бұл ғана емес, газет – сол өңірдің қағазға хатталған шежіресі, тарихы.
«Өскен өңір» газеті әрдайым өңірдің тыныс-тіршілігін елге жеткізуден танған емес. Тоғыз жолдың торабы саналатын, қасиет дарып, құт қонған киелі Шиелінің төл басылымы баспасөзге тиесілі міндеттің үдесінен шығып отыр десек артық айтқандық емес. Сексен жылдан астам тарихы бар басылымның бет-бейнесі де, мазмұны да өзгерді. Бүгінде оқырман қауым ақжолтай жаңалықтың жаршысы саналатын басылымнан өзіне керектінің бәрін таба алады. «Өскен өңір» газеті жылдар бойы ауданның тыныс-тіршілігін, экономикалық тұрғыдан жеткен жетістігін, әлеуметтің әлеуетін, Мемлекет басшысының сарабдал саясатын, тарихын жалпы жұртқа жариялап келеді. Әсіресе, соңғы кездері газеттің тынысы әрмен қарай ашыла түсті. Келбеті де өзгерді, мазмұны да байыды. Журналистердің қалам сілтер тақырыптарының да аясы кеңейе түсті. Оның бәрін өздеріңіз көріп, оқып отырсыздар. Иә, әр сан сайын әралуан тақырып сан түрлі айдармен оқырман назарына ұсынылып келеді. Бір сөзбен айтқанда, оқырманның көңілінен шығу жолында әріптестеріміз аянып жатқан жоқ. Әрине, газет бетінде жарық көретін әрбір сапалы мақаланың артында білікті басшылардың қойған талабы мен жұмыс жасауға ыңғайлы жағдайдың бар екені анық.
«Өскен өңірден» өрбіген өмірлер
Баспасөздің рөлін айтқанда оның қаламгерлері жайлы әңгіме өрбітпесе болмас. Әрбір кезеңнің өз майталмандары, ерлері болады. Біз қашанда солардың ішінен газеттің алғашқы шығарушысы, редакторы Мәді Молдыстамовты еске аламыз. Үй салғанда алғашқы кірпіш қалай рөл атқарса, газет үшін алғашқы редактордың да дәл сондай маңызы бар. Бұрнағы жылдары аудан жұртшылығы арасында газет туралы жалпы түсінік қалыптасқанымен, ауданның ата басылымы, өз үні, өз газеті болмаған еді. 1939 жылдың 19 наурызында ең алғаш рет «Стахановшы» атымен 1000 дана тиражбен газеттің бірінші нөмірі жарық көріп, Жаңақорған ауданының -баспаханасынан латын қарпімен басылып, Шиелі халқына таратылды. Әрине, оқырман алғашқы өз газетін қуана, қызыға қабылдады. Міне, содан бері түрлі-түрлі өзгеріске ұшырап, аты да үш рет ауысып, бүгінгі күнге де жетті. Тарихтың талай бетін қаузап, айшылық алыс жерден хабар алып, таратып жүргенде 84 жылға жуық уақыт болыпты. Осы жылдар арасында аталған газетте талай тарланбоздар, майталмандар еселі еңбек етіп келді. Ақпарат көздеріне сүйенсек, бастапқы жылдары газетте журналист мамандар болмаған. Негізгі мамандарды тілші атайтын. Олардың өзі негізінен оқыған, сауаты бар мұғалімдер, қызметкерлер еді. «Бәріміз біріміз үшін» дегенді ұранды алға тартып көзі ашық, көкірегі ояу интеллегенция өкілдері бірауыздан газет арқылы елдегі сауатсыздықты жою саясатымен күресті. Қоғамда әртүрлі жағдай орын алып, осыған байланысты газет те өзгеріске ұшырап отырды. Оның бір дәлелі – 1959 жылы газет «Коммунизм жолы» деп өзгеріп, кириллицамен басылып шығуы. Диірменнің тасындай зымыраған уақыттың тасасында кім қалмады дерсің? Өз кезегінде газет ұжымы жаңарып, қаламы ұшқыр қаламгерлермен толығып отырды. Газеттің көркейіп, ажарлануына Сейітқасым Сейтенов, Тілеген Шопашев, Қалмахан Әбдіқадыров, Оразбек Сәрсенбаев, Арман Нұрқабаев, Әбділдә Тәжібаев, Ағайдар Ысымов, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Серік Байхонов, Қуандық Түменбаев, Серік Пірназаров, Мәрия Жұматова, Қатира Жәленова, Қаршыға Есімсейітова, Нәзира Жәрімбетова көп еңбек сіңірді. Ал осындай ұжымды басқарғандардың тізімінде Орман Нұрқабаев, Баймахан Уызбаев, Рахмет Нұрекеев, О.Шілдебаев, Ж.Шөкенов, М.Шәменов, Т.Ахметов, Ә.Сатыбалдиев, Қ.Әбенов, М.Арысбаев, З.Жайлыбаев, А.Айып, Ө.Исмаил, Д.Аяшұлының есімін ерекше атап өте аламыз. Бүгінгі таңда ағалар аманатын Нұрболат Пірімбет жалғастырып келеді. 2013 жылдан Арал мен Жаңақорған аралығын ақпаратпен қамтамасыз етіп отырған «Сыр Медиа» ЖШС жаңа бағытта жұмыс істеп, заманға сай бейімделіп жұмысын атқарып келеді.
Газет шығару, қоғамдағы өзекті мәселені астарлап жеткізу, ой салу оңай шаруа емес. «Халыққа қызмет – абыройлы міндет» деп білген қызметкерлер кез келген мәселені қалам ұшына салып, қаузап отырды. Өз өмірінде газет талай қиындықты бастан кешірді де, көптеген жетістікке жете де білді. Редакторлар қатарында болған Зәкім Жайлыбаев сол жылдары газет бетінде күнделікті ағымдағы материалмен қатар, өткір, жаманды шымшып, жақсыны сүйемелдейтін мақала санын көбейтті. Білікті басшының ізін басқан Алтай Айып та газет бетіне өз қолтаңбасын қалдырды. «Алдыңғы буын – ағалар, кейінгі буын – інілер» демекші, өміршең «Өскен өңірмен» бірге жасасқан редакторлардың соңынан еріп келе жатқан қазіргі бас редактор Нұрболат Пірімбет те баспасөз бетінде қоғам мәселесін әркез қозғап отырады. Әр саланы тақырыбына арқау еткен Н.Сәдуақасұлының мақалалары осы уақытқа дейін жауапсыз қалған емес.
Бес саусақ бір қолда тұрғанымен, әрқайсысы әртүрлі екені белгілі. Редакторлық қызметте болған жандардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі мен ұстанымы, өшпестей салып кеткен ізі бар. Олар – өз алдына бөлек-бөлек тарих.
Баспасөздің бүгінгі бейнесі
Заман ағымына қарай аудандық газет те жетіліп, форматы мен дизайны өзгерді. Қазір жаһандану заманы салғырттықты емес, алғырлық пен шапшаңдықты талап ететін кезең. Газет баспаханадан шыққан сәттен енесіне еміренген құлындай қалың оқырманға жетуге асық тұрады. Оқырмандар үшін бізде барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Бүгінде «Өскен өңірдің» өрісі кеңи түсіп, баспаның жанынан газеттің электронды нұсқасы, яғни сайты ашылып, жұмыс істеуде. Ол жерде тек ауданның жаңалықтары ғана емес, әлемдік, республикалық, облыстық деңгейдегі ақпаратқа да қанық бола аласыздар. Бұл әсіресе, елден жырақта, алыс облыс пен шетелде жүрген жерлестерге үлкен сый болды десек, артық айтқандық емес. Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі жүз жылдық. Өткен бірнеше жылдың ішінде білгір де білімді, тәжірибелі мамандар зейнетке шығып, редакцияда жас мамандар қатары артты. Атап айтар болсақ, газет бетін әрлеуден бастап, жауапты хатшы қызметін атқарған Ұлзада Идаятқызы, 30 жыл басылымның корректоры қызметін атқарған Айнагүл Өрікбайқызы, есепші қызметін атқарған Бибізада Бегімбетова, сан жылдар бойы мерзімді басылымның қазанында қайнаған Сәуле Алдажұманованың орны бөлек. Бейнетінің зейнетіне шығып, я болмаса басқа сала мен басқа қалада қызмет етіп жүргендер әлі күнге дейін «Өскен өңірім – өз үйім» деп, осы шаңырақтан шыққанын, тәрбие алғанын мақтана айтады. Мысалы, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Ағайдар Ысымұлының ауылдан жырақтағанына қанша жыл өтсе де, газет бетінен мақаласы үзілген емес. Өркен Исмаил – зейнет жасында болса да редакция ұжымының бір мүшесі. Мақаласын іздейтін оқырмандар да жеткілікті.
Нұрболат Пірімбет басқарған редакцияның қазіргі ұжымына тоқталып өтсек, ілкімді істердің атқарылып жатқанын байқаймыз. Ұжымдағы баспасөзге жаздыру және тарату бөлімінің бас маманы Күләш Мырзаева, жаздыру және тарату бөлімінің менеджері Эльвира Ахметова, «Өскен өңір» газетінің бас маманы Абылайхан Сақтағанов, фототілші Бақытжан Бәйімбет редакцияның суығына тоңып, ыстығына күйген жандар. Бұл кісілерсіз газеттің жұмысын елестету тіпті қиын. Ал редакцияның жүрегі болып табылатын шығармашылық ұжым жүз пайыз жасарғанын айтып өттік. Бас редактордың орынбасары Сұлушаш Мадиярова, дизайнер Ерұлан Даткенов, тілшілер Маржан Құрманғалиева, Сымбат Сұлтан, Дархан Байтілес жиырма мен отыз жастың арасындағы жайқалған кіл жастар. Сонымен қатар бала күтіміне байланысты декреттік демалыста болса да Гүлхан Яхияева мен Гүлнәр Дүйсебайлардың да қаламы қуатты. Осы күнге дейін мақалаларын үзген емес. Редакциядағы қайсыбір маманды алсаңыз да, үнемі ізденіс үстінде. Мамандықтарына һәм өз жұмыстарына деген ынта-ықыластары жоғары. Елдің, жердің, халықтың, жұрттың жоғын жоқтап, түгесілгенін түгендеуге атсалысып, кемшілік көрсе, қара немесе төре деп теріп жазбай тура жазып, тер төгіп еңбектеніп келеді. «Қаруым – қалам, өрісім – қағаз» деп жүрген журналистер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!